Шымкентте 10-нан астам канал қоқыстан тазартылды

0
566

Шымкент қаласының 5 ауданы бойынша 30 су басу қаупі бар учаскесі анықталған.


Шымкентте 10-нан астам канал қоқыстан тазартылды

Шымкент қаласында ұзындығы 56 шақырымды құрайтын 12 канал, 339 ирригациялық жүйелері қоқыстан тазартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының 5 ауданы бойынша 30 су басу қаупі бар учаскесі анықталған. Су басу қауіпі бар аумақта 50 көше орналасқан. Ағымдағы жылы қаңтар айында жалпы 5 ауданнан 63 мың текше метр қар қауіпсіз жерге шығарылды.
2023 жылдың ақпан айында және 12 наурызда толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көшелердегі су басуды жоюға 100-ден астам техника, 400-ден астам жеке құрам және 78 мотопомпа жұмылдырып, жаңбыр суы жиналған орындарда 154 рет су сору жұмыстарын жүргізді. Жалпы 11500 текше метр су шығарылып, 2000 дана құмдалған қап қойылды. Үйлерге су кіру фактілері тіркелген жоқ.

Жалпы 40 мың дана қапшық дайындалып, оның ішінен 5 ауданға 20 мың қап бөлінді. Бүгінгі таңда аудан әкімдіктері тарапынан жеткізілген құмды қаптау жұмыстары жүргізілді. Дайындалған қаптар әр ауданның су басу қауіпті орындарына жақын жерлерге жиналды.

Айта кетейік, Шымкент қаласында су басу қаупі бар аймақтарға тікұшақ арқылы әуеден шолу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Департаменттің аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері аудандық әкімдіктерімен бірлесіп қауіпті су басу ықтимал учаскілерге жерүсті мониторинг жүргізді. Нәтижесінде қауіпті деп танылған учаскілердегі каналдарды ирригациялық жүйелерді жиналған қоқыстан тазарту жүргізілді.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында су тасқыны жағдайы тұрақты. Қала аумағында 10 гидротехникалық құрылыс бар. Атап айтқанда, 4 су қойма, 3 гидроторап, 2 канал, 1 су жинағыш. Оның ішінде Ақжар су қоймасы жөндеуді қажет етеді. Авариялық және иесіз гидротехникалық құрылыс жоқ.

Сонымен қатар, өңірімізде 4 ірі өзен мен 27-ден астам канал ағады. Жалпы су қоймаларының толуы 60-70% құрайды. Көктем мезгіліндегі тасқын суларды қабылдау үшін су қоймаларында қорлар жеткілікті. Өзендердегі судың деңгейі ортадан төмен.