«Бағлан Әбдірайымов киносына түсірмеді»: Жұлдызай Дүйсенбиева киноны не үшін түсіргенін айтты

0
1 535

Актриса Жұлдызай Дүйсенбиева продюсерлікке бет бұрды. Оның "Вайн емес, кино" кинотуындысы 30 наурыздан бастап халыққа көрсетіледі. Өнер иесі алғашқы кинотуындысы мен түсірілім кезіндегі қызықтар туралы ernur.kz сайтына сұхбат берді.


«Бағлан Әбдірайымов киносына түсірмеді»: Жұлдызай Дүйсенбиева киноны не үшін түсіргенін айтты

- Жұлдызай ханым, жақында «Вайн емес, кино» атты туындыларыңыз көрерменге жол тартпақ. Кино түсіру идеясы қалай басталған еді?

- Жалпы өзім драмада оқыдым. Режиссерлікке бұрыннан қызығамын. Жеке балалар театрым болған кезде қойылымдардың бәрін өзім қойдым. Балаларға арнап, толықметражды фильм де түсірдім. Енді кинопродюсерлікті де көргім келді.


- Киноның демеушісі кім?

- Киноның демеушісі мен емес. Көпшілігі өзім деп ойлап жатады. Идея келген кезде демеуші іздеп, таптық. Сосын бірден түсірілім жұмыстарын бастап кеттік.


- Фильмінің атауы, сюжеті туралы айтып берсеңіз.

- Бізді вайн арқылы көп адам таныды. «Вайнды камерамен түсіресіңдер ме?» деп таңғалып жазады. Киноны түсіру барысында осыны көрсеттік. Сол үшін де атауын солай қойғымыз келді. Ал енді сюжетін айтайын.

Бағлан Әбдірайымов кино түсіретін кезде біз де түсеміз деп қуанып жүргенбіз. Қасымдағы Әлиге «бұйырса сен бір жерде, мен бір жерде ойнап тұрмын» деп айтып қойғанмын. Сөйтсек, досымыз бен режиссері «сіздер киноға түспейсіздер, комедияда ойнаған актрисасыз, драмаға түсіре алмаймыз» деді. Сөйтіп, Әли екеуміз далаға шығып, «өзіміз кино түсіреміз» деп әзілдегенбіз. Әрі қарай осылай жалғасып кетті. Жалпы кинодағы сюжетте шынайы өмірдегі оқиға баяндалады.


- Басты рөлді кім сомдайды?

- Вайнға бірге түсіп жүрген Әли қайным екеуміз сомдаймыз. Ал жалпы киноға Асанәлі Әшімов ағамыз түсті деп қуана айтар едім. Ол кісіні түсіруіміздің өзі қызық болған.

Түсірілім кезінде Асанәлі Әшімовке барып, өтініш жасадым. Бастапқыда қарсылығын білдірді. Сосын сол жерде отырып, жылап жібердім. «Ағай, сіздің қарсылығыңызға жылап жатқан жоқпын. Шаршағанымды басып жылап алайыншы» деп жылап болған соң, кетіп бара жатыр едім. «Тоқташы, сценарийді көрсетші» деді. Ішімнен барымды тілеп, сценарийімді көрсеттім. «Онда кешке қарайын» деп алып қалды. «Жарайды, аға. Түспесеңіз, ренжімеймін. Жылағанымның бұған қатысы жоқ» дедім.

Өзім аяқ-қолым дірілдеп, денсаулығым сыр беріп жүрген еді. Ағай өзінің алдындағы суын берді. «Я, Құдай, көкем киноға түсуге көнсінші» деп ырымдап, суды соңына дейін ішіп алдым. Сөйтіп, кешкісін түсірілім жасап жатсақ, Асанәлі аға «ертең 11-де келіп түсіріп кетіңдер» деді. Бірақ, гонорарын бермедік.




- Түсірілім кезінде қиындықтар болды ма?

- Неше түрлі оқиғалар болады ғой. Екі рет инфарк алып, екі рет аяқ-қолым істемей қалды. Кино түсіру оңай емес екен. Алайда, осы сәттерде ең үлкен қолдау күйеуімнен болды. «Қолыңнан келеді, тоқтама» деп жиі жігерлендіріп отырды. Сол кісіге алғысым шексіз.


- Киноның көрсетілімін Рамазан айына қойыпсыздар. Көрермен жиналмай қалады деп қорықпадыңыздар ма?

- Жалпы кинотеатрға 30-наурыздан бастап қойдық. Бірақ үлкен тәуекелмен қойдық. Себебі ораза уақыты. Графиктің бәрі толық болғандықтан осы уақытты таңдадық.


- Тағы да кино түсіру ойда бар ма?

- Әзірге белгісіз. Ойланып көру керек.


- Кино арқылы көрерменге не айтқыңыз келді?

- Бұл кинодан көп адам өзін көреді. Сатқындар, уәдесінде тұрмайтындар, менмен адамдар өзін көріп, сабақ алады.Бірақ оны жеңіл түрде беруге тырыстық. Жалпы демалу, көңіл көтеру үшін ғана көру керек деп ойлаймын.