Шымкентте «Жолаушылар поездарының қызмет көрсету сапасын жоғарылату» акциясы өтіп жатыр

0
724

Акция барысында жолаушылар поездарының халыққа қызмет көрсету сапасы тексеріледі.


Шымкентте «Жолаушылар поездарының қызмет көрсету сапасын жоғарылату» акциясы өтіп жатыр

Шымкент қаласында «Жолаушылар поездарының қызмет көрсету сапасын жоғарылату» акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған акцияға Шымкент қаласы бойынша көлік бақылау инспекциясының бас маманы Медет Алтеев, Шымкент қаласы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Бижан Садибеков және БАҚ өкілдері қатысты.

Акция барысында жолаушылар поездарының халыққа қызмет көрсету сапасы тексерілді. Атап айтар болсақ, пойыздардағы жолаушыларға қажет тұтыну заттары мен тұрмыстық қажетті нәрселермен жабдықталуы тексерілді. Сонымен қоса, ауа желдеткіштер, алғашқы жәрдем жинағы, қауіпсіздік ережелерінің сақталуы және жолаушыларға арналған ауыз су резуарлары назарға алынды.

«Бұл акцияға пойыздағы халыққа қызмет көрсету сапасын жоғарылату мақсатында шығып отырмыз. Қазіргі таңда жолаушылар пойызының қызметіне байланысты түрлі арыз-шағымдар түсуде. Осы ретте Шымкент қаласы «Адалдық алаңы» мен Шымкент қаласы бойынша көлік бақылау инспекциясы бірлесе отырып, осы шараға айына 2-3 рет шығу туралы жоспар түздік. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бастысы халыққа қолайлы әрі сапалы қызмет жасау», – деді Шымкент қаласы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Бижан Садибеков.

6 маусымда басталған рейдтік іс шара барысында №77 Алматы-Маңғыстау бағытындағы пойызда – 11, №24 Ақтөбе-Алматы пойызында – 6 заңбұзушылық анықталды. Аталмыш аккцияның бірінші күнінде "Алматы-Ақтөбе" бағытындағы пойызда стақандардың жетіспеуі, қол сүртетін майлықтардың болмауы, ауа желдеткіштердің қосылмауы сынды жалпы саны он бір кемшілік анықталған.

«Іс-шараның екінші күнінде №77 Алматы-Маңғыстау бағытындағы пойызда – 8 заңбұзушылық тіркелді. Атап айтар болсақ, вагондарда күннен қорғайтын перделер орнатылмаған. Сонымен қатар, бір вагонда жалпы саны 15 болатын стақандардан тек 5-еу ғана бар екені анықталды. Осы тексеру нәтижесі туралы акт түзілді. Қағида талаптарының бір тармағы бұзылған жағдайда, міндетті түрде әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің №571 бабының 4 тармағына сәйкес, заңды тұлға жолаушылар тасымалы Оңтүстік аймақтық филиалына қатысты әкімшілік шара қолданылады», - деді Шымкент қаласы бойынша көлік бақылау инспекциясының бас маманы Медет Алтеев.

Айта кетейік, акция 2022 жылдың 6-маусымнан бастап 2022 жылдың 30-қыркүйегіне дейін жалғасады.