"Біздің роликті көрген жігіттің намазға келгенін естігенде жүрегім елжіреп кетті": Белгілі актрисамен сыр-сұқбат

0
7 990

Жәудір Сарыпбекова - актриса, "Серпер" Жастар Сыйлығының Лауреаты


Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Жәудір ханым! Сізді көктем мерекесімен құттықтаймын! Мерекені қалай қарсы алдыңыз және осы мерекеде алған ең ерекше сыйлығыңыз қандай?


Жәудір Сарыпбекова: Сәлеметсіз бе? Танысқаныма қуаныштымын, сізді де мерекемен құттықтаймын! Бұл жылы жолдасым 8 наурызға сыйлықты алдын ала сыйлады. «Өзіңе ұнаған киімдеріңді ал» деген кейін, бір күн бұрын таңдап, сатып алдым. Ерекше сыйлық дегенде, маған жолдасым не сыйласа да ерекше болып көрінеді (күліп). Бірақ өзім сыйлық күтіп, не береді, қандай болады деген ойға берілмеймін. Өйткені Руслан мерекесіз-ақ сыйлықтар жасап, қуантып тұрады.

Жақында бір Бану деген қызбен танысқан едім. Сол қыз хабарласып, хадиямыз бар деп сыйлық беріп жіберіпті. Ішінде шоколод пен діни кітабы бар қорапшаны көріп қатты әсер алдым. Оны да бір ерекше әсер еткен сыйлық десем болады.


Қарашаш Есенбай: Жәудір ханым, театр акрисасынан бұрын сізді көпшілік әлеуметтік роликтер арқылы жақсы таниды ғой. Осы роликтерге түсу қалай басталып еді және ұсыныс түскенде олардың мазмұнын саралайсыз ба?


Жәудір Сарыпбекова: Театрда 2009 жылдан бері жұмыс істеймін. Қалай болғанда да театр бірінші орында, өйткені сол театр арқылы танылдық. Роликтерге, киноға түсуімізге театр себепші болды. Дегенмен дұрыс айтасыз, көрерменге мені жақынырақ таныстырған - әлеуметтік роликтер. Бұл да бір бақ шығар?! Қысқа 1-3 минуттық видеолар желіде тез таралады. Сол әлеуметтік желінің арқасында көп таралып, қай қалаға бармайық танып, суретке түсіп, жақсы пікірлерін білдіріп жатады.

Ең бірінші «Көке» деген сериалға Руслан екеумізді ерлі-зайыптылардың рөліне таңдады. Сонда мен жағымсыз кейіпкерді сомдадым, содан бастап көбіне жағымсыз рөлдерді ұсына бастады (күліп). «Алғаның жаман жолықса» деген роликке де режиссері Рахымжан деген жігіт «Осы рөлді Жәудір әпке ойнасыншы, реңі суықтау көрінеді» деп таңдап алған (күліп). Ал өмірде оншалықты қатал мінезім жоқ. Дегенмен мінез болмаса да, осы күнге жете алмас па едім деп ойлаймын. Мына заманда момын, жуас адам болсаң артта қалып кетуің мүмкін. Сондықтан адам болғандықтан ашуланатын да, жадырап жүретін де кездер болады. Ал рөлдерді саралауға келер болсақ, әрине жіті қараймын.




Қарашаш Есенбай: Көп роликтерде мінезді, жайсыздау әйелдің бейнесін бересіз. Режиссер сол арқылы бір үлгі беріп, ой салғысы келетін шығар?! Десе де неге әйелдердің қателігі арқылы көрсетуі керек, осы мәселе бойынша ойланып көрдіңіз бе?


Жәудір Сарыпбекова: Өмірде ондай келін, әйелдерді көптеп көріп жүрміз ғой. Роликтегі кейіпкерлер сценарист пен режиссердің шешімі. Оларға «Неге әйелді жаман көрсетесіңдер?» дегендей әңгімеге барған емеспін. Керісінше өзіміз де мұндай адамдарды өмірде көріп жүргендіктен, сабақ алса екен деп ойлаймын. Бірде «Гарантия» деген фильмге түскенмін, онда енесіне у беретін келінді сомдадым. Фильмде ене мен келін арасындағы шайқасты көрсетуге тырысқанбыз.

Бірде таксиге мінген едім, жүргізуші сол фильмді көріпті. Оның «Менің келінім мен інім бар еді. Екеуі жиі сөзге келіп, у-шумен жүретін. Соларға сіздердің роликті арнайы жіберіп, көрсеттім. Содан кейін екеуі тіл табысып кетті» деген сөзін естігенде көзіме жас келді. Демек біздің жасап жатқан дүниеміз бір адамға болсын пайдасы тисе, еңбегіміздің жемісі, жеңісі.


Қарашаш Есенбай: Роликтерге өз жолдасыңызбен бірге түсіп жүрсіз. Кадрда серіктес болу қиындық тудырмай ма және дайындықтағы қызықты сәттер туралы айта кетсеңіз.


Жәудір Сарыпбекова: Ролик, фильмдердің түсірілімінде ешқандай қиындық болмайды. Керісінше бір-бірімізге көмектесеміз, ақыл сұраймыз. Мысалы, ашуланатын жерде осылай қатты ашуланған дұрыс па, қай жерінде қалай сөйлесем болады деген сияқты кеңесіп, бір-бірімізге қолдау білдіреміз. Үйге келген кезде де рөлдерге бірге анализ жасаймыз. Сосын әртіс болғаннан кейін жанымыздан алысқа кетпей, бірге жүрген ыңғайлы.

Осы кезде есіме бір қызық оқиға түсіп отыр. Руслан екеуміз «Көке» және «Киелі бесік» деген сериалдарға бірге түстік. Сонда екеумізді ерлі-зайыпты етіп таңдаған режиcсер «Не деген химия? Бір-бірімен керемет үйлеседі» деді. Сөйтсек біздің өмірде де ерлі-зайыпты екенімізді білмейді екен (күліп). Осы сияқты қызықты жайттар түсірілім кезінде көп болады.


Қарашаш Есенбай: Осы ретте ол кісімен қалай танысқаныңызді және отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз.


Жәудір Сарыпбекова: Руслан екеуміз театрда таныстық. 2009 жылы мен театрға жаңадан келген кезім, ол бұрыннан сол жерде жұмыс істейтін. Сол кезде мені көріп, «Осы қызды алып қашамын» деген екен (күліп). Алланың жазуымен 2011 жылы келіскен түрде алып қашып, отау құрдық. Қазір екі ұл, бір қызымыз бар.



Қарашаш Есенбай: Үлкен киноға түсуге ұсыныс болды ма? Өзіңіз үлкен кинода қандай рөлді сомдауды армандайсыз?


Жәудір Сарыпбекова: «Гарантия», «Пайғамбарға сағыныш», «Әке» деген фильмдерге түсіп жүрміз. Бірақ үлкен қаладан, «Қазақфильмнен» ұсыныс түскен жоқ, өзіміз де кастингтерге де барған емеспіз. Шымкентте негізгі жұмысымыз театрда болғандықтан, шыға алмаймыз.

Үлкен фильмдерге ұсыныс алған күнде де Руслансыз бармайтын шығармын. Отбасымды, Русланды қалдырып басқа қалада түсірілімде жүру мен үшін қиын болатын сияқты. Өйткені өзім де, Руслан да уайымшыл. Көрермендер де осылай «Неге үлкен қалаға бармайсыздар?» деп жиі сұрайды. Шымкент те үлкен қала, мегаполис! Осында жүріп түскен фильмдермен-ақ халықтың ықыласына бөленіп жатырмыз. Үлкен жобаларға түсіп, халық танымай кеткендер де бар ғой. Оның жанында қысқа метражды болса да, көптеген ізгі тілектерге жетіп, жақсылықтарға себепші болып жүрміз. Мысалы, тараздық жігіт біздің роликті көру арқылы намазға келгенін айтқан кезде жүрегім елжіреп кетті. Осыған да шүкірлік етемін!


Қарашаш Есенбай: Әр актер үшін театр ыстық. Өзіңіз де театрда қызмет етіп жүрсіз, аймақтық театрлардың жағдайы туралы айтсақ. Оларға деген мемлекет қолдауы қандауы мен көрермен ықыласы қай деңгейде?


Жәудір Сарыпбекова: Театр - киелі орда. Сол театр арқылы қаншама актерлардың бағы жанды. Мемлекеттің қолдауы ретінде былтыр карантин алдында мәдениет саласына көңіл бөліп, Президентіміздің тапсырмасымен жалақыларына үстеме қосқан болатын. Негізі мәдениет саласының, оның ішінде театр әртістерінің жалақылары аз екені белгілі.

Еңбек бар, актерлар бар, бірақ режиссерлер аз. Көп нәрсе режиссерге байланысты. Бізде мықты режиссерлер көбейсе, актерлардың еңбегі жана түсетін еді.

Негізі біздің театрға деген көрермен ықыласы, сұранысы жақсы. Актерларымыз экран арқылы таныла бастады ғой, сүйікті актерларын іздейтіндердің саны артып келеді. Мені де, Русланды да іздеп келетін көрермендер баршылық. Зал лық толмаса да, театрымыздың өз көрермені бар.


Қарашаш Есенбай: Қалай десек те, соңғы кезеңдер шығармашылық адамдары үшін оңай тиген жоқ. Карантин олардың жұмыстарына ғана емес, шабыттарына да кедергі келтіргендей. Өзіңіз қандай ой түйдіңіз? Карантин сізге қалай әсер етті?

Жәудір Сарыпбекова: Иә, рас! Актер үйде отырып қалса, қарайып қалады. Үнемі шығармашылық ізденісте жүру керек. Ал карантин кезінде қадам баса алмай қалдық, театр да, түсірілімдер де болмады. Карантин өнер адамдарына, әсіресе әншілерге айтарлықтай әсер етті. Бізде шоу-бизнестен, той бизнес жақсырақ дамыған еді ғой. Осы жағынан табыстары азайған болуы керек.

Ал театрда карантин саябырлаған сәттен бастап қарқынды жұмыс жүріп жатыр.


Қарашаш Есенбай: Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.


Жәудір Сарыпбекова: Болашақта тәлім-тәрбиесі бар роликтерді көптеп түсіру ойда бар. Бұл да халыққа қызмет ету ғой. Негізі Руслан екеуміз осы жылдан бастап вайн түсіріп жүрміз. Бірақ жеңіл-желпі емес, ой тастайтын дүниелер түсірудеміз. Болашақта фильм түсірсек деген де жоспарымыз бар.


Қарашаш Есенбай: Жәудір ханым, сұқбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін көп рақмет! Жақсылық тілеймін!


Жәудір Сарыпбекова: Сіздерге де рақмет, шығармашылықтарың шарықтай берсін!