«Суретшіге құл сияқты қарайды»: Көзін жұмып сурет салатын Ренат Елубаевпен сұхбат

0
2 783

«Суретші аш болмауы керек, суретші бай болуы керек!»


«Суретшіге құл сияқты қарайды»: Көзін жұмып сурет салатын Ренат Елубаевпен сұхбат

Ресейде жұмулы көзбен сурет салып, әлемді таңғалдырған суретші Ренат Елубаев есіңізде ме? Көршілес елдің атақты «Удивительные люди» бағдарламасында көпшілікті суретшінің көзбен көрмей-ақ қылқаламды қалай бағындыратыны қызықтырған еді. Кейіннен елімізде де бірнеше рет көзін жұмып сурет салып шеберлік сағатын өткізген Ренат Қилыбайұлының ерекше әрі қайталанбас қолтаңбасы бар. Жұмыстары жанға жайлы жұмсақ әрі құстың қауырсынындай жеңіл. Оның шығармаларынан ерекше бір жылылық сезіледі. Көптеген халықаралық байқаулардың лауреатымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


– Ренат Қилыбайұлы, 2018 жылы Ресейдің «Удивительные люди» бағдарламасына қатысып, жеңімпаз атандыңыз. Былтыр мүсін жасап қатысып, әлемнің назарын өзіңізге аударып, танымалдылығыңыз арта түсті. Кең ауқымда танылу үшін міндетті түрде шетел асып, танымал шоуға қатысу керек пе?

– Иә, сондай ұстаным бар ғой. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар. «Егер бір елдің суретшілері дұрыс болмаса, ол елдің мәдениеті төмен, жабайы халық» деп есептелінеді. Сондықтан, шетелдерге шығып жүрсек, «Қазақстанда да сурет өнері бар екен, мәдениеті жоғары екен» деп қарайтынын ескеруіміз керек.

Мен ресейлік атақты бағдарламаға қатысқанға дейін де көптеген халықаралық байқауларға қатысып, лауреат атанып, картиналарыммен мойындалып қойғанмын. Оған дейін Египетте, Белоруссияда жеке көрмемді, Омбыдағы қазақтарға екі рет көрмемді өткізіп келдім. Біз жаңа қалыптасып келе жатқан ел болғандықтан өз мәдениетімізді шетелдерге көбірек көрсете беруіміз керек. Өйткені, тыныш қана отыра берсек, ешкім бізді мойындамайды. Өзіміздің жеке мемлекет екенімізді, өнеріміздің, мәдениетіміздің бар екенін әйгілеп жүрсек деймін. Қазақтар бір-бірімізді қолдап жүруіміз керек. Өз елімізде де шетелге шықпай-ақ таланттарды қолдайтын уақыт келер. Өзімді жаспын деп айта алмаймын. Жаңа тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келгендер жаңаша ойлайды деп үміттенемін. Бізден кейін өсіп келе жатқан жастарда үмітім бар. Мен шетелге барып келгеннің өзінде әлі де іштарлық танытатындар баршылық. Мәселен, жоғары жаққа жағымпазданып, «Біз ғана мықты суретшіміз» дейтіндер де табылып жүр. Кеңес одағының қалдықтары көп қой әлі. Олар кеткен соң бәрі дұрысталады деп ойлаймын.



– Сіз көзді жұмып сурет салудың шеберісіз. Бұл әдісті қалай меңгердіңіз? Әлемде сіз сияқты суретшілер бар ма екен, зерттеп көргенсіз бе?

– Ерекше тылсым, жай адамға аңыз болып көрінетін нәрсе, бұл негізі қазақтың жанында бар еді. Оны біз ұмытып қалдық. Мысалы, Кейкі батыр болған, ол қарамай тұрып нысанаға дәл тигізіп отырған. Оны қазір ойлайды аңыз деп. Ал бірақ ол аңыз емес.

Көзді жұмып салудың бір ерекшелігі – ми қыртысыңның барлығы жұмыс істеп, көз алдыңа анық картинаның сұлбасын келтіре аласың. Тек кішкентай балалар ғана салатынын білемін. Себебі олардың сезімдері таза болады. Әлемге әйгілі футболшы Роналдиньо көзін жұмып тұрып доп тебе алады. Бірақ алаңда көзін жұмып ойнамайды. Көзі жұмулы болса да, қақпаға допты дәлдей алатын қабілеті бар. Суретшілерде де сондай қабілет болады. Еңбек еткен сайын адам шарықтау шегіне жетеді.

Екінші жағынан, көзді жұмып салу деген шеберлік сағатының бір түрі ғой. Жасырақ кезде энергия деген ұрып, қуатым тасып тұрған шақ. Ойлана келе көзді жұмып сурет салуды бастадым. Халық онша таңырқай қоймады. Сосын көршілес Ресейде көрсеткенде жақсы баға алдым. Сөйтіп жүргенде қырықтың қырқасынан да асып қалыппыз. Энергия деген кете бастайды екен. 2020 жылы пандемия басталып кетті. Одан соң жоспарлар өзгерді. Ақырындап ұмытылып жатыр. Әйтпесе, сол уақыттарда Украина, Польша, Белоруссиядан, тіпті, Америкадан да хабарласты. Тағы бір-екі рет көрсету керек еді. Түрлі себептерге байланысты өшіп қалды. Сол кезде қызық болды, қазір қызық емес шығар. Бүгінде күш-қуатымды картиналарыма жұмсап жатырмын. Шетелдердегі көрмелерге қатыссам ба деген арманым бар.

Көзді жұмып салатын менен кейін бір негр пайда болды. Ол да менен көріп істепті дегенді естідік. Бәрі де қалды ғой. Ал бейнелеу өнерінде суретшінің соңынан із қалдыратын негізінен картиналары ғой. Шетелдің көптеген кәсіпқой мамандары картиналарыма таңғалып хабарласып тұрады. Менің әлем назарына ілігуіме сол шеберлік сағатының әсері көп болды.


– Талайларды таңғалдырған, тамсандырған суретті көзді жұмып салатын талантыңызға шәк келтірушілер де болған шығар, иә?..

– Суретшінің атын шығаратын картиналары ғой. Мен ресейлік шоуға бармай тұрып та картиналарыммен мойындалған суретшімін. Дегенмен, әлем жұртшылығы тамашалайтын атақты бағдарламадан кейін елдегі әріптестерімнің кейбірі «Ей, анау кім өзі?» деп менің кемшіліктерімді іздей бастайды. «Қане, картиналарыңды көрейікші!» деді. Еңбектерімді көргеннен кейін ауыздарына құм құйылды. «Көзін жұмып салғаны болмаса картиналары нашар» деп айтқысы келген ғой. Бірақ, олай айта алмады. «Үлкен жұмыстары жоқ» деген тек бір ғана сын тақты. Мен енді монументалист емеспін, станковый живописецпін. Ең үлкені 120*100 өлшемдегі суреттерім болды. Бірақ, соларға ерегісіп «Білге қаған» және «Кейкі батыр» деген екі жұмыс салдым. Сосын 2-3 метрлік картиналарды жазып қойдым. Қазір тағы екі картина жазып жатырмын. Ақырында ешкім үндей алмай қалды. Іштей тұз жалап отырған шығар.


– Бейнелеу өнерінде түрлі жанр бар. Сіздің картиналарыңыз қайсы жанрға жақын?

– Менің картиналарым негізінен импрессионизм, сосын кескіндеме, пейзаж жанрында салынады. Импрессионизм «еркіндік», «бір сәттік» деген мағынаны білдіреді. «Реализмнен алшақ» жанр бойынша Беларусьте өткен «Куршинале-2015» халықаралық өнер олимпиадасында «Сурет өнері» аталымында бас жүлдені жеңдім. Одан кейін АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен «New York Realism» fine art» атты бейнелеу өнері шеберлерінің халықаралық байқауында «Алтын қыран» медалін иелендім.


– Көптеген халықаралық байқаулардың лауреатысыз. Халықаралық Микеланджелоның Моисей мүсіншесін де иеленген тұңғыш қазақ сіз болдыңыз. Әдетте мұндай үлкен сыйлықтар әртістерге, әншілерге беріледі деп естіп жатамыз... Қалай қол жеткіздіңіз?

– Иә, көптеген байқауларға қатыстық. Сол сәттерде жүректі отансүйгіштік сезім кернеп, бір жағынан өзімізді көрсеткіміз келді. Өткен жылға дейін додаларға қатыстым. Биыл Дубайға ғана барып, шеберлік сағатын көрсетіп келдім. Таяуда Латвиядан, Армениядан келіп, туындыларымды тамашалап кетті. «Қазақтың талантты суретшілері бар екен!» деп бастарын шайқап кетті. Кеңестік идеологияның әсерінен бізді жабайы ұлт қылып көрсеткені ақиқат. Сондайда мен «Иә, біз мықты халықпыз» деп мақтанып қаламын.


– «Суретші аш болмауы керек, суретші бай болуы керек!» Бір сұхбатыңызда осылай деген екенсіз. Біздің елімізде суретші боп бай болу мүмкін бе?

– Суретшілерге қиын негізі. Мысалы, балет пен операны мемлекет қолдайды. Мені ешкім қолдап жатқан жоқ. Картиналарымды ілуде біреу ғана сатып алады. Ал кенеп пен бояу сатып алуға ақша керек. Өкінішке қарай, сурет өнерін нағыз қазақтардан гөрі орыстілді қазақтар мен орыстар қаттырақ қолдайды. Нағыз қазақтар көбіне ақындыққа қатты көңіл бөледі. Елімізде сурет өнері кенжелеп қалған. Өзіме келсек, бай емеспін. Алла қолдап, әупірімдеп келе жатырмын. Бай болсам көптеген дүние тудырар едім деп өкініп қаламын. Кейде бірнеше ай бойы майлы бояу болмай отырып қаласың. Содан да болар, «Бейнелеу өнерін» бітіріп жатқандардың бәрі басқа саланы таңдап жатыр.


– Бейнелеу өнерінен біршама алыстап, басқа салаларды шиырлаған кездеріңіз де болыпты, иә?

– Иә, материалдық жетіспеушіліктерден соң суретті тастап, әкімдікке жұмысқа кірдім. Тек суретші болсам күн көре алмаушы едім. Арасында кино түсірдім, әндерге сөз жаздым. Концерттер ұйымдастырып, режиссердің көмекшісі болып жүрдім. Газеттерге мақала жазған кезім болды. Баспасөзге сөйлейтін суреттер салдым. Суреттен бәрі бірдей жақсы ақша таба алмайды. Бірақ, 1 жасынан бастап сурет салып, 2 жасында адамның сұлбасын салған балаға не дейсіз?! Бүкіл жан дүнием суретші болғандықтан, амал жоқ, суретке қайта келдім. Жас та ұлғайып барады. Елімізде суретшілерге деген көзқарас төмен. Тек ауладағы есік алдында отырған орыстың кемпірлері ғана «ОО, какой молодец!» деп арқаңнан қағады. Ал біздікілер құл сияқты қарайды. Сөйтіп, қолымды бір сілтедім де, әкімдікке жұмысқа кіріп кеттім. Бір қызығы, суретші болып жүргенде ешкім сыйламады, ал әкімдікте бәрі сыйлады. Әндерге сөз жазатын ақын ретінде, кинорежиссер ретінде құрметтеді. Ел боламыз десек, мәдениетті көтереміз десек, суретшілерді қолдап, көтеру керек. Халықаралық байқауларға қатысуыма сол да себепші болған шығар. Халықаралық байқаулардың лаулеаты деген атағымды естігенде елдер бұрылып қарай бастады.

– Әлемдік деңгейде жақұт саналатын картиналар қандай сипатта болуы керек деп ойлайсыз?

– Әртүрлі ғой. Еуропа реалдық суреттен мүлдем алшақтап кетті. Абстракцияға, космосқа ұшып кетті. Сорбис, Кристис, Гагасян деген галереялардағы картиналар қарапайым шимай-шатпақ сияқты көрінеді. Бірақ, ол ешқандай да шимай емес. Менің де арасында сондай жұмыстарым бар. Бірақ, біздің қоғамға жат болып көрінеді. Әлемдік трендтен қалмауға тырысамыз. Бейнелеу өнерінің заңдылықтарынан ауытқып кетпесе болды ғой. Қандай сурет салса да адамның өз еркі. Бірақ, біз бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Біз кімбіз? Қазақпыз! Біздің өзіміздің дініміз, діліміз, өзіндік дәстүріміз бен болмысымыз бар. Мысалы мен Еуропаға еліктеп, махаббат саябағында жартылай жалаңаш қазақ қызының суретін қоюға мүлдем қарсымын. Себебі, біздің менталитке келмейді.

Аталған олқылықтардың орнын толтыру орнына соны мақұлдап жатыр. Суретті тексеретін арнайы комиссиялардың өзі шала қазақтар. Яғни қазақ ұлтына, мәдениетіне дініне қарсы адамдар. Қазақ боп туған біз ортаны ұстануымыз қажет.

Еуропада өнерде дамығанымен, оларда анайы дүниелерді көрсету арқылы шектен шығып отыр. Олардың ойынша, біреудің ұятсыз жерін салу – өнер. Бізге анайы суреттің қажеті жоқ, критерий жасауымыз керек. Қазақи шеңберден шықпағанымыз абзал.


– Естуімізше, өзіңіздің жеке сурет шеберханаңыз бар екен. Сізден қылқалам ұстап үйренгісі келетіндердің қатары көп пе?

– Анда-мұнда қаңғырып жүрміз ғой. Суретшілер одағының шеберханасында 1 жылдай отырдым. Өзімнің тұрақты жеке шеберханам жоқ. Алдағы уақытта қолдаушылар табылса жақсы болар еді. Сонда шәкірт тәрбиелеп, жақсы дүниелерді тудырар едік. Әзірге жеке өзім сурет салатын шағын ғана жер бар. Соған да шүкір деп жүрмін.


– Туындыларыңыздың ішінде ең қымбаты қанша тұрады?

– Бағасы әртүрлі. 100 мыңнан 1 миллионға дейін кете береді.


– Арнайы уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет, Ренат аға! Суретшілерге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, сіздердің жағдайларыңыз жақсара берсін деп тілеймін.


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ