Данияр Базарқұлов​: "Мен ешқашан актер болуды армандаған емеспін!"

0
2 116

Данияр Базарқұлов​:​ Егер сценарий, режиссер, идея мықты болса, мен тегін жұмыс істеуге дайынмын.


Данияр Базарқұлов​:

Ол бала кезінен заң қызметкері, әскери адам болуды армандаған. Бірақ аулада бірге өскен балалардың үгіттеуімен кездейсоқ театр институына оқуға түседі. Ең қызығы - ол үшін театр таңсық дүние емес. Себебі ол театрда туылып, театрдың шаңын жұтып өскен. Менің бүгінгі кейіпкерім – актер, режиссер, Халықаралық фестивальдердің жүлдегері, жақында ғана тұсауы кесілген «Жол» театрының жетекшісі - Данияр Базарқұлов.

Қарашаш Есенбай: Сәлеметсіз бе, Данияр мырза! Сізді Ораза айтыңызбен құттықтаймын. Орайы келіп тұр екен, жеке театрыңыздың ашылуымен құттықтаймын! Жеке театр ашу идеясы қашан және қайдан келді?

Данияр Базарқұлов: Қайырлы күн, Қарашаш! Сізді де ораза айтыңызбен құттықтаймын! Рахмет, ия жеке театр ашу көптен бері ойымда жүрген еді. Бірақ көп жерде басшылық қызметте жүрген соң, шығармашылыққа уақыт арнай алмадым, бұйырған уақыты осы болды. Биыл жеке театр ашуға белшене кірісіп, труппаны жастардан жинақтадым. Бұл өзі антифризный театр. Бізде қазір арнайы орталық жоқ. База ретінде «OzgeEPIC» креатив хабының Алматыдағы кеңістігі көмекке келді. «OzgeEPIC» құрылтайшылары Мақпал Жұмабай мен Тоғжан Құрманжанова ханымға алғыс айтқым келеді. Театрымыз құрылған күннен бастап кастингті сол кеңістікте өткіздік. Ашылу салтанаты «Жас сахнада» өтті. Ал қазір «OzgeEPIC» залында алғашқы спектаклімізге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Қарашаш Есенбай: Бір сұхбатыңызда «Әкемнің жолын арнайы қумасам да, өмір өзі кездейсоқ осы жолға салды» депсіз. Неге кездейсоқ? Сіздің бала арманыңыз қандай еді?

Данияр Базарқұлов: Мен ешқашан актер болуды армандаған емеспін. Мен бала кезде заңгер немесе әскери адам боламын деп ойладым. Балалықпен, бір аулада бірге өскен балалардың үгіттеуімен театр институтына түскен едім. Бірақ кейін бойымда әкемнің қаны арқылы Алладан маған сәл де болса дарыны берілгенін байқадым. Уақыт өте келе осы мамандықты таңдағаныма өкінген жоқпын, керісінше қуандым. Қазір бақыттымын!

Қарашаш Есенбай: Сегіз жылдан аса Орал қаласында актер, кейіннен Мүсірепов театрында актер, режиссер, тіпті көркемдік жетекші қызметін де атқардыңыз. Сіз көркемдік жетекші болып тұрған тұста, театрға қандай жаңалық немесе өзгеріс әкелдіңіз?


Данияр Базарқұлов: Өнер академиясын тәмәмдаған соң, бір курсты бітірген сегіз студентті Орал қаласына жаңадан ашылған театрға жіберді. Сол жақта сегіз жылдан аса жұмыс істедім, үлкен тәжірибе жинадым. Білікті режиссерлермен етене жақын болдым. Орал театрында кез келген актер армандайтын рөлдерді сомдадым десем артық айтқаным емес. Орал театрында жүріп актер ретінде ашылдым, студенттерге сабақ бердім, радиода жұмыс істедім, филармонияда жүргізуші болдым, біліктілігімді шыңдадым. Біраз тәжірибе жинақтаған соң, киноға түсу үшін, кеңістікке қанатымды кең жайып, армандарыма жету мақсатында Алматыға қоныс аудардым. Өзімнің туған жеріме осылайша қайтып келген жайым бар.

Қарашаш Есенбай: Данияр мырза, «сырт көз сыншы» дегендей. Сіз Мүсірепов театрында көркемдік жетекші қызметін атқарған тұста, «театрға ешқандай өзгеріс әкелмеді» деген сыбыс бар. Сіз бұл пікірге не дейсіз? Және өзіңіздің жеке театрыңыз көрерменді немен таң қалдырады?

Данияр Базарқұлов: Мен 2021 жылы 11 наурызда Ғ.Мүсірепов атындағы балалармен жасөспірімдер театрына көркемдік жетекші болып сайландым. 14 наурызда пандемия басталып, еліміздегі барлық театрлар онлайн режиміне ауысты. Біраз қиындықтарға тап болдым. Пандемия кезінде жұмыс істеу ауыр болды, бірақ "Театрға өзгерістер әкелмедім" деп айта алмаймын. Артта қалған дүниені еске сала берген өзіме ұнамайды, дегенмен айта кетейін. Сол кезде біздер көптеген жоба жасауға тырыстық, солардың бірі театрдың ютуб арнасында "live" режимінде канал аштық, балаларға арнап ертегілер түсірдік, әлеуметтік желілерде халықты сабырға шақырып неше түрлі сұхбаттар, тікелей эфирде концерттер мен спектакльдер ұйымдастырдық. Карантинде жатпай тұрмай, жиырма төрт сағат телефонда отырған кездерім де болды. Пандемия кезінде біздің ойлаған мақсаттарымыз, құрған жоспарларымыз іске аспай қалды. Сондықтан біз көбісін онлайн түрде жасадық. Адам болған соң артымыздан сыбыс ере береді, бұл - өмірдің заңдылығы. Бірақ ешқандай өзгеріс әкелмеді деу- үлкен қателік. Әр адам басшы болған кезде өзгеріс әкелуге тырысады. Ал мен қолымнан келгенше барлығын жасадым, онлайн түрде театрдың жұмыс істеуін тоқтатқан жоқпын. Бүкіл Қазақстанның театрларының статистикасы бойынша Мүсірепов театры бірінші орында тұрды. Үлкендерге де, кішкентай балаларға да арналған неше түрлі бағдарламаларды ұйымдастырдық. Мен көркемдік жетекші қызметін атқарған кезде шыққан «Шағала», «Құлагер», «Баянсыз бақ» секілді спектакльдер көрерменге жол тартты және бұл аталған қойылымдардың барлығы дерлік сәтті шықты деп айта аламын. Одан бөлек біз болашаққа көп жоспар құрдық, өкініштісі, мен оларды жүзеге асыра алмадым. Себебі мен Түркістан қаласында ашылған театрға бас режиссер ретінде шақыртумен ауысып кеттім.

Қарашаш Есенбай: Режиссер ретінде айтыңызшы, сіз көрерменнің сұранысын қанағаттандырып жүрсіз бе?

Данияр Базарқұлов: Әр режиссердің өзінің қалыптасқан қолтаңбасы, жеткізгісі келетін ойы болады. Ал мен көрерменнің сұранысын қаншалықты қанағаттандырып жүргенімді білмеймін, бірақ мен барынша өз көрерменімді іздеп, және ойымдағы дүниені солармен бөлісіп жүрген режиссермін.

Қарашаш Есенбай: Сіздің режиссураға қызығушылығыңызды арттырған «Ол» моноспектаклі. Ал алғашқы дебютіңіз «Шыңырау түбіндегі» спектаклін сахнаға шығару процесінде режиссураның методикасын, театр сахнасындағы функциясын жетік қолдана алдыңыз ба?

Данияр Базарқұлов: Енді «Ол» моноспектаклі,«Шыңырау» спектаклі барлығы бастама ғана. Олардың қателіктері де бар. Біз бұл спектакльдерді үлкен сараптамадан өткіздік, театр сыншыларын бір емес, бірнеше рет шақырып талқыладық, түзетулер жасадық. Бұл спектакльдер бірінші дебют болса да, көрермен арасында өз бағасын алған, бірнеше мәрте Халықаралық жүлделерге ие болған, Гран При алған қойылымдар десем артық емес. Мен «Ол» моноспектаклі арқылы «Ең үздік ер адам бейнесін» алдым. Қос спектакльде маған жеңіс әкелді, ойлаған армандарыма жеткізді.

Қарашаш Есенбай: Сіз режиссер ретінде талай туындыға сахнада өмір бердіңіз. Жалпы сәтті шыққан спектакль қандай болуы керек?

Данияр Базарқұлов: Әр режиссер барлық спектаклін сәтті қоюы мүмкін емес. Егер қандай да бір спектаклі сәтсіз шықса, кейбіреулері сәтті шығады. Бірақ әр қойылым өзіңнің ішіңнен шыққан балаң сияқты ыстық. Сондықтан әр спектакльге деген махаббат ерекше. Ең қиыны - жаңадан қойылым бастағанда өміріңде алғаш рет спектакль қоятындай күй кешесің.

Қарашаш Есенбай: Сіздің ойыңызша, қазақ театры қай бағытта, қандай формада жұмыс істеуі керек?

Данияр Базарқұлов: Қазақ театры әртүрлі бағытта болуы керек сияқты. Біз де біраз илеуден өтіп барып, өзіміздің бағытымызға түсетін шығармыз деген сенімдемін. Сол үшін қазір біраз жұмыс атқарылып жатыр. Мен өз тарапымнан айтар болсам, мен қазақи стильді қалыптастырғым келеді. Қазақи стиль деген тек қазақша қойылымдарды қою емес, шетел, орыс драматургиясын қойып, сол жерден қазақ болмысына тән ойды көрсету.

Қарашаш Есенбай: Қазақ театры өз функциясын дұрыс атқарып жүр ме?

Данияр Базарқұлов: Театрлар көп, әркім өз бағытында жұмыс істейді. Біреулерінің бағыты ерте қалыптасса, бірі қателесіп жатады. Бұл өмірдің заңдылығы. Әр түрлі формада, әр түрлі бағытта, әр түрлі деңгейде, әр түрлі режиссерлер қалыптасып жатыр. Ал даму жағына келер болсақ, біз соңғы қатарда емеспіз деп есептеймін. Қазақстан театрлары өзінікін дәлелдеп, үлкен халықаралық аренаға шығып жүр.

Қарашаш Есенбай: Сіз актерсіз, сіз режиссерсіз. Айтыңызшы, режиссер мен актер арасындағы үзілмес арқау қандай қасиеттермен бекиді?

Данияр Базарқұлов: Актерліктен бастап бағытты режиссураға бұрып кеткеннен кейін, көрерменнің қабылдауы да қиын екен. Мені бірінші актер болып қабылдағаннан кейін, үлкен сынақтарға тап болдым. Олардың барлығынан өттім. Дегенмен қазір театр сахнасында актер болып ойнағаннан, режиссурамен айналысқанды ұнатамын, соны сүйемін, сонымен ауырамын. Режиссураны зерттеп жүрмін. Болашақта актер ретінде сахнаға шығуым да мүмкін, әрине. Актер болуда оңай емес, әр кез формада жүруің керек. Спектакльдерде сәтті ойнау үшін психологиялық, моральдық қалпыңды сақтай білуің керек. Сондықтан мен салмақты көбіне режиссура жағына салдым. Бірақ киноға ұсыныс түсіп жатса, бірден келісім беремін.



Қарашаш Есенбай: «Жол» театрына оралсақ. Әкеңіздің құрметіне ашылған жеке театрдың алғашқы премьерасын қашан көре аламыз?

Данияр Базарқұлов: Әкеме қалай құрмет көрсетсем деп ұзақ ойландым. Әкем Жоламан Базарқұлов Жезқазған театрында жұмыс істеген, көптеген рөлдерді сомдаған, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» спектаклінде Қозыны ойнап, Алматыға келіп фестивальдерде үлкен резонанс тудырып, Мысыр асып Каир қаласында да өз өнерін көрсеткен. Театр әлемінде менің әкемді танымайтын жан кемде-кем. Тағдыр маңдайыма жазып мен әкемнің жолын қудым. Әкеме деген құрметімді көрсету мақсатында, театрдың атын «Жол» деп қойдым. Театрдың жолы ашық, ғұмыры ұзақ болсын! Ал біздің театрдың алғашқы қойылымының премьерасы мамырдың орта тұсына жоспарланып отыр. Қазір қызу дайындық үстіндеміз.

Қарашаш Есенбай: Актер Базарқұлов, режиссер Базарқұлов, жетекші Базарқұлов? Айырмашылықтары мен ұқсастықтары?

Данияр Базарқұлов: Мен актер, режиссер, көркемдік жетекші дегеннен ешқандай айырмашылық көрмеймін. Себебі, ең бастысы кім болсаң да шығармашылықпен айналысып, айналаңдағы жастарға өз пайдаңды тигізу, өнерге барыңды беру, жаңа туындылар алып келуің керек деп есептеймін.

Қарашаш Есенбай: Ал әке Базарқұлов қандай?

Данияр Базарқұлов: Менің әкем туралы айтар болсам, ол өте салмақты адам болған. Әкем екеуміздің арамыз аға мен іні сияқты. Себебі мен бала кезімнен атам мен әжемнің қолында өстім. Ал әкем 43 жасында мен 23 жаста болған кезде өмірден өтіп кетті.

Ал өзіме келер болсам, мен балажан адаммын. Менің ең осал тұсым, әлсіз жерім - бала. Сондықтан мен балаларыма барымды саламын. Білім мен тәрбиені қатар беріп жүрмін. Ал келешекте олар өнер адамы бола ма, басқа жолды таңдай ма оны уақыт көрсетеді.

Қарашаш Есенбай: Данияр мырза, сіз тек театрда ғана емес, кино әлемінде де өзіңіздің қолтаңбаңызды қалыптастырып келесіз. Сізге қайсысы жақын? Театр әлде кино?

Данияр Базарқұлов: Ия, біраз Қазақстандық сериалдарға түстім, толықметражды киноларда жарқылдап көріне алмадым. Бірақ біраз күттім. Кез келген нәрсе өз орнымен уақытында келеді.

Кино - тылсым дүние. Театр - ерекше. Қазіргі таңда менің өмірім театрмен байланысты. Киноны да сағынып қалдым, қазір киноға түскім келеді. Егер жақсы кино, жақсы сценарий болса бас тартпаймын. Режиссер өзінің картинасында көргісі келсе, ұсынысқа ашықпын.

Қарашаш Есенбай: Киноға ұсыныс түскен кезде алдымен неге мән бересіз? Сценарийге ме? Режиссерге ме?

Данияр Базарқұлов: Кез келген актер сценарийге, сосын режиссерге қарайды. Ал мәселе гонорарға келсе, әрине ұсақ түйекке түсе бергеннен көрі, өзіңнің жеке шығармашылығыңмен айналысқан дұрыс сияқты. Себебі, қазір біздің уақытта кім көп, актер көп. Бір эпизодқа түсе қалса, актер болып кетеді. Сондықтан осы тұста біздің елде заң қабылданса деп ойлаймын, не дегенмен, кәсіби актерлердің орны болуы керек деп есептеймін.

Қарашаш Есенбай: Ал гонорар сізді қаншалықты қызықтырады?

Данияр Базарқұлов: Егер сценарий, режиссер, идея мықты болса, мен тегін жұмыс істеуге дайынмын.

Қарашаш Есенбай: Сұқбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!