Шымкенттегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы 70 млн теңгеге қара бидай нанын сатып алмақ болған

0
383

Департамент мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атына сатып алу көлемін төрт есе асыра бағалауды қайта қарау және оны сәйкестендіру туралы ұсыныс хат жолдады.


Шымкенттегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы 70 млн теңгеге қара бидай нанын сатып алмақ болған

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 70 миллион теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Агенттіктің мәліметінше, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының № 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жалпы сомасы 74 миллион теңгеге 225 тоннаға жуық қара бидай нанын сатып алуды жоспарлаған. Өткен жылы нанды тұтыну 12,2 миллион теңге сомасына 53 тоннаны құраған.

"Департамент мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атына сатып алу көлемін төрт есе асыра бағалауды қайта қарау және оны сәйкестендіру туралы ұсыныс хат жолдады. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша жоспарланған сома 3,4 млн. теңгеге дейін төмендетілді, қажетті нан саны 25,7 мыңға азайтылды. Сатып алу көлемін ескере отырып, үнемдеу 70 млн. теңгеден асты", - делінген жазбада.

Аталған Орталық 250 орынға есептелген. Қазіргі уақытта онда 240 адамға қызмет көрсетілуде.

Айта кетейік, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сатып алу нарығының ашықтығы мен қолжетімділігін арттыратын «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталына үнемі мониторинг жүргізеді.