«Немере тәрбиелегің келсе, басыңда кредитің болмасын!»: Желіде жұлдыз болған «Супер атамен» сұхбат

0
3 552

«Актер болып 30 жылда танылмап ем, немерем 1 күнде атымды шығарды»


 «Немере тәрбиелегің келсе, басыңда кредитің болмасын!»: Желіде жұлдыз болған «Супер атамен» сұхбат

Немересіне Абай, Махамбет, Ыбырай, Шәкәрім өлеңдерін айтып ойнататын ата Бейбіт Құсанбаев желіде бір-ақ күнде жұлдыз болып шыға келді. «Супер ата» атанған оның ән айтудағы шеберлігіне қарап-ақ өнерден алыс емес екенін ұғынғандаймыз. Сөйтсек, Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген кейіпкеріміз театр актері болып шықты. Отыз жылдан бері сахнамен сырласып, көрерменін қуантып келе жатқан өнер тарланы десек, артық айтпаспыз. Дегенмен, біздің елімізде таланттардың тасада қалып қоя беретіні жасырын емес. Әлеуметтік желінің әсерімен отыз жылда мұншалық танылмаған өнер иесі немересінің арқасында бір күнде белгілі болып отыр. Бұл туралы Бейбіт ағамызға әріптестері де: «Жастар театрында пәлен жыл істеп, бірнеше киноларға түсіп атыңыз шықпай, немереңіз атыңызды шығарып жатыр» деп әзілдейтін көрінеді.


Немересіне домбырамен дауыстап ән айтып берген сәтін видеоға түсіріп, инстапарақшасына «халық көрсін» деп салыпты.


– Әп-сәтте «хитке айналып кетеміз» деп ойлаған жоқпын. Үйдегі немереме ән айтып, күлдіріп отырамын. Соны түсіріп, өңдеп салып жіберіп едік, бір күннің ішінде танымал болып кеттік, - деді ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген ата.


Бейбіт Құсанбаев Нұр-Сұлтан қаласындағы Жастар театрында он жылға жуық еңбек еткен. Жалындаған жастығын елордадағы Жастар театрымен байланыстырған әртіс 2018 жылы туған жері Зайсан қаласына қоныс аударды. Дәл қазіргі уақытта Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында тұрады.


– Астанада жүріп, аяққа тұрдық. Балаларымыз ер жетті. Енді қалған өмірімізді қаланың қапасының ішінде өткізгенше, ауылға барайық, елге қызмет етейік деп ауылға көшіп кеткенбіз. Қазір адамның бәрі алдыға, жаңаға қарап ұмтылса, мен артқа қайттым. Артқа қайтқан себебім, ата-бабамыздан жеткен, алайда ұмыт болып бара жатқан құндылықтарды немерелерім үшін қолға алғым келді. Әрі анама деген сағынышым сартап болып, туған жерге құлаш ұрғызуға асықтырды, - деп Бейбіт Азатбекұлы туған ауылына оралу сырымен бөлісті.

– Бейбіт аға, шыны керек, қазақта мәдениеттің қайнаған ортасында жүріп, егде тартқанда елге қайтқандар некен-саяқ. Оның бірі деп бард ақын Табылды Досымовты білуші едік. Одан соң сіз шықтыңыз. Астананы аңсайтын, үлкен театр көрермендерін сағынатын кездер болатын шығар?


– Мен қызмет еткен Жастар театры біздің ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбаев шәкірттерінен құрылған театр. Мен алғашқы шәкірттерінің бірімін. Бұл театр өзім үшін өте ыстық. Республикамыз бойынша 60-қа жуық театр бар болса, алдыңғы қатардағы театрдың бірі. Әрине, сағынамын. Түсіме жиі кіреді. Сол жердегі сахнамды, бауырларымды сағынамын. Анда-санда мауқымды басып, аунап-қунап қайтамын. Ол жерде де менің балаларға арналған қойылымдарым жүріп жатыр. Бұйыртса, тағы екі ертегі жоспарда тұр. Шығармашылық байланысымды тоқтатқан жоқпын.


– Сіздің ән орындау шеберлігіңізге қарап-ақ тегін адам емес екеніңізді, өнерге жақын жан шығар деп топшылағанмын. Мәдениет саласының үздігі деген атағыңыз бар. Актер, режиссер Бейбіт Құсанбаев елордадағы үлкен өнер ордасын қиып, қоныс аударған екенсіз. Қазір немен айналысасыз?


– Бүгінде Тарбағатай ауданындағы Ақсуат Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Тамшы» балалар театрының жетекшісімін. Мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікбаеваның басшылық етіп, мұрындық болуымен ауылдың қарадомалақтарына саф өнерді сіңіріп келеміз. Абай мен Шәкәрім, Махамбет пен Ыбырай сынды алыптардың туындыларымен сусындату жоспарымыздың нәтижесі жаман емес. Көптеген халықаралық, республикалық, аудандық конкурстардың жеңімпазымыз. 2020 жылы бір жылдың ішінде Ақсуаттың айналасынан ұзамай-ақ, балаларды онлайн конкурстарға қатыстырып,15-тен аса Бас жүлде алған екенбіз. «Ізгі ұрпақ», «Ұр тоқпақ», «Бала Абай» сияқты бірнеше балалар қойылымын сахналап үлгердік. Арзан сөзге бармаймыз, - деді ол.


Біз білсек, түкпірдегі ауылдан ашылған еліміздегі алғашқы балалар театры осы «Тамшы» театры. Бәсе дейміз-ау, немересін алдына отырғызып қойып, ән шырқап, даусын шығармай тыңдату балалармен тығыз жұмыс істейтін, бүлдіршіндерді тыңдатып жүрген театр режиссері һәм актеріне қиынға соқпасы анық қой.


Бейбіт Құсанбаевтың отбасында бір ұл, екі қыздан бір немере, үш жиені бар екен. «Хит» болған видеодағы кішкентай қыздың есімі – Ақбала, ұлының қызы. Жақында ғана бірге толыпты.


– Әлі тілі шықпады. Жасы небәрі 1-де. Ең бастысы, тыңдайды. Үйде теледидар көрмейміз. Телефон ұстамаймыз. Шама келгенше баламен әңгімелесіп, ойнау процесін көбейтіп жатырмыз. Өзім балалармен істегеннен кейін мұның бәрі методикамда бар. Театрға жасы 5-6-ға толған балаларын әкеліп жатады. Сондай тұйық балалардың тілі бізге келген соң шығып кетеді. Баланың сөйлемейтін себебі, бір жасынан бастап қолына телефон беріп, теледидарды даңғырлатып қосып қояды. Әрине, ондай бала сөйлеспейді. Осының бәрін көріп отырып жүрегім ауырады. Біздің үйде көк жәшік көретін уақыт та жоқ. Мақсатымыз – еліне қызмет ететін, ер жүректі, бір сөзді, таза, әділ ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Қазір ездер көбейіп кетті ғой. Соларға қарап ішім ашиды.

– Ойпырмай, Ақбала қызыңыз сіз ән айтқанда дыбысын шығармай тыңдайды-ау, иә?!


– Байқасаңыздар, мен видео түсіргенде әдейі арқасынан түсіремін. Тіл-көз тиіп қалмасын деп. Оның бет-жүзіне қарасаңыз, менің көзіме, сөйлеген сөзіме қарап күліп отырады. Үндемей отырғанын көріп бәрі қорқып жатыр деп ойлайды ғой. Қорыққан бала әсте олай отырмайды. Жылап қашып кетеді ғой. Ұнағаннан кейін солай қарап отырады. Әдейі мимикамен ойнатып, дауыстап айтамын. Құйма құлақ деп бала кезінен құйып тастамасақ, теледидар мен телефоннан келетін қоқыстар жиналып қалса, балаға келешекте өте ауыр болады. Сондықтан осы бастан дұрыс нәрсені айғайлап болсын, қаттырақ айтып баланың санасына бекітіп тастауымыз керек. Сол кезде ғана ол емін-еркін, таза қазақша сөйлейтін болады.


– Ұлттық киім киіп, жыр айтуыңыз сәйкестік пе, әлде алдын ала ойластырылған ба?


– Шапанымды намаз оқығанда киемін. Намаздан соң домбыраны алып жыр айтып бергенмін ғой. Үйде де, түзде де тақиямды тастамай, барынша қазақша киініп, қазақи болмысты сақтауға тырысамыз. Аңға шыққанда киетін саптама етігім бар.

– Ұлттық тәрбие деп нені айтқан болар едіңіз?


– «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді ғой қазақ атам. Қазіргі маңайымызда болып жатқан көп нәрселерге көңіліміз толмайды. Үкіметті жамандаймыз. Өзінің жолы болмай жатқанын біреуден көруді үйреніп алдық. Біздің осындай болуымызға үкімет кінәлі деп айту – надандық. Мен жүрген жерімде «Немере тәрбиелегің келсе, ең бірінші басыңда кредитің болмасын!» деп айтамын. Бұған көбі күледі. Біз үйде отырып-ақ кредитке батып, өз күнімізді өзіміз көре алмай жүрміз. Қайдағы немеренің тәрбиесі?! Адам еңбек етуі керек. Бала сізге қарап өмір сүреді.


Алысты орағытпай-ақ қояйын, менің бір туысымның басында 7-8 несиесі бар. Бір күні қалада кетіп бара жатсам, банктің алдында тұр екен. Қасына баласын ертіп алыпты. «Не істеп жүрсіңдер?» деп сұрасам, «Кеше балам21-ге толды, соған кредит алғалы жатырмын», - дейді. Бұл өте аянышты жағдай. Ойлап қарасақ, сананың саяздығы ғой. Біз осы мәселелерді жасық болмаса екен деген ниетпен болашақ ұрпаққа айтып, түсіндіруіміз керек.


– Иә, қазіргі кей аталар немересіне мұндай ән айтпақ түгілі аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп жүретінін жасырып қайтейік?! Расында, желідегілер сізді «Супер ата» атады...


– «Жақсы телефон, жақсы киім, жақсы тамақпен қамтамасыз етсек, сол тәрбие» деп есептейтін ата-аналар да жоқ емес. Өскелең ұрпаққа тән азығымен қатар жан азығын да беру керек. Ол тек білім арқылы келеді. Қазіргінің көп аталары «пенсиямыздан бәрін әперіп, тәрбиелеп жатырмыз» деп ойлайды. Ал шын тәрбие пенсияның ақшасына алынған дүнияуи заттарда емес, Абай, Ыбырай, Шәкәрім аталарымыздың өлеңдерінде. Бүкіл тәрбиенің негізгі түп-тамыры Абай атамыздың шығармашылығында жатыр.


– Бос уақытыңызда ата кәсіп аңшылықты серік етіп, құмай тазы, қыран бүркіт баптайды екенсіз. Болашақта бұл өнерді де немереңізге үйреткіңіз келетін шығар?


– Әрине, үйреткім келеді. Ұлттық құндылықтардың бәрін бойына сіңіргім келеді. Сол үшін де ауылға келдім. Бұның барлығын ауылда үйретпесем, қалада мұндай жағдай жоқ. Мүмкіндіктер шектеулі. Кең далада, таза ауада немерелеріме құмай жүгіртіп, ат баптап, қазағымның құндылықтарын ары қарай жалғастырсақ деген ниетпен қолға алып жатырмын. Қазіргі таңда ат әбзелдерінің атауларын білмейтіндер баршылық. Соның барлығын жинастырып жатырмын. Бұйыртса, есігімнің алдына киіз үй құрамын деп отырмын. Көненің көзі деп жинаған көптеген заттарым бар. Ат арба сатып алдым. Ат шанам бар. Немерем өскен соңат арбамен жүргізсем деймін. Кезінде өзім де ат арбаның үстінде өскен едім. Садақ тарту, суда жүзу сияқты мұсылманның бойында бар қасиеттердің бәрін дәріптесем деймін. Ауылдас бауырларыммен тазыларымды көбейтсек дейміз. Бұйыртса, ірі көрмелерге апарып, жарыстарға қатыстыру жоспарымызда бар. Қазіргі таңда тазыларымызды Ресей«Орталық Азияныкі» деп заң қабылдатып жатыр ғой. Біздікі соны жоққа шығару ғой. Біздің маңдайымызға біткен асыл құндылықтарымыз тазы төбеттер. Тазының таза тұқымын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, үйрету мақсатында асырап жатырмыз.



Осылай деген Бейбіт Азатбекұлының сөздерінен ұлтым деп ет жүрегі елжіреп, халқым деп қабырғасы қайысып жүргенін сезіндік. Немереге ұлттық нақышта шапан киіп, ұлттық поэзияны жырға қосып, домбыра шертуі өз алдына, Шығыстың аядай ауылында жүріп-ақ ата-бабалар аманатына адалдық танытып, ұлттық құндылықтардың ұмытылмауына күш салып жүрген жайы бар. Бейбіт ағамыз ауылда құр жүрмегені асыл тұқымды жылқы мен ешкі, қаз бен тауық асырап, «ұрпағым таза тамақ жесін!» деген ниетінен-ақ білінеді. Әрине, оның бәрін сатып, баю мақсатында емес, қазіргі супермаркеттердегі қоспасы көп, жеуге жарамсыз тағамдардың орнын таза табиғи өніммен алмастыру үшін қолға алынған шаруа.


Желіде жұлдызы жанған атасы мен немересінің есігінің алды ұлттық құнар аңқыған музей-киіз үйге айналатын, ақшаңқан тігілер, босағасында қыран бүркіт қанат қағып, құмай тазы мен жүйрік аттың сұлулығына тапсанып отыра халық әндерінен әуелететін сәт те алыс емес. Сонда #Атаменнемере хэштегінен бөлек, #Ерекшемузейкиіз_үй хэштегі де хит боларына титтей де күмәніміз жоқ.


Міне, осылайша ауылда тұрып та жап-жақсы өмір сүруге, баланы теледидар мен телефонсыз да тәрбиелеуге, жасына жетпеген баланы жырмен сусындатып, құйма құлақ қылып өсіруге болатынына Бейбіт Құсанбаев арқылы көзіміз жетті. Көзіміз жетті де, бір ғұламаның: «Қазіргі ата-аналар еңбек етіп жатыр, балалары рахат өмір сүріп жүр, ал енді олардың балалары, яғни, немерелері қайыр тілейді» деген тәмсілін еске алдық. Баршамыз Бейбіт Азатбекұлы секілді баланың білімді, ақылды болуына мән беруіміз керек екен.


Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Мені бір бөлмеге қамады да тастады»: Майра Мұхамедқызы жолдасының қаталдығын айтты


«Мен Құдайды таныдым»: Нұртас Адамбаев исламды қабылдағанын айтты