ШЫМКЕНТ: Жарамсыз өрт гидранттарын қалпына келтіру жұмыстары басталды

0
509

Жалпы Шымкент қаласының аумағында барлығы 4 913 өрт гидранттары есепке алынды.


ШЫМКЕНТ: Жарамсыз өрт гидранттарын қалпына келтіру жұмыстары басталды

Шымкент қаласында жарамсыз өрт гидранттарын қалпына келтіру жұмыстары басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссия отырысында өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесінің жай-күйін бақылауға алуды тапсырған болатын.

Аталған тапсырмаға сәйкес, "Су ресурстары маркетингі" ЖШС мен Су құбыры және канализация басқармасы көшелерде жарамсыз өрт гидранттарын қалпына келтіруді бастады.

Еске сала кетейік, шаһар басшысы өз тапсырмасында қызыл жалынды сөндіруде өрт сөндірушілер және арнайы техникамен бірге су гидранттары да аса қажет деп ескертіп өткен.

Өрт сөндіру гидранттары - қалалық су жүйесінен арнайы орындар бөлініп, өрт сөндіру көліктері жалғанатын бұрандалар. Былайғы кезде жабулы тұрып, сол маңда өрт шыққан жағдайда арнайы техника қосылып, су алады. Сондықтан, төтенше жағдай кезінде гидранттар әрдайым дайын тұруы тиіс.

Тапсырманың орындалуы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының ұйымдастыруымен жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиын барысында қала әкімдігі тарапынан 2013 жылы орнатылған 23 өртке қарсы пирстердің қазіргі ахуалы талқыланып, кемшіліктерді жою бойынша шешім қабылданды және олардың жарамдылығы қатаң тексеріліп, жауапты мекемелерге ұсыныстар жолданды.

Жалпы Шымкент қаласының аумағында барлығы 4 913 өрт гидранттары есепке алынды. Оның ішінде көшелерде 4 011, объект аумағында 902 өрт гидранттары орналасқан. Барлығы бақылауда.

Айта кетейік, қалада соңғы 8 айда 131 өрт тіркеліп, 1 адам қаза тапса, 2 адам жарақат алған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 13%-ға өскенін көрсетеді. Алдағы жылыту маусымында қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін қала әкімі Мұрат Әйтенов құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді.