Шымкентте этноауылда екі мың литр наурызкөже таратылды

0
879

Атшабар маңындағы этноауылға 160 киіз үй тігілген.


Шымкентте этноауылда екі мың литр наурызкөже таратылды

Шымкентте «Наурыз — Шымкенттен басталады» думанды мерекенің бүгін үшінші күні. Жаңа атшабарда өтіп жатқан мейрамда қазақтың ұлттық ойындарынан көкпар, теңге ілу, аламан бәйге, қазақ күресі және садақ ату сайыстары өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атшабар маңындағы этноауылға 160 киіз үй тігілген. Оның ішінде 20 киіз үй өзге өңірлерден келген делегаттарға тиесілі. Әр өңір өзінің тарихы мен туристік әлеуетін таныстырып, қонақтарға наруыз көже үлестіруде.
Думанды мерекеге келген қонақтар арнайы әзірленген наурыз көжеден дәм татты. Этноауылда 2 тонна көже пісіріліп, қонақтарға таратылып жатыр.
"Біз Наурыз мерекесін тойлау үшін Шымкентке арнайы келдік. Шымкенттің адамдары да ауа райы секілді жылы екен. Бүгінгі ипподромдағы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жыл сайын наурызда осында тойлауды жоспарлар отырмыз", — дейді Петропавл облысынан келген қонақ Фатима Қадірова.

Айта кетейік, Шымкент қаласында жаңадан ашылған ипподромда «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік шара өтті.

Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік бағдарлама әр өңірдің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуенін күтіп алудан басталды. Бұл керуендердің құрамында әр өңірдің белгілі өнерпаздары мен спортшылары бар. Батыс керуенін елімізге білгілі әнші Тамара Асар, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші Ардақ Балажанова, Солтүстік керуенін танымал эстрада әншісі Мадина Садуақасова, Оңтүстіктің керуенін жергілікті дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева бастап шықты.
Мұнан кейін ат құлағында ойнайтын спортшылар бәйге, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлерімізді көрерменге паш етіп, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мерекеге жиналған Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мейрамымен құттықтады.
"Наурыз — барлық тіршілік атаулы жанданып, табиғаттың қайта түлейтін кезі. Бұл ізгілік пен мейірімділіктің, ынтымақ пен бірліктің, бейбітшілік пен молшылықтың мейрамы. Бүгін осынау Наурыз мейрамының қарсаңында ұлттық спорттың дамуына әсер ететін үлкен, жаңа, заманауи ипподромның ашылуына куә болып отырмыз. Бұл Шымкент қаласының жылдан жылға көркейіп, дамып келе жатқанының тағы бір көрсеткіші", - деді М.Әйтенов.

Мерекелік бағдарлама «Қаражорға» биімен қорытындыланады. Наурыз тойына жиналған көпшілік өнерпаздармен бірге би билеп, шаттанып жатты.