Шымкентте «Road Show» форматында ақпараттық акция өтіп жатыр

0
1 068

Акция студенттік жатақханалар мен жекеменшік мектептердің құрылысын мемлекеттік қолдау тетігіне арналған бірқатар ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын қамтиды.


Шымкентте «Road Show» форматында ақпараттық акция өтіп жатыр

Білім беру саласын дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларды одан әрі ілгерілету мақсатында Шымкент қаласында 14-15 наурыз аралығында «Road Show» форматында ақпараттық акция өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Қаржы орталығы" АҚ бас маманы Арманай Мирасқызы брифинг барысында мәлімдеді.

Акция бағдарламасы студенттік жатақханалар мен жекеменшік мектептердің құрылысын мемлекеттік қолдау тетігіне арналған бірқатар ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын қамтиды.
Сондай-ақ, акция бағдарламасында мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (aqyl депозиті) және білім беру кредитіне кепілдік беру бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесуі жоспарлануда.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша орта білім беру нысандарын салу жөнінде Жол картасы жасалған. Ұлттық жоба аясында қалада 25 мектеп салынады, биыл – 12, келесі жылы 13 ғимараттың құрылысы жүргізіледі. Қазір қалада үш ауысымды 4 білім ошағы бар. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін ғимараттар есебінен бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Қала басшысы жауаптыларға салынатын ғимараттардың сапасын, өндірістік кестеге сай аяқталуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс жүргізілетін аумақтарды тиісті инфрақұрылым жүйелерімен қамтамассыз ету, ғимараттардың барлық талаптарға сай жабдықталуы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Одан бөлек, мегаполисте студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Өйткені, 106 мыңнан астам шәкірттің шамамен 75 500-і Шымкентке көршілес аймақтар мен облыстардан келіп оқиды. Яғни, осынша студент жатақханаға орналасуы тиіс. Ал, қазір қалада жұмыс істеп тұрған 22 жатақхана 7 175 студентті қабылдай алады. Демек, баспанаға мұқтаж студенттердің 9,5 пайызы ғана қамтылған. Сол себепті бүгінде Шымкентте жатақхана құрылысына айрықша назар аударылып отыр. Атап айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы арқылы жеке инвесторларды тарта отырып 1 474 орынды 4 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Соның ішінде 1 100 студентті қабылдай алатын 3 жатақхана қыркүйек айында ашылды.