"Өзін таппаған адамға тек психолог көмек береді": Психолог маманмен сұқбат

0
1 902

​Адам бақытының өлшемі сыртқы әлеммен өлшенбек емес, оны тек ішкі күймен теңестіруге және «тербетіп» тұруға болады. Ал ішкі күйдің өлшемін нағыз маманмен ғана туырлай аласыз. Осы орайда психолог маманға деген сұраныс жоғары. Қазіргідей әлеуметтік желінің дәуірінде олардың озықтарын таба алу да оңай емес. Ал шын мықтының тәжірибесі мен біліктілігі көпті мойындатары хақ.


Менің бүгінгі кейіпкерім - Еуразия Ұлттық университетінің психология магистрі, Еуразиялық институттың практик-психолог маманы, гештальт психолог және МАК карта маманы Гүлнұр Бабаханқызы.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Гүлнұр ханым! Өзіңізбен сұқбаттасып отырғанымызға қуаныштымыз. Сіздің жазбаларыңыз арқылы жұмыстарыңызбен таныспыз. Десе де оқырманға өзіңізді жақынырақ таныстыра кетсеңіз?

Гүлнұр Бабаханқызы: Сіздерге де қайырлы күн! Мен әуелде социология мамандығын бітіргенмін. Сосын 21 жасымда тұрмыс құрдым, 5 балалы болып, оларды өсіріп жүргенде 15 жыл өте шығыпты. Үйдің күйбең жұмысы, ата-енемнің, күйеуім мен бала-шағаның қамын жасап жүрдім.

Десе де соңғы жылдары өзімді жоғалтып, стресстік жағдайға түсе бастағанымды сездім. Ішкі сырымды ашар құрбы, дос іздедім. Осылай психологияға деген қызығушылығым оянып, түрлі кітаптар оқып, марафондарға қатыса бастадым. Өзіммен жұмыстың алғашқы қадамы ретінде Еуразия университетінің психология мамандығының магистратурасына түстім, оны 2 жыл оқып, тәмамдадым. Өйткені кәсібилік қашан да керек деп есептеймін. Содан кейін жұмысымды тәжірибеде байқап көру үшін, өзім сияқты қыз-келіншектерге консультация бере бастадым. Кез келген сала үнемі даму үстінде, мен де білімімді тереңдету үшін, курстар оқып, психологтар ассоциясынан практик-психолог сертификатын алдым. Онымен қоса апта сайын супервиза кездесулерде боламын және МАК карталарымен жұмыс істеуді меңгергенмін. Осы алған білімдерімнің нәтижесінде жалпы отбасы психологы ретінде қызмет көрсетіп жүрмін.

Қарашаш Есенбай: Сіздің ойыңызша «кәсіби психолог» деген кім? Студент кезінде қалай түсіндіңіз, қазір қалай түсінесіз? Соңғы уақытта психолог көбейіп кетті ғой, бұл адам тағдырымен ойнау болып кеткен жоқ па?

Гүлнұр Бабаханқызы: Меніңше кәсіби психолог деген - ол әрдайым ізденіс үстінде жүретін, адамның жан дүниесімен сауатты жұмыс істей білетін маман. Студент шағымда адамның көпшілікпен жұмыс істеуі қиынға соғатынына көзім жетті. Мәселен магистратурада оқып жүргенімде марафон жүргізетін коучтердің сабақтарына қатысқан болатынмын. Марафонда түрлі техникаларды көрсеткенімен оны адамдардың ұғынуы әртүрлі келетініне көз жетті. Өзімнің ішкі жарамды ашып, артқа қарай кетіп бара жатқанымды сездім. Осылайша мен адамдарды жеке қабылдап, оны кітап тәрізді оқып шығу керектігіне көзім жетті. Сонда ғана оң нәтижеге жылдам жетесің.

Мен қазір апта сайын супервизада жүремін, яғни оншақты психологтардың жиыны. Көбінде шетелдік мамандармен өз кейстерімізді талқылаймыз. Одан бөлек міндетті түрде терапия аламын. Бұл менің үнемі қалыпта болуыма, дамып отыруыма септігін тигізеді.



Қарашаш Есенбай: Қазір көбі әлеуметтік желі арқылы онлайн сеанс жасайтын болды, осы туралы ойыңыз қандай? Жалпы жеке кездесудегі терапия мен экран арқылы жұмыс істеудің айырмашылығы қандай болады?

Гүлнұр Бабаханқызы: Ия, қазір көп мамандар онлайн жұмыс істеп жатыр. Бұл карантин кезінде тіпті көбейіп кетті. Мен үшін бастысы - жұмыстың сапасы, сондықтан Астана қаласындағы клинттерді офлайн сеанс өткізуге шақырамын. Кейде қаражаты жетіспеген кезде жол ақысынөзім төлеп, сеанс өткізген кездерім де бар. Жеке сеанс клиентке өзін еркін сезінуге, эмоциясын шығаруға, басқа дүниеге алаңдамауына ықпал етеді. Мойындау керек, онлайн отырған сәтте адам шын ашыла алмайды. Ойдың бөлінуі немесе байланыс нашарлауы секілді дүниелер процедураның бөлінуіне әкеледі.

Менің онлайн консультациядағы негізгі шартым – адам оңаша болуы, оны ешкім мазаламауы және байланыс жақсы болуы керек. Көбіне әйел адамдармен жұмыс істеймін, егер отбасылық мәселелер болса ерінде шақырамыз. Бұл проблеманы жан-жақты қарауға, талқылауға және тезірек шешуге септігін тигізеді. Менің консультацияма 17 жастан бастап егде жастағылар да келеді, ең жиі келетіндері орта жастағы, тұрмыс құрмаған әйелдер. Олардың басты проблемасы - бүкіл отбасының жағдайын, материалдық проблемасын өзіне алып алу. Өзінен гөрі жақындарын көбірек ойлап, өздерін жоғалтып алған әйелдер. Содан кейін күйеуімен, ата-енесімен және өзге де адамдармен қарым-қатынасында проблемасы бар әйелдер жиі келеді.


Қарашаш Есенбай: Адамдардың психологиясы мен мінез-құлқы туралы білім сізге күнделікті өмірде көмектесе ме? Мысалы, қалалық ортада дөрекілікке немесе отбасыдағы қиындыққа қатысты дөрекілікке немесе басқа да жағымсыз туындағанда қалай қабылдайсыз?

Гүлнұр Бабаханқызы: Негізі адамды қабылдау өзімізге байланысты. Мысалы, қандай дөрекі адам болса да, оның қарым-қатынас танытуы тікелей өзімізге тәуелді. Адам өзімен жұмыс істеуді тоқтатпауы керек.

Өз тәжірибемнен айтар болсам, отбасында мінезі «жаман» деген әйелдермен жұмыс істеу барысында жақсы жаққа өзгергенін байқаймыз. Бірнеше сеанстан кейін күйеуінің гүл сыйлап, бірге қыдыруға шығып жүргендерін айтады. Жұмыс барысында мені сынап, дөрекілік танытатын адамдарда болады. Дегенмен олар өздерінің қателігін түсініп, өзінің жақсы жағын көрсете бастайды. Өзгенің ішкі дүниесін ұғыну үшін алдымен өзімізбен айналысуымыз керек.

Қарашаш Есенбай: Соңғы кезде адамдар «Дұрыс өмір сүру керек» деген оймен алысып, шынайы өмірді ұмытып кетпеді ме?

Гүлнұр Бабаханқызы: Қазіргі таңда әлеуметтік желіні қолданушысы күн санап артып келеді. Ал ол адамдардың күнделікті өмірі мен тұрмысын көрсететін ортаға айналды. Барлығы өз өмірінің «жақсы» жақтарын ғана көрсетуге тырысады. Әсіресе әншілер мен блогерлер және танымал тұлғалар, бар дүниесін көрсетеді. Осының барлығына еліктеген халық, қолда бар дүниені бағаламай, терең депрессияға түсіп жатады. Бірақ сол желі арқылы түрлі пайдалы марафондарға, тренингтерге қатысып, өз-өзін тапқан нәзік жандылар да бар. Сондықтан екі жақты қараған дұрыс, бастысы – еліктеушіліктен арылып, өз өміріңді құруға күш салу керек қой.

Қарашаш Есенбай: Қазіргі кезең дағдарыс кезеңіне де айналып кеткен сияқты. Оған дәлел теріс жаңалықтарды да жиі еститін болып кетті. Осы тұста өзін жоғалтқан адамға қалай қолдау көрсетіп, нендей көмек жасау керек? Өзіңіз кәсіби маман ретінде құрбы, туыстың ақылын тыңдау немесе тыңдамау туралы ойыңызды айтсаңыз.

Гүлнұр Бабаханқызы: Өзін жоғалтқан адам дегеніміз - ол ішіндегі өзімен қарым-қатынас жасай алмаған, өз қалауын білмейтін, сезімдерімен жұмыс істей алмаған адам. Олар сыртқы факторларға тәуелді, өзгелердің қалауын жоғары қоятындар. Мысалы, біздің қалауымыз мейрамханаға бару, ал анамыз, не күйеуіміз үйде отыруғанымызды қалады. Біз екінші нұсқаға бағындық. Демек «ішкі сәбидің» үніне құлақ аспағанда күйзеліске бейім болады. Сондықтан ішкі дауысты тыңдап, ұғына білу маңызды.

Әрине құрбы, туыстарды тыңдай білу керек, олар сіздің ішкі жан дүниеңіздегі, қалауыңызды ашып береді. Десе де кәсіби психологтың терапиясынан өткені дұрыс.

Қарашаш Есенбай: Психологиялық терминнің бірі Гештальт дегеніміз не және ол бізді неліктен мазалайды?

Гүлнұр Бабаханқызы: Гештальт неміс тілінен аударғанда «бір тұтастық» деген мағына береді, яғни аяқталмаған істі соңына дейін жеткізу. Мысалы, қазір менің қарным ашып тұр, бірақ сұқбат беріп, сосын консультация жасауым керек. Бірақ ойымда аяқталмаған іс, яңни тамақтану тұр. Осы істі аяқтамайынша ол ойымнан кетпей тұра береді. Сондықтан адамдардағы баяғы өкпе-реніш, уақыт өтсе де мазалай береді.

Ал гештальт терапия - адамдарды өкпе, өз-өзін кінәлі сезіну, мазасыздықты жою. Қысқаша айтқанда, сезімдер арқылы жұмыс істеп, аяқталмаған істі жабу.

Қарашаш Есенбай: Гештальт терапия сеансы қалай жұмыс істейді? Адамдар қай кезде осы сеансқа жүгінгені дұрыс?

Гүлнұр Бабаханқызы: Сеанста адамның қазіргі күйімен жұмыс істейміз. Яғни дәл қазір адамдармен қарым-қатынасы, мазалап тұрған сезімдері, ішкі көңіл-күйін талқылаймыз. Ол жерде адамның өзін қабылдауы арқылы «Не?» және «Қалай?» деген сұрақтармен проблеманың тамырын табуға, оны ажыратуға тырысамыз. Біз бұрынғы өкпе мен өкінішті қазбаламаймыз, тек аяқталмаған дүниені жабуға әрекет етеміз. Терапияда адамдар өз өкпе-ренішін, кезінде айта алмаған сөздері мен эмоцияларды ашық айтып, мәселені мәңлігікке жабады.

Қарашаш Есенбай: МАК яғни, Метафоралық карталар дегеніміз не және олар не үшін қажет?

Гүлнұр Бабаханқызы: Алдымен МАК картасы туралы дұрыс түсінік қалыптастыру керек. Өйткені көбінде мұны балгерлер қолданатын Таромен шатастырып жатады.

МАК - суреттер бейнеленген карточкалар. Оның әр кезеңге байланысты бірнеше түрлері болады. Ол карточкаларды адам өзінің проблемасын ашық айта алмаған жағдайда қолдамыз. Адам карточкадағы суретті көрген кезде ойына инсайдтар келе бастайды. Оны түсінген психолог сол стресстік жағдайдың шешімін тауып, ол проблеманы толық жабуға әрекет етеді. МАК карталарының техникаларын ақшаға, жеке қарым-қатынасқа, отбасыға байланысты және тағы басқа жайтқа қолдана береді.

Қарашаш Есенбай: Психолог ретінде қай методикаларды жиі пайдаланасыз және өз клиенттеріңізбен қандай қарым-қатынасты ұстанасыз?

Гүлнұр Бабаханқызы: Практик-психолог ретінде біз әрдайым ізденісте боламыз, қазірдің өзінде түрлі курстарды қызығушылықпен оқып жүрмін. Өзім тек бір бағытта жұмыс істегім келмейді, Гэштальт терапиясынан бөлек психоанализді де үйреніп көрдім. Өзімді одан әрі дамыта бергім келеді. Жалпы психологтардың бір бағытта ғана жұмыс істеуін дұрыс емес деп есептемеймін. Өйткені жұмыс барысында әртүрлі клиенттер келеді, біріне келген техника екіншісіне сәйкес келмей жатады.

Қарашаш Есенбай: Психолог ретінде, оқырмандарымызға ішкі менін қалыптастыруға, толық адам болуға қандай кеңес берер едіңіз?

Гүлнұр Бабаханқызы: «Ішкі мен» деген сіз үшін не? Біз көп жағдайда сырт келбетімізді жақсартуға тырысамыз ғой. Үнемі киінеміз, боянамыз, сыртқа әдемі болып шығамыз. Бөтен адамдарға өзіміздің сырт келбетімізді көрсетеміз. Бірақ біз ешқашан ішкі меніміздің не қалайтынын біле бермейміз! Әрине онымен гармонияда болуымыз керек. Ол үшін өз-өзімізді құрметтеп, рухани дамуды тоқтатпағанымыз дұрыс. Ішкі мен және нәпсі екі бөлек дүние екенін де ұмытпаған жөн. Сыртқы келбетті әрлегендей, ішкі жан-дүниені де нәрлендіріп тұрған жөн. Өзіміздің қалаған жұмысымызбен айналасу арқылы ішкі менді қалыптастыру керек. Ішкі менді жоғалтып, сыртқы дүниесімен алысып жүрген адамдар, психологтан бір-екі консультациядан өтсе екен деп ойлаймын. Қазақстанда бұл сала жақсы дамып келе жатыр, мықты психологтар бар! Жалпы ішкі менді тани алмай жүрген адамдар тәжірибелі психологтарға жазылғаны дұрыс.

Қарашаш Есенбай: Гүлнұр ханым, ішкі менін қалыптастырған, саналы да, сапалы қоғам құру жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын! Сізге сұқбатқа келіскеніңізге рақмет айтамын және жұмысыңызға табыс тілеймін