Шымкентте құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

0
555

Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 70 мың шаршы метрге жетті.


Шымкентте құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

Шымкент қаласында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен бүгінгі Үкімет отырысында айтылды.
Шаһарда былтыр пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 70 мың шаршы метрге жетіп, жылдық жоспар асыра орындалды. Есепті кезеңде республика аумағында 2,1 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін жеткізген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы мен Шымкентте екенін атап өтті.
Қазіргі таңда қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты бақылауда. Жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілетін болады.
Ел экономикасының жыл басынан бері орнықты өсіп келе жатқанына тоқталған Үкімет басшысы есепті кезеңде барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша оң динамикаға ие өңірлер арасында Шымкент қаласын атап өтті. Премьер-Министр өңірлердегі бизнес-бастамаларды қолдау мақсатында Алматы мен Шымкент қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып, индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктерді дамытуды ұсынды. Биылғы жылы қала бюджетінің шығысына 534,3 миллиард теңге жоспарланған. Есепті кезеңге 62,6 миллиард теңге қаржы қаралып, нақты 61,9 миллиард теңгесі игерілген, яғни жоспар толықтай орындалған.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов алдағы айларда экономиканың тұрақты өсу қарқынын сақтаудың маңызды екеніне тоқталып, министрлерге өңір әкімдерімен бірлесе экономиканы әртараптандыруда, тұрақты жұмыс орындарын құруда нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент барлық сала бойынша оң өсімді сақтап, елімізде көш бастап тұрған өңірлер қатарында.