Шымкентте жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасалды

0
821

Қылмыскер қызметкерді пышақпен қорқытып, ақша беруін талап еткен.


Шымкентте жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасалды

Шымкентте жанармай станциясына шабуыл жасаған азамат ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, түнгі 3:33-те қаладағы автожанармай құю станцияларының біріне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Жанармай құю станциясының қызметкері оны белгісіз бетперде киген азамат пышақпен қорқытып, кассадағы ақшаны беруді талап еткенін айтқан. Ақша таппаған қаскүнем оқиға орнынан бой тасалап үлгерген.
"Тәртіп сақшылары бейнекамералардағы жазбаларды тексеріп, куәгер болуы мүмкін тұлғалардан сұрастырды. Іздестіру шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктінің жеке басын анықтап, оны қала аумағында ұстады. Ол бұрын-соңды сотты болған 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторында қамауда", - делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, аталған жайт бойынша полицейлер ҚР ҚК-нің 192-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттерін бастады.