Шымкентте тауар өндірушілердің өңіраралық көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр

0
554

100-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынуда.


Шымкентте тауар өндірушілердің өңіраралық көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр

Бүгін «Көрме» орталығында Шымкент, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен өңіраралық көрме-жәрмеңкесі өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа серіктестіктерге жол ашатын, тұтынушыларға отандық өнімдерді кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретін іс-шараға арнайы қатысып, тауар өндірушілерге қолдау білдірді. Көрме-жәрмеңкесінде тамақ, жеңіл өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен агро-өнеркәсіп кешенінің 100-ден астам кәсіпорны өз өнімдерін ұсынуда.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған алаңда нарықтағыдан 10-15 пайыз арзан саудаланып жатқан тауарларды алуға келген халықтың қарасы қалың.

Оңтүстік өңірінің инвестициялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік беретін іс-шараға орталық мемлекеттік органдар мен елшіліктердің, ұлттық және шетелдік компаниялардың өкілдері, сондай-ақ танымал кәсіпкерлер мен инвесторлар арнайы шақырылды. Форумға әлемнің 20 елінен халықаралық дәрежедегі бизнесмендер мен Қазақстанның табысты кәсіпкерлері, орталық мемлекеттік органдардың , ұлттық компаниялар мен қаржы институттарының өкілдері қатысады.

Еркін форматта ұйымдастырылған диалог алаңында бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша шетелдік және отандық компаниялармен меморандумдар түзіледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, былтырғы жылы қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 937 миллиард теңгеге жетіп, 2021 жылға қарағанда өсім 5,9% құрады. Мегаполисте қазір 2 мыңға жуық өнеркәсіпорны жұмыс істеп тұр. Олардың 80%-ы өңдеу өнеркәсібімен айналысады. Қаламыз бүгінде мақта майын, мақтадан жасалған мата, дәрі-дәрмек, цемент клинкерлерін, мұнай өнімдерін өндіруде республикада 1-орын, өңделген шай және кофе, тазартылған күнбағыс майы, шыны ыдыс, макарон өнімдерін өндіру бойынша 2-орынды иеленуде.