"ОЛ маған ӨМІР СҮРУДІ үйретті": "Қанаттылар" театрының жетекшісі Арнұр Искаковпен сыр-сұқбат

0
1 444

​«Бұл жерде білімді адам отыру керек» деген желеумен, менің орныма таласуда, сол нәрсе әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр...


Адам тағдыры күтпеген бұрылыстар мен қиылыстарға тіреліп жатады. Ондай бұрылыстардан биікке шығудың жолы - махаббат! Оның да өмірін жандандырған - махаббат.

Менің бүгінгі кейіпкерім - Орталық Азиядағы алғашқы инклюзивті театрдың директоры, «Кедергісіз келешек» ұйымының негізін қалаушы, қоғам белсендісі Арнұр Искаков.

Арнұр мырзаны Астананың оң жағалауындағы Жастар театрында орналасқан жұмыс орнына арнайы іздеп бардым.


- Мен сізде 2016 жылдан бері білемін. Сол кезде біздің сайтымызға өз өміріңіз бен жұбайыңыз туралы хат жазған едіңіз. Онда желі арқылы тілдесіп едік, бүгін кездесіп отырмыз.

- (күліп) Иә, есіме түсіп жатыр. Хат жазғанымды білемін...


- Сіздің тағдырыңыз туралы ақпарат көздерінде көп жазылды, оны қайталап отыруды дұрыс көрмей тұрмын. Сондықтан әңгімемізді бірден өнер жолынан бастасақ.

- Мен 2016 жылы мәдениет саласына келдім. Сол кездерде радиода жұмыс істеуден басталды.


- Негізгі мамандығыңыз медицина ғой, қалай өнермен жалғасты?

- Иә, дәрігер-гинеколог мамандығында оқыдым. Көбі медицинадан өнерге қалай келгеніме қызығушылық танытады.

Өздеріңіз білетіндей 2008 жылы жарақат алғаннан кейін, кішкене қиналдым. Қазіргі жетістігіме жетуге әйелімнің махаббаты себеп болды. Біз ол кезде агент арқылы сөйлесіп жүрдік, ол маған өмірді сүруді үйретті. Оған хат арқылы сезімімді білдірдім, ән айтып өмірге ғашықтымды көрсеттім. Жарым арқылы «Жас отанға» бардым, 6 ай тегін жұмыс істеппін. Мен жай тегін жұмыс істегенімнің өзіне ол кісі қуанып, әрқашан мені қолдап отыратын, «Сенің қолыңнан келеді» деп сенім білдіретін.

«Жас Отанда» жақсы мамандармен танысып, құжатпен жұмыс істеуді, жоба жасауды үйрендім. Медициналық еңбек кітапшамда еңбек жолым «медбрат» болып басталса, жаңа өмірімде «Жас отанның» жастар жөніндегі жетекшісі болып жалғасты. Сол жерде 6 ай тегін жұмыс істеп, кейін жұмысқа орналастым. Содан кейін үйлендім, үлкен өмірге аяқ бастық.

Сол уақыттарда өмірімді мәдениет және шығармашылық саласымен ұштастыра бастадым. Біраз уақыт өткенде «Нұр Отанға» ауыстым, сол жерде «Кедергісіз келешек» деген бағдарлама жасап, оның радионұсқасын аштым. Ол менің телебағдарламалар жасап жүргізуші болуыма, кейін қысқа метражды киноларға келуіме септігін тигізді. Қазір нақты театр және кино саласында еңбек етіп жүрмін. Бұл - менің жаңа бағытым.


- «Қанаттылар» театрын ашу туралы идея қайдан келді, мұндай ерекше бастамаға не түрткі болды?

- Алғаш рет 2015 жылы «Жастар театрының» сахнасын өз көзіммен көрдім, оған дейін театрға бармаған екенмін (күліп). Қатты әсер етті, содан бері ойымда «Неге мүмкіндігі шектеулі адамдардың сахнада ойнамайды?» деген ой мазалап жүрді. Десе де оған нақты себеп – бір ананың сөзі. Өзінің мүмкіндігі шектеулі қызымен тұрған ананың «Қызым сияқтыларға қимылмен көрсететін театр болса. Шетінде ғана көрсетіп тұратын ым-ишара тілі жеткіліксіз» дегенін естіп қалдым. Осы сөзден кейін өнер әлемін ерекше театрды алып келуді ойладым. Қазір сол мақсатыма жеттім, шүкір. Бірақ, бұл театрдің міндеті - тек жұмыспен қамту емес, адамдарға жаңа бағыт, жаңа бағдар беруге қызмет етеді.


- Қазір қанша адам жұмыс істеп жатыр және қаржыландыру мемлекеттен бе әлде демеушілер бар ма?

- Бізге қазір Мәдениет басқармасынан 25 штат бөлінген, жалпы «Жастар театрына» қараймыз. Елу шақты азаматқа жарты штаттан бөліп, жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Жалақылары шамамен 40-50 мың теңге, болашақта біздің театрымызға мемлекеттен көңіл бөлініп, жеке дара бой көтергіміз келеді.


- Театрда жұмыс істейтін актерлерді қалай жинадыңыз?

- Біздің театрда жұмыс істейтіндер – ерекше азаматтар. Оларды ешқандай іріктеусіз, өздерінің қалауымен алдық. Бірақ бәрі өнерге жақын, бұрыннан халықтың ықыласына бөленген адамдарды тарттық, қалғандарын үйреттік. Қызметкерлердің 3 пайызы дені сау, оқыған адамдар. Басқа мекемелерде 3 пайыз ерекше азаматтарға квота бөлінсе, бізде дені сау адамдарға арналған. Ол кісілер біздегі қызметкерлерге актерлік шеберлікті үйретеді.


- Осы кезге дейін үлкен сахнада бірнеше қойылым қойып үлгердіңіздер, солардың сахналануы туралы айтып берсеңіз?

- Бізде «Қанаттылар», «Қыз жылаған», «Ит аңдыған лақ» деген қойылымдар сахналанды. Ең бірінші көрерменге театрдың атауымен байланысты «Қанаттылар» деген қойылымды ұсындық.

Алғашында театрға атау қоя алмай, көп ойландық. Ал Гүлнар Салықбай әпкеміз бізге қойылымды жазып жатып, атауын сұраған еді. Менің ойыма ештеңе келмеді, сонда Гүлнар әпке «Арнұр, сенің әлеуметтік желіңде күшті сурет тұр екен, соған қарап қойдым деп «Қанаттылар» деген атауды ұсынды. Аватарда қанаттың астына түскен суретім тұрған еді. Солай «Қанаттылар болайық» деген ұранмен театрдың да, алғашқы қойылымның да аты солай қойылды.


- Қойылымдарға көрермендердің қызығушылығы қандай?

- Шүкір, барлық қойылым аншлагпен өтті. Бұл ерекше азаматтарға мотивация беретін, дені сау азаматтарға шүкіршілікті үйрететін театр. Қойылымдарымызға Алтай Сейдірұлы сияқты халық қалаулылары, депутаттар, министрлік өкілдері де келді.

БҰҰ ұйымының да өкілдері келді, олар «Қыз жылаған» қойылымын тамашалаған соң, «Мұндай театр бізде жоқ!» деп таңданыстарын айтты. Біз «Орталық Азиядағы алғашқы театрмыз», ал Еуропаның өзінде мұндай театрлар санаулы екен.


- Сіздерді Еуропаға іс-сапарға шақырғанын, бірақ бармай қалғандарыңызды естідім. Не себеп болды?

- Ол кісілер ауызша шақырды, бірақ ресми шақырту келмеді. Бізде ауызбен айтылған соң іспен жасалу керек. Демеушілермен бірлесіп, осы маусым біткен соң шілде-тамызда барамыз деген ниет, жоспарымыз бар. Бірақ нақты қай қалалар екенін әзірге айта алмаймын.


- Сіздердің шетелге баруларыңызға кедергі келтіретін адамдар бар екен, сонда бұл театрдың өркендеуіне кедергі келтіретіндер бар деген сөз бе?

- Иә, ондайлар міндетті түрдеболады ғой. Бұл жерде бірінші мәселе – қаржы. Егер біз мемлекеттік театр болып ашылсақ, бізге қаржы бөлінеді деген сөз. Соған әзірден көз тігетіндер бар.

Қасымдағы дені сау азаматтар түрлі әрекеттерге барып жүр. Өнерге қатысты еліміздегі беделді театр директорының ұлы келіп, «Қыз жылаған» спектаклін көріп, ұнатпады. «Бұл жерде білімді адам отыру керек» деген желеумен, менің орныма таласуда, сол нәрсе әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр.

Бұл театрды біз іргетасынан бастап қаладық қой, «Қанаттылар» театры – лидер театр, мен үшін ерекше театр.

- Ерекше театрға бізде ерекше сезіммен тілеулеспіз! Шабыттарыңыз ортаймасын!