"Саясатқа барған өнер иелерін қолдамаймын!": "Алдараспан" театрының актерімен сыр-сұқбат

0
1 543

Менің бүгінгі кейіпкерім – көпшілікке сатира театрындағы рөлдері арқылы танылған, десе де театрдағы образдары оның болмыс, бітімін толықтыратын актер Шәкен Амантұров.


Орыс жазушысының «Қалжың – құлаған адамды күлкі қылу, ал сатира – оны құлатқан адамды күлкі етеді» деген сөзі бар екен. Әдеттегі қалжың бір бөлек те, сатираның жолы мен салмағы ауыр екені анық. Сол жолда еңбек етіп, сатира театрының әртісі ретінде өз образыңды, өз орныңды қалыптастыру да еселенетін еңбек.

Менің бүгінгі кейіпкерім – көпшілікке сатира театрындағы рөлдері арқылы танылған, десе де театрдағы образдары оның болмыс, бітімін толықтыратын актер Шәкен Амантұров. Шәкен ағамен жүздесудің реті келмей жүр еді, Түркістан қаласындағы «Вайн емес, кино» фильмінің көрсетілімінен кейін кездесіп қалдық.

Қарашаш Есенбай: Шәкен аға, қалыңыз қалай? Әңгімені бірден кинодан бастағым келіп тұр. Мысалы, осы бір айдың ішінде өзім 5-6 киноға барыппын, бәрі отандық фильмдер, комедия. Бүгін де міне өзіңіздің әріптесіңіздің киносынан шықтық. Өзіңіздің қатарластарыңыз, жастар кино түсіріп жатқанда кәсіби актер ретінде сізге де шабыт беретін шығар?! Желіде белсенді болып, вайн, не кино түсіру туралы ой жоқ па?

Шәкен Амантуров: Жағдайым жақсы (күліп). Былай ғой, карантиннің алдында менің әлеуметтік желіде 100 мыңдай оқырманы бар парақшам болды, сонда белсенді болдым. Жалпы мен аса публичный адам емеспін! Отбасымды, қай жүріп, не істегенімді желіге сала бермеймін. Тек кейде «Шәкеннің ойы», «Шәкеннің миы көбейген» деген сияқты хэштегтермен өз ой орамдарымды жазып тұратынмын. Әлеуметтік желіге күнделік сияқты қарайтынмын.

Бірақ кейін ол парақшамды бұзып алды, қайтара алмадым. Ақша сұраған еді, сенбегендіктен бермедім. Тіпті ол адам менің парақшамды бұзған соң Алтынай Жорабаеваға, Алдараспандағы Ақерке қарындасыма ақша сұрап жазыпты.

Солай жаңа парақша ашып, қазір арасында ғана уақыт бөліп жүрмін.

Киноға келетін болсақ, мен өкіметтің жұмысына берілген адаммын ғой (күліп).

Қарашаш Есенбай: Иә, білемін 3-4 жұмыста істейсіз, бәрі мемлекеттік мекеме екен?

Шәкен Амантұров: Иә, мен 19 жасымнан бастап Түркістандағы Райымбек Сейтметов атындағы театрда жұмыс істеймін. Қазір оған қоса Мәдениет үйінде режиссермін және шәкірт тәрбиелеп жүрмін.

Киноларға ұсыныс болады, кейде келісіп тұрсам да уақыттың тапшылығынан бас тартуыма тура келетін жағдайлар көп болады. Мысалы, 100 серияға түсуіме ұзақ мерзім керек, ал мұндағы жұмыстардың жауапкершілігін тастай алмаймын. Осы себептен киноға сирек түсіп жүрмін.

Қуанатыным - қазір сапасы болса да, болмаса да отандық кинолардың санының көбейгені. Демек қазақ киносы дамып жатыр. «Көш жүре түзеледі» дегендей саны артса, сапасы да түзеледі. Оның үстіне қазір кино түсіру сәнге айналды.

Қарашаш Есенбай: Сізде кәсіби актерсіз, режиссер болып жұмыс істеп жүрсіз. Кино түсіру ойда жоқ па?

Шәкен Амантұров: Ондай мақсат жоқ. Себебі мен режиссер емеспін, актермін. Мен шығармашылық адамы болғасын, бар күшімді соған бергім келеді. Ал режиссер бәріне жауап беруі керек. Өзім режиссер ретінде театрда ертегі қойған едім, қойылым кезінде сахнадан өзімді де көргім келетінін түсіндім.

Қарашаш Есенбай: Көпшілік сізді «Алдараспан» арқылы таныса да, өзіңіз 20 жылдай театрдақызмет етіп келесіз. Жергілікті театрлардың көрермені қалай, сол 20 жылда қандай даму байқайсыз?

Шәкен Амантұров: Мен бала кезімнен театрмен ауырғанмын, ол кезде біз жақта театр мәдениеті жоқ еді. Кейін ұстазымыз Райымбек Сейтметов қаншама балаларды тәрбиеледі, театр ашты. Ол кісі мәдениетті, театрды Түркістанға алып келді. Есімде ағайымыз қойылым алдында алдымен аудиторияны дайындайтын, кішкентай балаларға ертегі көп қоятын еді. Ол кісі «Ертең осы балалар театрға келетін адамдар болады» дейтін еді, рас сол кездегі кішкентай балалар қазір біздің тұрақты көрерменімізге айналған. Кино дамып кетті десек те, театрдың да өз көрермені бар.

Қарашаш Есенбай: Байқасам, Райымбек Сейтметовтің шәкірттерінің қай-қайсы да театрдың өсуіне ол кісінің жасаған еңбегін мақтанышпен айтады.Ал оның шәкірттері театрды дамыту үшін қандай істер атқаруда, оның жолын кім қалай жалғастырып жатыр?

Шәкен Амантұров: Ағайдың салып кеткен сара жолымен қаншама шәкірттері еліміздің әр аймағында еңбек етіп жатыр. Ағайдың ұлы Азат Сейтметовтың өзі «Әкем менен гөрі, шәкірттері сендерді қатты жақсы көретін еді» дейді. Ол кісі өмірден өткенде біз жетім бала сияқты қалдық. Қазір шәкірттерінің барлығы да ағай салған жолда қызмет етіп келеміз. Барымызды салып жатырмыз деп ойлаймын.



Қарашаш Есенбай: Былтыр Түркістанда жаңа театр ашылатын кезде сол кісінің шәкірттері сол кісінің атына берілсе деп айтты. Сол қатарда сіз де барсыз ба?

Шәкен Амантұров: Иә. Осы мәселені осы сұқбатта ашып айтайыншы, көп адам түсінбей жүр. Біз босқа бас көтерген жоқпыз, өйткені әуелде бізге «Бұл театр сендерге беріледі» деп айтқан болатын. Ағайымыз тірі болғанда театр салдыратын еді. Облыс болған кезде бізге де театр бұйырды ғой деп ойлап едік. Бір ай қалған кезде жаңадан театр ашылып, өз құрамымен келді. Біз ештеңе сұрамадық, текбізге беріледі деп айтып, неге бермей қалғанын білгіміз келді. Президентке де хат жаздық. Облыс әкімімен кездесуге кіргенімде «Контрактный театр болады, жаңаша форматта құрылған театр» деп айтты. Сосын біздің театрға жөндеу жұмыстарын жасап берді. Десе де қаншама жөндеу жұмысы жасалса да, ол театрдың ғимараты өте ескі екені рас.

Сол әңгімеден кейін жаңа театр әртістерінің бізден қашқақтап жүргенін де байқадым, бірақ шақырып алып айтып, түсіндірдік.

Қарашаш Есенбай: «Жергілікті театрлар босқа отыр. Өйткені баратын көрермен жоқ, айлықтары да мардымсыз» деген пікір бар, сіздің көзқарасыңыз қандай?

Шәкен Амантұров: Иә, мысалы Түркістанда базар қайнап жатыр. Кино, театрға адамдар әлі қызықпай жүр. Адамдар ақша, тұрмыстың соңында кетіп қалды. Бірақ театр көрерменсіз деп айта алмаймын. Өзінің қалыптасқан көрермені бар.

Қарашаш Есенбай: Театр көрермендерінің мәдениеті туралы айтайықшы, шынын айтқанда біздің аймақта әлі мәдениет қалыптаспаған сияқты көрінеді? Мысалы кейде қол шапалақтаудың өзі тым жиі сияқты..?

Шәкен Амантұров: Қазір әлде қайда деңгей өскен, қалыптасып келеді. Контрольерлер бар, ескертіп отырады. Қол шапалақтау бұл актерге шабыт береді. ТМД бойынша көрерменді сендіре алсаң, автоматты түрде шапалақтайды. Бұл керемет. Көрермен күлмесе, шапалақтамаса бұл қиын.

Қарашаш Есенбай: Енді әңгімені сатираға қарай бұрсақ, өткен жылы «Алдараспаннан кетіп жатырмын» деп сұхбат берген едіңіз. Көп ұзамай қайта келдіңіз бе?

Шәкен Амантұров: (Күліп) Сол кезде қатты ауырдым, ата-анам да қатты ауырды. Жұмысым көбейіп кетті. Сосын отбасымның қасында болғым келді. Нұржан ағаны қатты құрметтеймін, сыйлаймын, өмірде жақын бауырмыз. Одан кейін қайта ұсыныс түсті. Сол үшін қайта келдім.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз сахнадағы қай рөліңізді жақсы көресіз?

Шәкен Амантұров: Өз ойнаған нәрсемді қайта тамсанып, қарай алмаймын. Саралаумен ғана қарауым мүмкін. Бірақ көпшілік "қарттар үйіндегі Ападан" кейін мені жақсы көріп қалды, сол рөлге сенді деп ойлаймын. Өзімде сол рөлімді бірінші атар едім.

Қарашаш Есенбай: Режиссерлар байқамай жүрген қырыңыз бар ма?

Шәкен Амантұров: Халық мені сатирадан көрді ғой. Шүкір, барлық рөлді ойладым. Драмаға жақынмын. Өмірден теперіш көріп, соны ішпен көрсететін ауқымды рөл ойнағым келеді. Кемел жасқа келгенде Король Лирді ойнағым келеді. Оған әлі жаспын.

Қарашаш Есенбай: Қазіргі әзіл-сықақ театрының деңгейін қалай бағалайсыз?

Шәкен Амантұров: Қазір әлеуметтік желіде бәрі бар, көрермен де қазір саралап, бағамдай алады. Олардың да талғам қалыптасты. Деңгей арзандап кетті деп айтуға қорқамын, әр театрдың өз көрермені бар. Қоғамда не боп жатыр, соны көрсетуге тырысамыз.

Қарашаш Есенбай: Бір кездері «Алдараспанның» жұлдызды кезеңі болып, 3 сеансқа дейін концерт беретін кездер болып еді. Қазір сондай аудитория жинай аласыздар ма?

Шәкен Амантұров: Шүкір деймін, жақында батыстан келдік, зал лық толы болды, екі сеанс бердік. Үшіншісін сұрағанымен, физикалық тұрғыдан үлгермейміз. Көрерменін жоғалтпаған театрмыз!

Қарашаш Есенбай: Соңғы кезде әзіл-сықақ театрларымен бірігіп концерт беріп жүрсіздер. Бұл көрермен толтырудың бір тәсілі емес пе?

Шәкен Амантұров: Жоқ, бұл көрермен жиналмайды деп қорыққандықтан емес, тек басқосу үшін мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін өткіземіз.

Қарашаш Есенбай: Соңғы кезде әзіл-сықақ театрларының қойылымдары драма, жылау, дін боп кетпеді ме?

Шәкен Амантұров: Әр театрдың өз бағыты бар. Біз де дін туралы қойып жүрдік. Сосын дін өкілдерінен "Дінді лажы болса, қозғамасаңдар" деген ұсыныс түсті. Бірақ діни қойылым қойып жүрген театрлардыкі дұрыс емес деп те айта алмаймын.

Қарашаш Есенбай: Жаңа Қазақстанға сенесіз бе?

Шәкен Амантұров: Иа, сенемін. Патриот адаммын. Елімді, жерімді жақсы көріп, жаным ауыратын адаммын. Саясатқа араласқым келмейді, 50-60-қа жақындағанда баратын шығармын. Саясатқа барған өнер иелерін қолдамаймын.

Қарашаш Есенбай: Жаңа Қазақстанды дамыту үшін қандай мақсатыңыз бар?

Шәкен Амантұров: Қазір шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Оларға әртіс болуды емес, алдымен мәдениетін қалыптастыруға тырысамын. Оны өздеріне де, ата-аналарына да айтамын. Адам әртіс болудан бұрын, елдің алдында өзін қалай ұстауды, еркіндікті үйренуі керек. Жеке тұлға етіп өзінің пікірін қалыптастыруға, ішкі мәдениетін дамытуға еңбек етіп жатырмын. Осы арқылы Жаңа Қазақстанның бір бөлігін болса да қалыптастыруға тырысып жүрмін.

Қарашаш Есенбай: Еңбегіңіздің жемісін көріңіз, әңгімеңізге көп рақмет!