Шымкенттік жас ана босанған соң комаға түскен

0
869

Науқастың күйеуі бұл жағдай "дәрігерлердің кінәсі" деп отыр.


Шымкенттік жас ана босанған соң комаға түскен

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкентте босануға барған жас ана жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы club_dobryakov_shymkent еріктілер парақшасында жазба жарияланды.

"22 қыркүйекте жас келіншек Батыржанова Луиза перзентханаға босануға барған. Жүктілік кезінде денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған келіншек, перзентханаға да өз аяғымен келіп, толғағы жеңіл өткен. Бірақ, оған белгісіз себептермен шұғыл кесір тілігі жасалған. Содан соң, келіншек комаға түскен. Бір қызығы, наркоз жасаған анестезиолог сол күні жұмыстан шығып кеткен", - делінген жазбада.

фото: әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот


Еріктілердің мәліметінше, босанған әйел перзентханада үш ай жатып, кейін оны "Фосфор" ауруханасына ауыстырған. Дәрігерлер ауруханада екі апта ес-түссіз жатқан келіншекті енді үйіне шығармақ.

«Міне, «Фосфор» ауруханасының жансақтау бөлімі әйелімді осындай жағдайға жеткізді. Шашы түсіп, азып кеткен. Денесінің қалған бөлігін көрсете алмаймын. Бірақ, бәрі асқынып кеткен. Ол жақта дұрыс қарамайды. Бүгін оны палатаға ауыстырды. Жағдайы өте ауыр. Олар менің әйелімді осы күйінде ауруханадан шығармақ. Қалай? Егер кешегідей бүкіл қалада жарық сөніп қалса, ол бір күн де өмір сүрмейді ғой", - дейді науқастың күйеуі.

Аталған оқиғаға қатысты Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді.

Басқарма мәліметінше, науқасқа медициналық көмек көрсетілген бағдары бойынша Денсаулық сақтау басқармасы және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілген.

Тексеру нәтижесі бойынша емхана және перзентхана деңгейінде медициналық көмек Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамаларына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде пациентке медициналық көмек көрсетілгені анықталды.
"Операциядан кейінгі кезеңде пациенттің бүкіл денесінде кенеттен аллергиялық реакция, гипотензияға әкелген анафилактикалық шок болған, жүрек қызметі тоқтаған. Жүрек-өкпе реанимациясы толық көлемде, уақтылы жүргізіліп, жүрек қызметі қалпына келтірілген. Денсаулық сақтау басқармасының жіті бақылауында. Астана қаласының ұлттық координациялық жедел медицина орталығының мамандарының қатысуымен телемедицина арқылы бірнеше рет кеңес өткізілген. Емдеу тактикасы Республикалық орталықтарының мамандарымен және Шымкент қаласының білікті мамандарымен келісіп жүргізілген. Қазіргі кезеңде санасы терең қысымында (глубокое угнетение сознания), неврологиялық оңалту және мұқият күтім қажет. Осыған байланысты, Денсаулық сақтау басқармасының қатысуымен өткен дәрігерлік кеңестің шешімі бойынша әрі қарай оңалту үшін N2 қалалық ауруханаға қарасты неврология бөлімшесіне ауыстырылып, емдеу жүргізілуде", - делінген хабарламада.