"Қалаулым» көру ұят емес!": Шаһ-Керім Кәрменовпен сыр-сұқбат

0
1 967

Менің бүгінгі кейіпкерім - "Бір болайық" жобасының жүргізушісі, журналист Шаһ-Керім Кәрменов.


Қарашаш Есенбай: Сәлеметсіз бе, Шах мырза! Сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Тек қазақ көрермені емес, қазіргі таңда бірқатар ТМД елдерінің аудиториясын жаулаған, бастапқыда «Қалаулым» атымен танылып кейін, «Бір болайық» атауына ауысқан бағдарламада қызмет етіп жүргеніңізге алты жылдан асты. Бағдарламаның осыншама рейтинг жинауы, сұраныстан түспеуінің сыры неде?

Шаһ-Керім Кәрменов: Бағдарламаның осыншама рейтинг жинауының сыры – мәселені, жалпы өмірде қалай бар, солай көрсетуінде, мейлінше шынайылығында деп айта аламын. Өйткені, мұнда шынайы өмір, шынайы тағдыр, шынайы адамдар. Ел көрмейтін жұлдыздар емес, елдің қатарынан қосылған адамдардың тағдыры мен өмірін, олардың махаббаттары мен ара қатынастарын тікелей эфирде көргеннен кейін жоба қызықты деп ойлаймын. Жалпы шынайылық адамды көруге мәжбүрлейді. Жоба сонысымен қызық. Біз қарапайым телехикаяны көрген кезден оның драматургиясына қайран қаламыз. Ал бұл жерде сценарий емес өмірдің өзі сценарий болып жазылғаннан кейін оны көру қызық. Жалпы реалити–шоудың форматы сондай.

Қазақ телевидение тарихында реалити–шоу форматында бізге дейін бағдарламалар түсірілген. Ал «Бір болайық» жобасы шын мәнінде реалити форматында мәселені нүктесіне дейін қазбалап, көгілдір экран алдына шығарады. Ал мен тәжірибені осы бағдарламаны жасақтау барысында жинадым. Шетелдік реалити шоу бағытындағы жобаларды да қарап, салыстырдым. Бірақ шынын айтсам, шетелдік жобалар маған қатты тәжірибе берді деп айта алмаймын. Себебі, реалити шоу әр елдің өзіндік табиғаты мен ерекшеліктеріне сай етіп жасау керек. Мысалы, көрші Ресей мемлекетінің реалити шоу бағдарламасы мен Оңтүстік Кореяда жасайтын реалити бірдей емес, олардың формулалары бір-біріне сай келмейді.

Қарашаш Есенбай: Жасыратыны жоқ, «Қалаулымды» көрмеймін, «бағдарламада етектен төмен әңгімеден басқа ештеңе айтылмайды» дейтіндер, сол «Қалаулымның» нағыз фанаты болып шығады. Сонда «Қалаулымды» көру ұят па?

Шаһ-Керім Кәрменов: «Қалаулым» көру ұят емес! Мен оған көп жағдайда түсіністікпен қараймын. Біздің ұлттық менталитетте мынадай фактор бар. Біз той жасасақ, «ел не дейді?» деп ел үшін жасаймыз. Өте жақсы отбасы болып көрінгіміз келеді, ажырасуды трагедия деп санаймыз. Неге? Өйткені біз, өзіндік өмірді сүре тұра, елдің алдында «қалай көрінеміз?» деген оймен жүреміз. Шынайы өміріміз бен елдің алдында көрсететін «әдемі» өміріміз осылайша бір бірімен үйлеспей тұрады. Біз «ауруымызды» жасыруға бейімбіз ғой.

Қарашаш Есенбай: Алты жылда қаншама тағдырлы жандарды кездестірдіңіз. Кәсіби тәжірибеңізді негізге ала отырып айтыңызшы, біздің қоғам кімнен қорқуы керек? Ажырасқан еркектен бе? Қайтып келген қыздан ба?

Шаһ-Керім Кәрменов: Жалпы журналистиканың мақсаты - қоғамның айнасы болу. Қоғамда қандай мәселе бар соған қоғамның өзінің назарын аудары. «Ауруды жасырғанмен, өлім әшкерелейді» деген сөз бар. Біз мәселені қалай бар, солай қабылдап үйренуіміз керек. Және сол түйіткілді мәселені сол қалпында қалдырып қоймай, шешу жолдарын ойлануымыз керек. Мен үнемі айтамын, әр дүние отбасының ішінен басталады. Бізде ата-аналар балаларымен ашық сөйлесе алмайды. Біз достарымыздың алдында басқамыз, ал ата-ана алдында басқа боламыз. Ата-ана баласымен кез келген тақырып пен мәселені ашық талқылай алуды үйретуі керек деп ойлаймын. Егер олай болмаса, бала ата-анасынан кейде қорқып, кейде жасқанып көп дүниелерді жасарып қалады. Отбасылық бағдарламаны жүргізіп жүргеніме алты жылдан асты. Менің тәжірибемде көп ата-ана баласының ортада, достарының арасында қандай екенін білмейді. Кейде жасырған дүниелері әшкере болып жатады. Бұл өз балаңмен әу баста мәселені ашық талқылауды үйретпегеннен туындайды деп санаймын. Осы мәселеге назар аудару керек сияқты. Бізде мынадай факт бар. «Мен жігітті жақсы көрмеймін, мені алып қашты, елім мен ата-анам не дейді деп сол үйдің босағасында қалдым» деп жатады. «Мен жігітті сүймей қосылдым, ол жігіт мені кейін ұрды, шыдай алмаған соң ажырастым» деп жатады. «Бірақ сонда да ата-анам мені қабылдамай жатыр» деген тақырыптар біздің бағдарламада көп талқыланады. Шындығында, осындай тағдырды басынан кешіріп жүрген қара көз қарындастарымыз көп. Бұл да ата-ана мен баланың кез келген мәселені дер кезінде ашық талқыламағанынан туындаған деп есептеймін.


Қарашаш Есенбай: Айта кетіңізші, сіздің ойыңызша, алып қашу дұрыс па?

Шаһ-Керім Кәрменов: Егер алып қашу дәстүрі келісіммен болса дұрыс деп ойлаймын. Өкініштісі, келісімсіз алып қашса, екі жас бір-бірімен келісе алмай, кей жағдайларда қыздың тағдыры сынып жатады. Бұл қазіргі заманда, қасірет дер едім. Келісімсіз алып қашуға қоғам болып қарсы тұрып, бас тарту керек деп есептеймін.

Қарашаш Есенбай: Бағдарламада ене мен келін мәселесі көп қозғалады. Сіздің ойыңызша, ене мен келіннің арасын қандай қасиеттер көркемдейді?

Шаһ-Керім Кәрменов: Мәселенің тамыры басқа жақта жатыр. Мәселенің түйіткісі оқиға кейіпкерлерінде емес, меніңше үш тарапты да психологиялық тұрғыдан дайындау керек. Мысалы, қайын атасы мықты үйде келін мен ене арасында жанжалдар аз болады. Себебі, көш бастайтын еркек, мәселені ушықтырмай, ақылмен орны орнына қоятын да еркек.

Жалпы келін құл емес. Басқа отбасында өсіп, басқа тәрбие алған қыз бірден екінші отбасыға сіңісіп кете алмайды. Келін де адам баласы, ол да белгілі бір күйзелісті басынан өткереді. Сол себепті мен бастапқы үш жылдың ішінде келін сол үйдің ережесіне кірігіп, түсініп, бірігіп кеткенше, оған жүк салуға болмайды деп ойлаймын. Түптің түбіне келгенде, ененің де келіннің де махаббаты бір адамға түйісіп отыр. Келін күйеуін жақсы көрсе, ене баласын жақсы көреді. Осы махаббаты негізге ала тұра, ақылмен кез келген мәселені шешуге болады деп есептеймін.

Қарашаш Есенбай: «Бір болайық» отбасылық бағдарлама. Сіздің ойыңызша, бақытты отбасының формуласы қандай? Отбасының берекесі кімде? Әйелде? Әлде ер азаматта?

Шаһ-Керім Кәрменов: Бұл сұраққа маған дейін де адамдар жауап бере алмаған, менен кейін де ешкім нақты жауап бере алмайды. Менің пікірімше, екі адам ақыл мен жүректі бір арнаға тоғыстырып, санамен қосылса, қандай жанжал болмасын алдын алуға болады. Әрине отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әйел «кетем» демесе, ер азамат «кет» демесе, жалпы бұл сөзді екі адамда лексикондарынан алып тастаса онда түйінді шешуге болады.

Қарашаш Есенбай: Сіз әнші, жазушы Жәнібек Кәрменовтің сүт кенжесісіз. Әкеден небәрі екі жарым жаста қалған Шаһ-Керім қандай бала болды?

Шаһ-Керім Кәрменов: Бәрі толық есімде деп айта алмаймын. Мен сізге былай түсіндірейінші. Сіз мысалы, ұйықтап жатып түс көресіз де оянған соң сол түс нақты деталіне дейін есіңізде. Жиырма минут өткен соң елу пайызы есіңізде болады да, бір күн өткеннен кейін есіңізге түспей қалуы мүмкін. Менің әкемнің есімде қалуы сол түс, елес сияқты. Кейде «менің қиялым әкем туралы естелікті шығарып алды ма, әлде шынымен болған естелік пе» деп ойланып қаламын. Әкемнің образын құрдастарының айтуымен, замандастарының жазып қалдырған естеліктерін оқып санама түюмен жасақтап алдым. Хакім Абай «Өлді деуге сия ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дейді, мен бұл жолдарды абстрактілі емес, әкеден екі-ақ жаста қалған, есіне ештеңе сақтай алмаған бала ретінде, практика жүзінде менің өмірімде дәлелденген деп айта аламын. Хакім Абай болсын, менің әкем болсын, жалпы қаламгерлер мен халқына өшпес ісі мен ізін қалдырған тұлғалар өлімді жеңеді. Өйткені, мен әкемнің қасында отырып, естеліктерін айта алмасам да, мен үшін әкем көп тірі әкелерден артық есімде қалды, көп тірі әкелерден артық рухани тәрбие берді. Өйткені ол жазбалары арқылы маған қалай өмір сүру керектігін, неден үйреніп, нені жирену керектігін сілтеме арқылы көрсетіп кетті. Мен әкем болмаса да жетім өстім деп айта алмаймын. Әкем қасымда сияқты. Себебі менің әкемнің әні бар, үнтаспада жазылып қалған үні бар, жазып қалдырған мұрасы бар, халықтың айтары бар. Бұлардың бәрі бар кезде менің әкем өлмейді.

Мен жалпы әкемнің өлгенін ерте жаста ұқтым. Анам менің бала көңілімді алдап «Әкең Түркияда іссапармен жүр» дейтін, ал мен анамның көңілін жараламайын деп артық сұрақ қоймайтын едім. Сөйтіп бір-бірімізді алдап жүретінбіз. Ал әкеме деген қатты сағыныш бозбала кезімде үдей түсті. Мен мамандықты өте ерте таңдадым. Қателеспесем 7-8 сынып оқитын кезде нақты журналист боламын деп шештім. Журналистиканың қандай сала екенін нақты біліп таңдадым. Менің өмірімде екі жол болды, бірі әнші болу, бірі-журналист. Мен өзім ән айтқанды жақсы көремін, әкем жазып кеткен «Дәстүрлі әндер» антологиясының сексен пайызын жатқа білемін. Әншілікті қуалау ойым болған негізі. Кәрменов тегін арқалап Жәнібектей әнші бола алмай, орта жолда қалсам әкем не дер екен деп қатты ойланған кездерім болды. Сондай сәттерде әкемнен ақыл сұрап, бағыт алғым келіп, қатты сағынған едім... ақылға саралап журналистика саласына келдім.


Қарашаш Есенбай: Ал балаңыз Әміржанда әншілік қасиет бар ма?

Шаһ-Керім Кәрменов: Ия, оны байқап жүрмін. Музыкалық қабілеті бар. Естіген дүниесін бірден қайталап бере алады. Болашақта баламның бұл қабілетіне ерекше назар аударатын боламын.

Қарашаш Есенбай: Жәнібек Кәрменов туралы естеліктерде әкеңіздің бойында ерекше талант, қасиет болғаны көп айтылады...

Шаһ-Керім Кәрменов: Әкемде қасиет болды деп нақты айта алмаймын. 22 наурызда дүниеге келді деп жатады, бірақ біз 22 ақпан тойлаймыз. Жалпы әкемнің дүниеге келу тарихы ерекше. Әкем көшпенді дала мектебінің шәкірті болды. Екі түйенің арасында, Жәнібек жазығында апамыз әкемді бауырына басқан деген аңыз бар. Ол кезде жер шалғай, бала өмірге келді деп тіркеу үшін де біраз уақыт қажет. Әкемді дүниеге келді деп тіркеп, туу туралы куәлік алу мүмкіндігі наурызда пайда болған ғой. Ал 22 маусымда өмірден қайтты. Тұрсын Жұртбайдың естеліктеріне сүйенсек, әкем өмірден өтерін сезген екен. Анасы әкемнің түсіне еніп «шаршап жүрсің ғой балам, саған үй дайындап қойдым» депті, көп ұзамай әкем бақилық болыпты. Соған қарағанда әкемнің сезгіш қасиеті болған, оған айқын дәлел «Өмір туралы» толғауы. Сонда өзі жазып кеткен мынадай жолдар бар: «Жалғыз шықпа сапарға, Өкініште қаларсың» және өзі де қайта «Мұңайма, Жәке, мұңайма, Сабыр ет енді жүрегім, Сен де бір күні тоқтарсың, Оны да жақсы білемін. Бас имей жүрген тағдырға, Дертті жанның бірі едім, Адам боп келдім өмірге, Адам боп кетсем деп едім, Бәріне соны тіледім». Бәрі «ерте кетті» деп жатады ғой, бірақ менің әкем туған күнін жылына екі рет тойлайтын. Сондықтан қырық екі жасында өмірден өтсе де, сексен төрт жастағы қарияны ақылы мен көрегендігі бойында болды деп есептеймін. Әкем мына өмірде сүйген жарына қосылған, балаларының қызығы мен жетістігін көрген азамат. Адам боп келіп, адам боп кету арманына менің әкем жете алды. Арманы орындалған адам ретінде, менің әкем бақытты адамдардың қатарынан болды деп айта аламын.

Қарашаш Есенбай: Әкеден қалған мұра қазір қалай сақталып жатыр? Әкеңіздің даусы жазылған үнтаспа телерадио кешенінің алтын қорында бар. Десек те оның келешегіне алаңдамайсыз ба? Мұра өшпесін деп, арнайы сайт немесе канал ашып сақтап қою жұмыстарын жүзеге асырдыңыз ба?

Шаһ-Керім Кәрменов: Әкемнің мұрағаты жинақтаулы тұр. Үлкен платформаға салғым келеді. Жұмыстың біраз бөлігі атқарылды, тек техникалық жұмыстарды күтіп тұр. Платформа дәстүрлі ән жолын таңдап, оны зерттеймін деушілерге 24/7 қолдануына қолжетімді болса деймін. Өкініштісі, «Алтын қорда» кей әншілердің 300-ге жуық әні бар болса, әкемнің 20-ға жетер жетпес әні сақталыпты.

Қарашаш Есенбай: Сіз Әміржанды қалай тәрбиелеп жатырсыз? «Жәнібек Кәрменовтің немересі» қандай болуы керек?

Шаһ-Керім Кәрменов: Адам болуы керек. Өзінің атасы нұсқап кеткендей, адам деген атқа лайықты жүруі керек.

Сұхбатыңызға рахмет!