Айнұр Омар: "Әйел басшы болған жерде тәртіп болады"

0
2 439

​Жазушы Юзеф Булатовичтың айтуынша, «Уақытты уақытша тоқтата алатын күш әйелде ғана бар» екен. Меніңше әйелде уақытты тоқтатудан бөлек те, ғажаптар тудыратын күш көп. Көктем секілді әйел де кездескен бейненің бәріне жаңа леп сыйлайтын сияқты.


Айнұр Омар:

Әйелдер мерекесінің қарсаңында, көпшіліктің көзайымына айналған «Әйел әлемі бағдарламасының авторы-жүргізушісі Айнұр Омармен сұқбаттасудың сәтті түсті. Астананың әдемі таңында, кофемен бірге әйелдер туралы әңгімеміз басталып кетті...


- Әйелдердің арасында популистер көп пе?

Бар, бірақ олар ұзаққа бармайды ғой.


- Соңғы кезде желінің әсері ме, әлде нарықтың талабы ма әйелдердің «популист бейнесін» көп көріп қаламыз. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп?

- Құдай адамға талант береді. Талантты еңбекпен ұштастырса, өзіндік ізденуді жалғастырса, Абай айтқандай «толық адам» болады. Ал талант бермесе, популист болады! Басқа ешқандай себеп жоқ сияқты?!

Популист адамдарды өзім ұнатпаймын! Менің бағдарламамдағы кейіпкерлерімнің бәрі - еңбек адамдары. Кейде «Неге көше сыпыратын әйелдерді бағдарламаға түсірмейсің?» деген пікірлер де болады, одан басқалар не үйренуі мүмкін? Өзіме көше сыпыратын әйел авторитет емес. Оның бәрі тағдырдан ғой, мен оған құрметпен қараймын. Бірақ қазақтың әйелін тұншықтырып жатса да, тырмысып жатқан заманда үлгі болатын әйелдерді көрсеткім, танытқым келеді. Өмір жолында тәуекел жасап, биік жетістікке жеткен әйелдерді басқалар да көріп жетістікке жетсе деп ойлаймын. Мен 40 әйел туралы бағдарлама жасаппын, осы кезде көзім жеткені: әйел - білімімен сұлу.

Әйелдер туралы бағдарлама болғандықтан, режиссер де, монтаж жасайтын адам да әйел. Өйткені әйелдің жанын әйел ғана түсінеді.



- Соңғы уақытта қазақ әйелінің статусын қалыптастыру жолында көп жұмыстар атқарылып жатыр ғой. Осы кезде көпке үлгі болатын қазақ әйелінің культі бар ма, сіз кімді атар едіңіз?

Мен өзім түсірген 40 әйелді атар едім. Әйел басшы болған жерде тәртіп, жинақылық болады. Мүмкін әйелдер ер азаматтармен салыстырғанда тереңнен ойлай алмайтын шығармыз, тез шешім қабылдай алмайтын шығармыз, бірақ айналасын гүлдендіруге, тиянақты етуге әйел басшылар көп еңбек сіңіреді. Көбінесе «Әйел әлемі» бағдарламасы деген атауды естіп, үйде балалармен бауырсақ пісіріп, ет дайындағанымды көрсетуім керек деп ойлап жатады. Олай емес! Әйелдің әлемі асханадан да басқа тарапты алып жатыр ғой. Бізде әйелдің отбасы болмасы, қоғамның қойып қойған комплексі бар. Әр адамның тағдыры әртүрлі, жетістікке жеткен әйелдің тұрмысқа шықпаған немесе бір жағдайлармен ажырасқан болуы мүмкін. Бірақ, ол - комплекс емес. Есесіне ол адам қанша адамды жұмыспен қамтып, қоғамға пайдасын тигізіп отырған болуы мүмкін.

Мысалы, Күнсұлу Закария QazVac-ты ойлап тапқан, ғалымдар тобының жетекшісі. Ол кісінін түсірілімге келісімін алу үшін үш ай жүрдім, күн сайын хабарластым (күліп). Сосын Қордай жақта орналасқан биологиялық институтқа бардық, Күнсұлу апай өзі қарсы алды. Ол кезде вирустың өршіп тұрған кезі. Ең қауіпті індеттердің бәрі сол жерге жиналған, олармен таныстырып өздерінің ғылымдағы еңбектерін көрсетіп, таныстырды. Одан кейін Жанар Темірбекова – Қ.Яссауи университетінің ректоры, Түркістанға барып көп өзгеріс жасады. Ол кісі студенттермен бірге асханада тамақтана береді екен, бұл студенттер үшін таңсық дүние ғой. Осындай қарапайымдылықтарымен әр кейіпкерім қазақ әйелінің культі болуға лайық деп білем.


- Шыныңызды айтыңызшы, мүлдем түсіргіңіз келмейтін кейіпкерлер бола ма?

- Ішінара болатын шығар?! Кейіпкерді мен ұсынамын, ал олардың нақтылығын шешетін алқа бар. Алдымен көрерменнің алдындағы жауапкершілікті ойлаймыз.


- Бағдарламадан бөлек арнаға ауыссақ, кеше Ұлттық арнаның мерейтойы өтті, құттықтаймын! Өзіңіз ең алғаш ұлттық арнаға қашан келдіңіз?

Алғаш Ұлттық арнаның Өскемендегі филиалында 2001-2002 жылдары жұмысымды бастадым. Оған дейін 9-сыныптан бастап газетте жұмыс істегенмін. Сол үшін еш қиындық болмады, техникалық жағынан біраз үйреніп, бірден алып кеттім. Тәжірибелі журналистер күмән келтірген кездер де болды. Қызық, қазір солар қайда екен?

Біз арнаға жақсы бір толқын болып келдік. Бірнеше жас бірге келіп, бір-бірімізді тәрбиелеп жүріп өсірдік.Ал Астанаға 2006 жылы келдім. Бірақ Ұлттық арна мені жұмысқа алмады. Сосын «Астана» арнасына, «7 арнаға» барып жұмыс істедім. Көпшіліктің көңілінен шыққан «Нысанада» жұмыс істеп жүргенімде, «Апта» бағдарламасына шақыртып, тілші болып жұмыс істей бастадым. Кейін «Ғажайып өлке» деген бағдарламаға ауысып, еліміздегі бүкіл өңірді аралап, қызықты дүниелер жасадық. Түркістандағы көптеген жерлер туралы арнайы хабарлар дайындаған едік. Бірде «Жылаған ата» деген жердің түсіруге бардық, ол жаққа көлік бармайды екен. Таңғы 8-9-да шығып, кешкі 5-6-да жеттік. Жолда бір ескі көлікті тоқтатып, сонымен жеткеніміз есімде. Көлік болмаса түсіру, түсірмеуіміз екіталай еді. Ескі көлікке отырған кезде жылағаным есімде (күліп). Журналисттің өмірі сондай қызық сәттерден тұрады ғой.

- Алғашында Ұлттық арна жұмысқа алмағады дедіңіз, сол кезде артқа қайтқыңыз келген жоқ па?

- Артқа қайтатын жол болған жоқ! Өскеменге жаңа директор келген, оның кейбір талаптарына келіспей бір топ жастар «дым білмейді» деп хат жазып, қарсы шыққанбыз. Сөйтіп, бір күнде бізді директор жұмыстан шығарып жіберді. «Соттасамын» деп ойлаған, едім, бірақ декан шақырып «Дипломды алғанша тыныш жүр!» деді (күліп). Сосын ойланып, дипломды алғасын Астанадан бір-ақ шықтым.

Астанаға алғаш келгенде түнгі кезекте жұмыс істедім. Халықаралық жаңалықтарды дайындап, 10 минутта шығаратын едік. Ал сенбі-жексенбі сюжет жасауға шығаратын. Бірде «бомж» өртеніп кеткені туралы жаңалық шығару керек болды, «Жертөледен жік шықты» деген тақырыппен сюжет жасағаным есімде. Сосын «Аптаға» алғаш рет «Қаңғыбас балалар» туралы сюжет жасауды тапсырды. Сол сюжет көрерменге қатты әсер етіп, директор мені жұмысқа алған еді. Сол кездер әлі ыстық...


- Күрескер сияқтысыз, өйткені Өскемендегі оқу орнында журналистика мамандығының қазақ бөлімінің ашылуына тікелей сіздің үлесіңіз бар деп естідім. Осы туралы толығырақ айтып беріңізші.

- Өзім Зайсан ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келдім. Қытаймен шекаралас жатқан ауыл болғандықтан, ауылымызда бір орыс болмады. Наташа деген ғана әже болды, оның өзі қазақша сөйлейді. Анам - орыс тілінің мұғалімі, әкем - дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ауылда мектеп кішкентай болды, сондықтан кейбір сыныптар жабыла бастады. Туған әпкем, белгілі ақын Құралай Омар, соның сыныбы жабылып қалды. Ата-анам оны Өскеменге қазақ тілін тереңдетіп оқытатын интернат-мектепке жіберетін болды, қасына бірге мені де қосып жіберді. Бізде 8-сыныптан бастап «Журналистика негіздері» деген сабақ болды, сол шақтан бастап журналист боламын деп шештім. Мен көбіне әзіл, сарказмды жақсы жазатынмын. Сол жұмыстарым ұнаған болуым керек, 9-10-11 сыныпта облыстық газетте штаттан тыс тілші ретінде жұмысқа алды. Өзім 10 сынып оқып жүріп, 11-сыныптарға шығарма жазып, 200 теңге табатынмын. Осылай журналист болуға дайын болдым.

Ал Өскеменде журналистика мамандығының орыс тобы болды. Қазақ балалар келгенімен орыс тобына қосып жіберетін еді. Ол – қазақ тілді балалардың басылып қалуына себеп болатын. Себебі біліп тұрған нәрсеңді тіл жетпесе айта алмайсың, батылың жетпей қалады ғой. Біз де басында бір аптадай орыс тобында оқыдық. Бір күні «Өлең талдаңдар» деген тапсырма берілді, сол кезде «Талдамаймын, орысша өлең білмеймін!» дедім. Ұрысым содан басталды, Университеттің ректорына хат жаздым. Хатымда барлығын тізіп, «Бес бала қазақ тобына түстік, бірақ орыс тобымен қосып жіберді. Бірақ осындай мәселелер кезігіп жатыр. Егер осы мәселені шешпесеңіз республикалық арналарға шығамын. «Жас Алаш» газетіне жазамын» дедім. Оны редакторыма көрсеттім, ол кісі түзеп, реттеп берді. Ректорға хат жеткен күннің ертесіне бізді қазақ тобына бөліп тастады.



- Бала кезіңізде спортпен де айналысқан екенсіз. Журналист болмасаңыз, спортшы болар ма едіңіз?

- Спортпен бала кезімде айналыстым. «Дзюдо» күресінен спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындадым, бірақ спортшы боламын деген арманым болмады. Негізі балалық арманым балет әртісі болу еді. Бірақ ауылда ондай үйірмелер болмағандықтан, дзюдоға қатысқанмын. Әкем спортшы болғасын, акробатиканы үйретті.


- Жеке өміріңіз туралы да айта отырсақ...

- Ұлым бар, 14 жаста. Қазір дебатқа кетті, оған қоса хоккей және бокспен айналысады. Өзім де спортты қайта қолға аламын деп ойлап жүрмін.


- Егер мүмкіндік туса, 20 жастағы Айнұрға қандай ақыл айтар едіңіз?

- Оқы, оқы және оқы деп айтар едім. Білімді адамдармен сұхбаттасқан сайын шөлің қанғандай сезім болады, қайта-қайта сөйлете бергің келеді. Әйелді білімі мен мінезі әдемі қылады. Әрі олар сондай ұрпақты тәрбиелей алады.

- Қазақта мінезі мен білімі бар әдемі әйелдер көп болсын! Әңгімеңізге рақмет! Мерекеңізбен!


Қарашаш Есенбай,

ERNUR.KZ