Керімбек НИЯЗБАЙ: «Екінші әйел алу жөнінде ұсынысты бәйбішемнің өзі айтты»

0
7 015

"Бәріміз бір шаңырақтың астында тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз"


Керімбек НИЯЗБАЙ: «Екінші әйел алу жөнінде ұсынысты бәйбішемнің өзі айтты»

Дереккөз: zamana.kz. Сұхбаттасқан – Д. ӘБДІЛЛА.

Біздің қоғамда көп әйел алу мәселесі жиі талқыланып жатады. Шын мәнінде екі немесе одан көп әйелі бар адамдардан сұхбат алып, ел назарына ұсынайын десең, белгілі бір себептермен олардың көбі бұған келісе алмайды.

Ал көпшілікке ой салатын ондай әңгіменің болғаны жақсы. Осы орайда есімі елімізге белгілі кәсіпкер азамат, Шымкенттегі «Жебе» кинокомпаниясының президенті Керімбек Ниязбаймен сұхбат құрудың сәті түсіп, ол кісіге бірнеше сұрақтар қойған едік.

– Кереке, сіздің екі әйел алған азаматтардың бірі екеніңізді білеміз. Сондықтан осы тақырыпқа әңгіме-дүкен құрсақ деп отырмыз. Бұл өзі қалай болған еді, екінші әйел алуыңызға не себеп болды?

– Негізі менің екінші әйел алуым қажеттіліктен туған жағдай. Бәйбішем Дина өмірге бір қыз әкелгеннен кейін бала көтермей қалған еді. Дәрігерлерге көп қаралды, болмады. Мен өзім Қостанай жақтың тумасымын ғой, Шымкентке апамызбен көшіп келіп, қарындастарымды қолға алып бірге тұрғанбыз, содан алдымен үйлі болайық деп жүргенде жасым 31-ге келіп, отбасын кешірек құрған жайым бар. Динаның өзі менен 9 жас кіші, ол 1976 жылғы. Кейін әлгіндей жағдай болғасын бірде Динаның өзі маған екінші әйел алу жөнінде ұсыныс айтты. Ол кезде жасым 45-ке жақындап қалған. Жасым 50-ге толғанша күте тұрайық деп өзім онша ыңғай бермеген едім. Кейін, жасым 50-ге жақындағанда енді бізге Құдай бала бере ме деп шындап ойландық, сосын қызымыздың артынан бауырлары ерсе, оларды көз алдымызда, тиісті білім, тәрбие беріп өсірсек, барлығын үйлі-жайлы етсек деген тоқтамға келдік.

Негізі екінші әйел алған біраз адамдарды көріп жүрміз ғой, біреулері отбасына білдіріп, енді бірі білдірмей, ақылдаспай, келіспей үйленіп жатады, әйелдері, балалары араласпайтындар бар. Осындай жайлардың бәрін өзара ақылдасып, талдай келе балалардың нағашы жұрты бір болғаны дұрыс деген шешім жасадық. Дина шегір руынан, сондықтан екінші жардың да осы шегір руынан болғанын қаладық.


– Келіншегіңіздің бұл мәселеде өзіңізге ақыл қосып, ашық қолдау көрсетуі адам сүйсінерлік жай екен. Ал үлкен кісілер ше, туыстарыңыз, қайын жұртыңыз бұған қалай қарады?

– Екінші жарды ағайын-туыс, достар, ел болып іздедік, барлығы атсалысты десем болады. «Пешенелеріңе жазғаны осы шығар» деп қайын жұртым да бұл шешімді дұрыс қабылдады. Соның нәтижесінде жаныстың бір қызына құда түсіп үйлендім. Оны маған өз енем тауып берді. Диханкөл ауылында туып-өскен Ұлбала есімді қызбен бас қостық. Ұлбаланың анасы шегірдің қызы екен, яғни ол Дина екеуі бір-біріне нағашы-жиен болып келеді. Дина «Әңгір ата» ауылынан, яғни әйелдерімнің екеуі де Төлеби ауданының қыздары.


– Бәйбішеңізбен отбасын қалай құрған едіңіз? Ал кіші әйелмен танысып-білісу жолы қандай болды? Оны алғаш көргенде бірден ұнаттыңыз ба?

– Динамен бір-бірімізбен танысып, жақсы танығаннан кейін бас қостық. Иә, жігіт боп, ұнайтынын білдіріп, сөз айттым. Ол да ұнатады екен. Ол маған жақсы жар, қара шаңыраққа өнегелі келін бола білді. Бауырларымның бәрі оны «Алтын жеңеше» деп құрметтейді. Қарындастарымның өзі жасы үлкендігіне қарамай Динаға «Алтын жеңеше» деп иіліп тұрады.

Ал Ұлбалаға таңдау жасау оңай болмаған шығар деп ойлаймын. Өйткені қай қыздың болса да екінші әйелдікке көнуі оңай емес қой. Әрине, несін жасырамыз, «Қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» демекші, алдында екінші жар болатын қыз іздедік қой, біраз қыздармен танысып көргенбіз. Бәйбіше екеуміздің де олардың ешқайсысына көңіліміз құлай қоймаған. Кейін Ұлбаламен таныстық. «Инабатты, кішіпейіл, сүйкімді қыз екен» деп іздегенімізді тапқанға қуанып, Ұлбаланы таңдадық. Сосын оны көндіру үшін тиісті әрекеттер жасадық, қайта-қайта жолығып, әңгімелесіп жүрдік. Ол бірден келісім бере алмады, ойланып көрейін деді. Үлкендермен сөйлестік, ол да ата-анасымен, бауырларымен ақылдасты. Ол жақ та текті ел ғой, қызға әйел үстіне барудың қазақ дәстүрінде бар екенін, тым ұятты нәрсе емесін түсіндірді.

Мұның бәріне, әрине, аз уақыт кеткен жоқ. Өйткені отбасын құру дегеннің өзі аса жауапкершілікті қажет ететін нәрсе ғой, оған жеңіл қарауға болмайды. Бізде көре сап ұната салу деген болған жоқ. Осындай ойланып-толғанулардың ақырында басымыз қосылды. Адаспаппыз, Ұлбала да жақсы жар болды, өмірге екі бала әкеліп, бүгінде олар да отбасымыздың шаттығы болып өсіп келеді.


– Екінші әйелге дәстүр бойынша, құда түсіп үйленген боларсыз? Бұған қатысты рәсімдер қалай өтті? Бәйбішеңіз де мұндай қарым-қатынастардың ішінде жүрген болар?

– Ұлбалаға құда түсіп, тиісті рәсімдерін жасап үйлендім. Құдалыққа Динаның өзі де қатысты. Құдалар Динаның барлық шаруаға араласып, шын ниетімен қуанып жүргеніне сүйсінді, «Өзінің баласын үйлендіріп жатқандай қуанып жүр ғой», – деп шын жүрегімен сүйсіне әзілдегендер де болды. Рас қой, Дина бұған өзінің Алла алдындағы үлкен бір жауапкершілігінің үдесінен шыққандай, шын жүрегімен қуанды.


– Некеге қалай тұрдыңыздар?

– Ұлбаламен некені жанымызға куәгерлікке екі жолдасымызды ертіп барып Д.Қонаев атындағы мешітте қидырдық. Некемізді Дәулет қажы Исабеков ағамыз қиды. Отбасында өмірге келген балаларға да азан шақырып атты сол кісі қойып жүр. Біз Дәулет ағаны аса құрметтейміз, ол кісі адамгершілікке қатысты әңгімелерді, уағыздарды жақсы айтады.


– Қазір екі әйеліңізбен бір үйде тұрасыздар ма? Үлкен қызыңыздың артынан қанша бауыр ерді?

– Дина екеуміз кезінде қаланың «Самал-2» шағын ауданынан үй салғанбыз, қазір анам екі келінімен, үш немересімен – бәріміз бір шаңырақтың астында тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Ұлбала дүниеге Айару, Балым есімді қыздарды әкелген, үлкені 5-те, кішісі 1 жаста. Кіші әйел бүгінде үшінші балаға жүкті. Құдай қаласа, күзде отбасымыз тағы бір перзентпен толыққалы отыр.


– Тұңғыштарыңыздың жасы нешеде? Ол қазір не істейді?

– Үлкен қызым Айдынның жасы 20-да, ол университет бітіргелі отыр. Қазір өзімнің көмекшім, «Жебе» кинокомпаниясының бір бөлімін басқарады.


– Ал әйелдеріңіздің мамандықтары қандай? Олар жұмыс істей ме? Ол кісілердің жас айырмашылығы қандай? Олар бір-бірін қалай атайды?

– Ұлбала Динаны «әпше» дейді. Балалар аналарын «үлкен ана», «кіші ана» деп атайды. Динаның мамандығы – педагог, ол қаладағы №45-ші қазақ-орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ал Ұлбала мектеп бітіргесін ауылдан ұзамаған, ол – қолөнер шебері, бүгінде өзімнің жанымда, «Жебе» атты шеберханамда жұмыс істейді. Ол Динадан 11 жас кіші.


– Жалпы, тұқым қуалаушылық деген бір қызық құбылыс бар ғой, осыған орай мынадай сұрақ туып тұр: Өз әулеттеріңізде көп әйел алған адамдар болған ба екен?

– Ұлы Отан соғысының ардагері Жолмағамбет атам екі әйел алған екен. Бірақ ол кісі бірінші әйелі қайтыс болғасын екінші мәрте үйленген. Мен сол кісінің тәрбиесін көп көрдім. Әкем Арыстан атамның бірінші әйелінен туған, оның бауырларымен анасы бөлек екенін біз бертінде ғана білдік, өзара қарым-қатынаста ол еш білінбейтін. Әкем өмірден ерте, 37 жасында өткен, анам Ырысты 35 жасында жесір қалып, 6 баланы тәрбиелеп жеткізді.

Сәрсенбай Ниязбай деген туыс ағам бар, орыс тілінде жазатын белгілі ақын. Қазір ол кісінің жасы 60-тан асып отыр, ол екі әйелімен бірге тұрады. Бәйбішесінен 2 ұл, 3 қызы, тоқалынан 3 қызы – жалпы 8 баласы бар. Өз басым осыны ерлік деп есептеймін, қазақтың санын көбейтіп, демографияға үлес қосып отырған патриоттық деп санаймын.

Ал Динаның атасы 4 әйел алған кісі екен. Соғыс жылдарында қазақ арасында дәстүр әлі де сақталған ғой. Ол кісі майданнан оралмаған туыстарының әйелдеріне әмеңгерлік жолмен қосылған екен.

Динаның өзі де мен сияқты 6 балалы отбасында өмірге келген, аға-інілерінің ортасында өскен. Яғни екеуміз де көпбалалы отбасында, қазақы тәрбие көріп өскен жандармыз. Бір-бірімізді жақсы түсініп, осындай отбасы құрып отырғанымыз да сондай тәрбие көріп өскендіктен шығар деп ойлаймын.


– Ел ішінде мұсылманшылық жолмен, аталарымызда болған қазақы дәстүрмен екінші әйел алғандар, тағы да әйел алғысы келіп жүргендер бар ғой. Мүмкін осы орайда сізден кеңес сұрайтындар да жоқ емес шығар. Жалпы, осы көп әйел алушылыққа қатысты өзіңіздің ұстанымыңыз қандай?

– Қазіргі қазақ азаматтарының ішінде екі және одан көп әйел алуға шамасы келетіндер баршылық қой. Қалыптасқан дәстүрмен, бәйбішенің келісімімен алса, жағдайын жасаса, оның несі жаман? Кезінде Әбіш Кекілбай ағамыздың «Тоқал институтын дамытпай демография оңалмайды» деп жазғанын оқығаным бар еді. Ол рас, бізге халықтың өсімі үшін ол керек нәрсе. Үш ғасырға жуық бодандықта болып, адам санасы, көп әйел алушылыққа қатысты ұстаным өзгерді, қазіргі әйелдердің көбі оған мүлде қарсы. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болып отыр, енді өз дәстүрлеріміздің бағытында жүрмесек болмайды. Елді, жерді сақтап қалу үшін бізде халық саны өсуі керек. Статистикалық деректерде де бір еркектің басына бірнеше әйелден келетіні айтылып жүр ғой. Сондай проблеманы шешу үшін, демографиялық ахуалды жақсарту үшін жағдайы келетін, жағдайын жасай алатын адам екі әйел алса, ол жаман болмайды.

Осы орайда айта кететін бір жайт бар. Бүгінде кей азаматтар «еркекке төрт әйел алуға рұқсат» деп, отбасымен, өз әйелімен ақылдаспай, ойына келгенін істеп жүр. Ол дұрыс емес. «Пәлен әйелім бар» деп мақтанатындарды да көріп жүрміз. Солардан оны әйелің, балаларың біле ме, олар бірін-бірі тани ма, араласа ма деп сұрасаң, «білмейді», «танымайды», «араласпайды» деп жауап береді. Сонда бәйбішеден туған бала бала екен де, басқасының тағдыры қалай болады? Толыққанды отбасында өсіріп, тәрбие бере алмасаң, көз алдыңда өспесе, ол қандай бала болады? Тек фамилияңды алғаны болмаса, бала боп қарық қылмайды ғой. «Некесіз туған бала бақытты болмайды» деген сөз бар. Оның әкеге реніш-өкпесі болуы, әкенің қарғыс арқалауы мүмкін ғой. Сондықтан қандай да бір себеппен екінші әйел аламын деген адам бұл қадамға бәйбішесінің келісімімен барғаны дұрыс, екеуінің арасында түсіністік, келісім болуы тиіс. Түтініңді түтетіп, өмірге бала әкеліп, ағайын-туыспен ынтымақты ұйыстырған бәйбішемен қалай санаспайсың? Ер-азамат үйленгенде өмірдің қызық-қиындығын бірге көреміз, әйелімнің жағдайын жасаймын, бақытты етемін деп үйленеді емес пе, ол үшін ант береді. Сондықтан бұл істе міндетті түрде бәйбішенің келісімі керек.

Бұрынғы бәйбішелер өзінің ғана емес, отағасының, кейінгі ұрпақтың жайын ойлап, күйеулеріне тоқалды өздері іздеген ғой. Менен кейде екінші әйел алуға бәйбішеңізді қалай көндірдіңіз деп сұрайтындар бар. Мен оған өзімді бәйбішемнің көндіргенін айтамын. «Әйелге жан-дүниеңді беріп қарасаң, ол да саған солай қарайды. Бұл осындай ынтымақтан, түсіністік-сыйластықтан болып жатқан жай», – деп айтамын. Кейде бір азаматтар екінші әйел алған соң қатары сиреп, достарынан біртіндеп ажырап, араласпай қалғандарын айтып жатады. Оның себебі белгілі, ақылдасып-кеңесіп, келісіммен үйленбеген. Достарының әйелдері де оған қарсы, ойы бұзылады деп араластырғысы келмейді, сөйтіп аралары суи береді.

Мен әлгіндей сұрақ қойғандарға өзімнің ортам азаймайтынын айтамын. Себебі біз бәрін дұрыс істедік, ақылдастық, кеңестік. Ағайын-туыс, қайын жұрт, дос-жаран – бәрі білді, достарымыз ойымызды құптап, отбасымыздың өскеніне қуанды, тілектес болды. Солардың бәрімен де араласып тұрамыз, қызықшылықтарына шақырады, екі әйелімді де ертіп барамын. Оларды «жаным, күнім, қос қанатым» деймін. Біз теріс нәрсе жасаған жоқпыз, жүзіміз жарық, қазақы дәстүрмен, Ислам бойынша да дұрыс жолмен бас қостық. Бала-шаға, қоғам алдында да жүзіміз жарық. Екінші әйел алудың жол-жобасы осындай, ол ынтымақпен, түсіністікпен келісілген болуы тиіс.


– Жалпы, қандай отбасында болмасын береке-бірлік, ынтымақ салтанат құруы үшін ең бастысы ненің болғаны дұрыс деп ойлайсыз?

– Мейірім, түсіністік болғаны жақсы. Қандай да бір себеппен ашу көтеріліп жатса, адамның ұстамды болғаны абзал. Осыған байланысты бір уағыз-насихат көңілімде жатталып қалыпты. Шариғатта: «Қатты ашуың келсе, отыра қал, ашу оған тарқамаса, жата сал» деп айтылады. Адамда осындай тәрбие, ұғым болуы тиіс, қай нәрсені де болсын ұстамдылықпен, сабырмен, ақылға салып, сараптап алу керек.


– Сіздіңше бақытты деп қандай адамды айтуға болады?

– Атам марқұм: «Адамның қолынан екі-ақ нәрсе келеді: ниет пен талпыныс, бұйрық – Алладан», – деп айтатын. Жақсы бір жетістіктерге жетіп жатсам, солайша атамның тәрбиесін көргендіктен болар деп ойлаймын. Алла адамды денсаулық, байлық беріп, тағы басқалай сынайды, бұл өмірге бақытты болуы үшін жібереді екен. Ал бақытты деп бар нәрсеге тәубе ететін, осының өзіне шүкір деп Құдайға шүкірін ұмытпайтын адамды айтатын шығар. Сол бақытты адамның бірі менмін, бәйбіше, тоқал, балалар, бауырларым бақытты жандар деп ойлаймын. Лайықты өмір сүріп, балаларға жақсы тәрбие беріп, өсіп-өніп жатсақ, соның өзі зор бақыт қой.


– Ендеше, бұл өзгеше тақырыптағы сұхбатқа келісіп, уақыт бөлгеніңіз үшін сізге рахмет. Құдай тілеулеріңізді берсін!