«Қуандық Рахымның жақсы жағын алып жатырмын»: «Дүнген қызы» каверімен танылған Еламан Мәженов

0
2 943

«Үлкен өнерде қиын болып жатыр»


«Қуандық Рахымның жақсы жағын алып жатырмын»: «Дүнген қызы» каверімен танылған Еламан Мәженов

Көптеген әндердің екінші тынысын ашып, кавер нұсқа жасап жүрген жас әнші Еламан Мәженовтің жүрекпен орындаған «Дүнген қызы» әні әлеуметтік желіде 850 мыңнан астам қаралым жинаған. Бүгінде Еламанның орындауындағы каверлер ұялы телефоннан телефонға өтіп, ғаламторды шулатуда. Ел аузындағы Еламанның кей тұстары өнердегі ағасы Қуандық Рахымға да ұқсап кететіндей. Қуандықты қайталаудың қаншалықты қажеттігін өзінен сұрап едік.


– «Дүнген қызы» әні Еламан Мәженовті қалайша танымал қылды?


– Иә, дәл осы ән мені танытты. Бұл кез келген әншіні танымал қылатын әндердің бірі деп айтсам болады. Шәмші атамыздың әні қашанда хит қой. «Дүнген қызы» әні менің өмірімді жақсы жаққа өзгертті. Осы әнмен шыққанда бірде-бір теріс пікірді байқамадым. Сәл де болсын танымалдылық жинадым. Дәл қазақ әнінің падишасы Шәмші атамыздың әнімен көтерілген ол мүлде бөлек сезім дер едім.


– Бір байқағаным, белгілі эстрада әншісі Қуандық Рахымға көп еліктейтін сияқтысыз...


– Иә, Қуандық ағама еліктеймін. Неге еліктемеске?! Эстрадада өз бағытыңды, орныңды тапқанша бір адамға еліктеу дұрыс қой. Мен ең бірінші Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Қуандық Рахым ағаларыма еліктеймін. Қуандық – өзімнің жерлес ағам. Ән айту үлгісі, дикциясы ұнайды. Оның жаман жағын алып жатқан жоқпын. Кейбіреулер «Қуандыққа еліктейсің. Өзіңнің де даусың жақсы ғой» деп айтып қалады. Мен оның жақсы, керекті жағын алып жатырмын.


– Еламан, өзіңіз жайлы мәлімет бере кетсеңіз? Қайдан шықтыңыз? Қайда бара жатырсыз?


– 1999 жылғымын. Қарағанды қаласында туылдым. Жастайымнан музыкаға әуес болып өстім. Мектеп қабырғасынан домбыра тарттым. Үйдің кенжесімін, әулеттің еркесімін. «Өнер» деген ұлыда киелі жолға бара жатырмын. Сол ұзыннан-ұзақ жолмен шыңға шыққым келеді.


– Қазірде өзіңіз сияқты жастар әндердің кавер нұсқасын айтып танылып жүр. Бұл – бүгінгі жастардың тренді ме?


– Бұл үрдіс бір жағынан дұрыс, бір жағынан құптамаймын. Иә, кавер айту – тренд. Әнші өзіне ұнап қалған әнді өз нұсқасымен береді. Оны халық қабылдап жатса нұр үстіне нұр. Енді бір орында тұрып қалмай, өзі де ән жазып, өзінің әнімен танылғаны одан да жақсы.


– Әндерді жүрекпен орындайсыз. Тик-токтағы видеоларыңыздың ең жоғарғы қаралымы қанша қазір?


– Ең бастысы, әнді айта салу ғана емес, оны жүрекпен сезініп, жүректерге жеткізу. Тик-токтағы ең жоғарғы қаралым 850 мың болды.


– Ән қоржыныңызда қанша әніңіз бар?


– Әзірге «Сағыну» деген бір-ақ әнім бар. Қуаныш деген ақын, сазгердің әні. Алла қаласа, екініші авторлық әнімді күтудемін. Бұйыртса, осы айдың аяғына қарай жарыққа шығады деген ойдамын. Күзге дейін көптеген әндер жазып, жеке концертімді беруді армандаймын.


– Алдағы уақытта Қуандық ағаңыздай танымал болуды армандайсыз ба?


– Әрине, Қуандық ағам сияқты танымал болуды армандаймын. Аға-әпкелерім: «Әй, осы Қуандықтан кейін шығатын сен сияқтысың?!» дегенсияқты пікірлер айтады. Мұндай сөздер маған мотивация беріп, қанаттандырады. Бұйыртса, реті кеп жатса, Алла бақ берсе, дәл Қуандық ағамдай танылармын деп ойлаймын.





– Ән таңдауда неге басымдық бересіз?


– Тәттімбет атындағы Өнер колледжін эстрадалық әнші мамандығы бойынша тәмамдап, қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде эстрадалық ән салу мамандығында 4 курста оқып жатқан кәсіби музыкант болған соң ең алдымен әннің сапасына, тәттілігіне, әсемдігіне қараймын. Өйткені, өзім қазақи ортада өсіп-өнгеннен кейін ең бірінші сөзіне мән беремін.


– Енді ғана үлкен өнерге қадам басып келе жатырсыз. Қиын болып жатқан жоқ па?


– Қиын болып жатыр. Оның бәрі ең бірінші өзімнің жалқаулығымнан, талапсыздығымнан болуда. Өз-өзімді іштей жеңуге тырысып келемін. Алла бұйыртса, мен сіздерді қуантатын боламын.


– Ән жаздыру, бейнебаян түсіру, сахналық костюм, бәрі қаржыға кеп тіреледі. Сізді кім қаржыландырады?


–Иә, қаржыға кеп тіреледі. Мені әзірге ешкім қаржыландырып жатқан жоқ. Өзімнің жанашыр аға-әпкелерім қолынан келгенше көмек қолын созып жатыр. Бірақ, продюсерлік етіп жатқан ешкім жоқ.


– Өзіңіз «маған продюсер болыңызшы» деп бармадыңыз ба?


– Жоқ, өзім бармадым.


– Бір байқағанымыз, әлеуметтік желіде сіздің оқырмандарыңыздың көбі жас қыз-жігіттер сияқты. Әсіресе, жас қыздардың Еламан десе, жүрегі дүрсілдеп кететіндей сезіледі...


– Иә, мені көбіне жас қыз-жігіттер тыңдайды. Жүрегі дүрсілдеп-дүрсілдемейтіні маған беймәлім. Мен ескірген әндерді жаңа кавер нұсқада орындағаннан кейін көбіне жас қыздар мен жігіттер ғана емес, егде жастағы аға, әпкелеріміз, ата-апаларымыз тыңдап, ақ тілегін айтып, батасын беріп жатады.




– Әнді жүректерден жүректерге жеткізіп жүрген жас әншінің жүрегін жаулаған жан бар ма екен?


– Әнді махаббатпен жеткізу үшін жүректе сезім болу керек. Бірақ, мен кімге сезімім бар екенін білмеймін. Әзірге қызым жоқ. Ара-тұра бір көргенде ғашық болып қалғанда жаңа ән туып қалады. Бірақ, әлі шын махабабатымды кездестірмедім.


– Ән айтудан басқа немен айналысасыз?


– Сұхбат бергенді, футбол ойнағанды, гитара шерткенді, достармен сырласқанды, кітап оқығанды жақсы көремін.


– Қазір не көп, әнші көп. Сіздің өзгелерден артықшылығыңыз неде деп ойлайсыз?


– Артықшылығым деп айтпай-ақ қояйын. Ешкім ешкімнен артық емес. Қазақ отбасында қазақи мәдениетті, ұлттық құнарды сіңіріп өскеннен кейін халық менің қазақилығымды бағалайтын сияқты.


– «Қазақстан дауысына» неге қатыспадыңыз?


– Іріктеуіне қатыстым. Өзімнің қателігімнен, дайындығымның әлсіздігінен өтпей қалдым. Келесі жылы болса, жақсы дайындықпен барып, жеңуге бар күшімді саламын.

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Камера мені жақсы көрмейді екен»: Маржан Арапбаева өмірде қандай екенін айтты


«Құрбым қолғап сыйлағанда қуаныштан секірдім»: OMABELLE брендінің дизайнерімен сұхбат