"Қазір саудамен айналысып жүрмін": "Я - пышка" фильміндегі актрисамен сыр-сұқбат

0
6 272

​Назерке Назарова – актриса, «Я пышка» киносында басты рөлді айнайды.


Әдеттегі таптаурыннан ада бұл фильм өткен жылы жарыққа шыққан еді. Бірақ карантин әсерінен кинотеатрларда ұзақ қойылмады. Десе де желіге жарияланған сәттен бастап, ол көрермен назарын аудара білді. Ол - "Я - пышка". Біз онымен Стамбулда кездейсоқ кездесіп, аз-кем әңгіме өрбіткенбіз.


Қарашаш Есенбай: Назерке, өзіңізбен Стамбулда кездесіп қалдық. Білуімше, осында тұрып жатыр екенсіз. Мұнда көшіп келуге не түрткі болды?


Назерке Назарова: Өзім шетелде жиі жүремін, соған үйреніп қалғанмын. Құрбым «Түркияға барып, өмірін көріп қайтайық» деген соң билет алып ұшып кеттік. Түбейгейлі қоныс аударған жоқпын, тек бір жыл ғана тұруға рұқсат алдым. Содан кейін аман-есен еліме қайтамын деген ойым бар.


Қарашаш Есенбай: Қазір қазақстандықтардың Түркияға көшуі жиі сөз болып жүр. Соңғы 3 айда 400 жуық жерлесіміз осы жерден пәтер сатып алыпты. Оның қатарында өнер адамдары бар. Елден кетуге көбінде не себеп болып жатыр деп ойлайсыз және өзіңіздің көзқарасыңыз қандай?


Назерке Назарова: Енді әркімнің өз қалауы бар ғой, мен соған құрметпен қараймын. Біреу Түркияда, біреу Еуропада тұрғанды қалайды ғой. Бұл жақтарда «пәтер арзан» дейді, сондықтан көшетін шығар? Негізі Түркия өмір сүруге жақсы ел, бірақ өзім болашақта елде тұрғым келеді.

Ал көшіп жатқандарға бейтарап қараймын, адам қалаған жерінде өмір сүруіне болады, онда тұрған ештеңе жоқ.



Қарашаш Есенбай: Сізді "Я - пышка" фильмі арқылы таныдық. Ол киноға қалай келгеніңізді жиі айтып жүрсіз ғой, ал ол картина сіздің төлқұжатыңызға айналатындай танымалдылық алып келді ме?


Назерке Назарова: Иә, ол фильмге қалай келгенімді көбі біледі. Өйткені кез келген сұқбатта, кездескенде жиі сұрайтын сұрақтардың бірі. Ол картина маған танымалдылық алып келді деуіме болады. Өйткені қазір көшеде көрген адамдар да, жаңа танысқандар да мені «Пышка» деп атайды. Ешкім Назерке демейді, бәрі «Пышка, қалайсың?», «Пышка, не істеп жатсың?» дейтін болған (күліп).


Қарашаш Есенбай: Назерке, бір сұқбатыңызда "Я хотела чувствовать камеру, видеть себя на большом экране, но не стать знаменитой. Я никогда не хотела быть популярной, чтобы люди меня узнавали, брали автограф" деп айтыпсыз. Әдетте өнер адамы танымалдылық, халық қошеметінен шабыт алады емес пе, сіз неге қашасыз?


Назерке Назарова: Бала кезімізде танымал болу, көшеде халықтың сенен автограф алуы керемет, күшті деп ойлайсың ғой. Өсе келе көзқарас өзгереді екен. Өйткені ол бір тиынға да керек емес! Иә, сені таниды, біледі одан пайда жоқ. Дегенмен өзім камераның алдында шабыт аламын, сондықтан мамандығымды жақсы көремін.

Әрине, адамдардың танығаны жағымды әсер қалдырады. Мен Түркияда жүрсем де, елде болсам да өзімді Назерке сезінемін.


Қарашаш Есенбай: Естуімше "Шабытта" оқып жүрген жеріңізден кетіп, Америкада білім алыпсыз. Екі елдегі актерлер мектебінде қандай айырмашылықтарды атар едіңіз?


Назерке Назарова: Негізі мектеп бітіретін кезде Америкаға кеткім келген. Бірақ іштей қорқыныш болды, ата-анамда да сондай уайым болды. Сосын Жүргеновке атындағы Өнер академиясына түскім келген, бірақ «Шабыт» бұйырып сонда грантқа оқуға түстім. Дегенмен ол жерде оқып жүргенде өзімнің табиғатыма келмейтін дүниелер болды. Әрине, бұл ойымның мұғалімдерге қатысы жоқ. Сабақ беретін мұғалімдер өте талантты, білімді. Бірақ театрландырып, дауысты өзгертіп оқытады, ал маған өзім болған ұнайды. Мысалы, Голливудта оқу басқаша екенін түсіндім. Оқуға барғанда соған толықтай көзім жеттік. Ол жақта бізді кино әлеміне көбірек баулып, бос, еркін болуды үйретті. Ең маңыздысы - еркін болу.


Қарашаш Есенбай: Алдағы уақытта өзіңізді қандай рөлдерде көргіңіз келеді? Ол үшін нендей жұмыстар атқарып жатырсыз?


Назерке Назарова: Алда не күтіп тұрғанын білмеймін ғой, сондықтан ештеңе айта алмаймын. Бірақ бір түсінгенім, толық қыздарға рөл өте аз. Алдымен, өзімнің денсаулығым үшін арықтағым келеді, қазір соны қолға алып жүрмін. Бірақ қатты салмақ тастаған жоқпын, өйткені Түркияның тамақтары адамдары арбайды (күліп).

Алдағы уақытты кинода өзіме қарама-қайшы қатал, жалмауыз образдарды ойнағым келеді


Қарашаш Есенбай: Актер мамандығынан алыстаған сайын қарайып қалатын сияқты. Өзіңіз одан қорықпайсыз ба?


Назерке Назарова: Бұл сұрағыңыз өте орынды. Өйткені, түсірілімдерсіз шынымен де актер өзгеріп, алыстап қалады екен, осыған көзім толық жетті. Мысалы, мен «Я пышка» фильмінен кейін карантин басталып, бір жылдан кейін ғана «Почти мачо» деген екінші фильмге түстім. Сол кезде рөлге кіре алмай қиналдым. Жарты жылдай фильмнен алыс болып, сезіну қиын болды. Сондықтан актер өзі үшін үйреніп, жаттығып тұру керек.



Қарашаш Есенбай: Назерке, сөз соңында өзіңіздің жеке өміріңіз туралы да білгіміз келеді.


Назерке Назарова: Жеке өмірім аса қызық емес шығар, өйткені қазір саудамен айналысамын. Түбегейлі кинода жүрген жоқпын. Бүгін ғана Алматыға келдім, осында жаңа кино шығып жатыр, сонда бухгалтердің рөлін сомдаған едім. Ал негізінен сол саудамен айналысып, кәсіп жасап жүрмін.


Қарашаш Есенбай: Назерке, жолда болғаныңызға қарамастан уақыт бөлгеніңізге көп рақмет! Шабыт пен табыс тілеймін!


"Я - пышка" фильмінің толық нұсқасы