Шымкентте 300-ге жуық медициналық қызметкер біліктілігін арттырды

0
567

Қалада жыл басынан бері 2 жаңа медициналық орталық ашылды.


Шымкентте 300-ге жуық медициналық қызметкер біліктілігін арттырды

Шымкент қаласында Денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында осы жылдың бірінші тоқсанында қаладағы бірқатар медицина мекемелері жаңа қызметпен және жаңа құрал-жабдықпен толықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл жөнінде бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновке қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Тлеуов есеп берді. Сала маманы есепті кезеңде қалалық балалар ауруханасында онкогематология, кардиохирургия, нейрохирургия бөлімшелері ашылғанын, сонымен бірге №2 қалалық аурухананың базасында амбулаторлық коронароангиография қызметі көрсетіліп, стендттеу жоспарланып жатқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, қалада жыл басынан бері екі жаңа медициналық орталық ашылып, қалалық балалар ауруханасында ангиограф құрылғысы орнатылған. Алдағы уақытта 1,1 млрд теңгеге 10 медициналық жабдық сатып алу жоспарлануда. Мамандардың біліктілігін арттыру жайын баяндаған сала жетекшісі бірінші тоқсанда 259 медициналық қызметкер біліктілігін арттырғанын айтты. Сонымен қоса, №1 қалалық клиникалық аурухана базасында Ресей мемлекеті мамандарымен травмотология бойынша мастер-класс өткізілгенін жеткізді.
- Әр аурухананың кемі 5 жылдық даму жоспары, оған сәйкес кезеңдік индикаторлары болуы тиіс. Жүйелі жұмыс пен нақтыланған мақсат болған кезде ғана медицина саласында қарқынды дамуға қол жеткізу мүмкін. Статистиканы қолдана отырып, қай жағынан болсын өсім динамикасына алдын ала дайын болуымыз қажет. Бұл бағытта денсаулық сақтау мекемелерінің бас дәрігерлері тікелей жауапты, - деді қала басшысы. Сонымен бірге денсаулық сақтау саласын дамыту және көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласының коммуналдық меншігінде 36 медициналық ұйым бар. Оның ішінде 15-і ауруханалық ұйым, 14 амбулаторлық-емханалық ұйым және 7 мекеме басқа бейінге бағытталған.