​Әр әйел КҮЙЕУІНЕН жасыруы тиіс 6 ҚҰПИЯ

0
3 646

Күйеуден бұл нәрселерді жасыру – күнә емес.


​Әр әйел КҮЙЕУІНЕН жасыруы тиіс 6 ҚҰПИЯ


Әрине, ерлі-зайыптылардың арасында адалдық, шынайылық алдыңғы орында болғаны дұрыс. Қарым-қатынастың өтірік сөзбен өрілмегені, толып жатқан жұмбақтар мен құпиялардан құралмағаны жақсы. Десе де, кей жағдайларды күйеуге жария етпей, жай ғана іште сақтасаңыз, қарым-қатынасты да сызат түсірмей сақтауға себі тиеді.


  1. Екеуара одақтарыңызға қатысты күмән

Несін жасырамыз, мұндай күмән отау құрмай тұрып та, отбасылы болғаннан кейін де ойға келіп жатады. «Шынымен менің теңім осы адам ба? Таңдаудан қатеселіп жатқан жоқпын ба?» немесе «Қалай мынадай адамға тигенмін? Оны өзіме қалай лайық көрдім» деген секілді ойлар әр ұрыс-реніштен кейін бас көтереді. Алайда, дәл сол сәтте тіліңізді тістей қалған абзал. Ашумен айтып қойсаңыз, салдары ауыр болуы мүмкін. Кейін де егер ажырап, екі жаққа кететін ойыңыз болмаса, бұл күмәнді жария етпей, жасырып қала салыңыз.


2. Жеке уақытыңызды қалай өткізетініңіз

Ерлі-зайыптыларға бәрі ортақ десек те, әрқайсының өзінің жеке уақыты болғаны абзал. Бұл уақытты кімге, неге арнағысы келсе де өз еркі. Әр адамның қиялындағы қалауы өзінше бөлек. Сондықтан, жеке уақытын неге арнады, немен айналысты, бұл оның өз шаруасы боп қалуы керек. Күйеуіңізден тықақтап сұрамаңыз, өзіңіз де тәптіштеп айта бермеңіз.

Сондай-ақ, жеке қаражат жайлы да тура осыны айтуға болады.


3. Өткен қарым-қатынастар

Қазіргі күйеуімен бас қоспас бұрын басқа да ер-азаматтармен жақын араласып көрген немесе тұрмыста болып, ажырасқан қыз-келіншектер де баршылық. Бұл – олардың айыбы емес, тағдыры, тәжірибесі. Тек оларды тілге тиек ете бермей, іште сақтағаны абзал. Бұрынғы ер-азаматын еске алу, оның бойындағы ұнатқан қасиеттерін тізбектеу, күйеуін онымен салыстыру, сол кездегі жағдайы мен қазіргі халын таразының екі басына қойып көру – мұның бәрі ешбір еркекке ұнамайтыны анық қой.

Егер ажырасқан жағдайда, еріңізге бұрын тұрмыста болғаныңыз, кейін жараспай, екі жаққа кеткендеріңізді білу жеткілікті. Ол кезде болған жақсылы-жаманды сәттер, бұрынғы күйеудің жақсылы-жаманды қасиеттері, мінезі, сізге деген қарым-қатынасы, ажырасуға себеп болған жайттар – оның бәрі құпия боп қалғаны дұрыс. Ал, тұрмыс құрмаған, тек жігіттермен танысып көрген болсаңыз, олар жайлы тіпті сөз қозғаудың қажеті жоқ.


4. Ақталмаған үміттер

Әрине, әр қыз баласы тұрмыс құрарда болашақ күйеуінен көп нәрсе күтеді. Бүған бір жағынан жігіттердің өздері де кінәлі. Алмай тұрып уәдені үйіп-төгіп, кейін оның бәрінің үдесінен шыға алмай жатады. Сондайда ойыңызды «Кезінде осылай айтып едің, кәне қолыңнан келгені? Мен сені бүйтетін шығар деп едім, өйте алмадың» деген сияқты сөздермен жеткізу – сіздің тарапыңыздан үлкен қате болар еді. Мұндай сөздермен жағдайды түзей алмайсыз. Тек күйеуіңіздің өзіне деген сенімін, сізге деген құрметін төмендетесіз.


5. Құрбыларыңыздың пікірі

Әйелдер құрбылармен барлық тақырыпты талқылауға әуес. Талқыға ең көп ілігетіндердің қатарында күйеулер көш бастайды. Дегенмен, бір топ қыз-келіншек жиылып алып, өзін сырттай сынап-мінегенін де, мақтап-мадақтағанын да, қолдап-қолпаштағанын да еріңіздің білмей-ақ қойғаны жөн.


6. Тексерулер мен сынақтар

Әйелдердің кезекті бір әлсіздігі – шектен тыс қызығушылығы. Олар үшін күйеуінің не істегені, кіммен сөйлескені, қай мәселені қалай шешкені, не ойлайтыны, тіпті не ішіп-жегені – бәрі қызық. Егер күйеуі осының бәрін өз еркімен баяндаудан бас тартса, түрлі сынақтар ұйымдастырып, тексерулер жүргізу арқылы білуге тырысады. Шындап кіріссе, расында да біраз нәрсенің беті ашылады. Ары қарай бұл ақпаратпен не істеу керек? Жерден жеті қоян тапқандай күйеуіңізге жүгіріп барып «сен өстіпсің ғой, мынау былай болыпты ғой» десеңіз, оны қайдан, қалай білгеніңіз туралы да айту қажет болады. Ол жағын жасырып қалғанмен, өзі де түсінеді. Сондықтан, сынақтар мен тексерулерді оқта-текте жүргізіп тұрсаңыз да, сізге ұнамайтын жайлардың беті ашылса да, білгеніңіз жайлы жақ апшай-ақ қойған дұрыс.

Күйеуден бірдеңені жасыру – күнә емес. Егер ол ақпараттың еріңізге еш қатысы жоқ болса, ол үшін маңызы болмаса, бұрын болған, дәл қазір өміріңізде орын алмайтын жағдай болса, бос сөзбен араңызға сызат түсірудің де қажеті жоқ.

Дайындаған: А.МЕЙІРХАНҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Тұрмыстық зорлық-зомбылық: танысыңызға қалай көмектесе аласыз?