ШЫМКЕНТ: Наурыз қарсаңында "Күй күмбірі" челленджі өтті

0
845

Шығармашылық топ Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлерін орындады.


ШЫМКЕНТ: Наурыз қарсаңында

Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінде балалар мен студент жастардың, педагогтар мен ата-аналардың қатысуымен домбыра тарту челленджі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шығармашылық топ Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлерін орындады. Ұлттық өнерді насихаттау мақсатында өткен күй челенджіне қаладағы 2 мыңнан аса білім мекемесінен 21 мыңнан аса оқушы, студент, ұстаздар қатысты.

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында, бір уақытта күмбірлеген домбыра үні ұлтымызды ұлықтап, мерекелік ләззат сыйлады.

Сондай-ақ, «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде, Арбат алаңы мен Абай саябағында «Ордабасы – бірліктің туы», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты тарихи мультфильмдермен қатар «Ұлы дала таңы», «Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала» көркем фильмдері ұсынылды. Тарихи-мәдени кешенге келген қонақтар елімізге белгілі дизайнерлердің жеке топтамаларынан этно стильді дефиле көрсетілімін тамашалады. Сондай-ақ, іс шара барысында тарих тереңінен сыр шертетін «Шығыс базары», «Ұлттық қолөнер - ұрпаққа аманат», «Көне қала сыр шертеді» атты көрмелер мен көріністер ұйымдастырылды.

«Ұлттық тағамдар жәрмеңкесі» аясында киіз үйлерде ұлттық ас мәзірін әзірлеуден шеберлік сағаттары өтіп, қонақтарға тағамдар Наурызға тарту ретінде ұсынылды. Тұрғындар қазақтың ұлттық ойындары - қазақша күрес, алтыбақан, қол күрес, тоғыз құмалақ, арқан тартыстан жарыстарға қатысты. Сондай ақ бұл күні балалар үйлерінің тәрбиеленушілері «Риксос Хадиша» қонақ үйі концерттік залында тарихи эпизодтарға құрылған мультфильмдерді тамашалап, өткенге саяхат жасады.

Одан бөлек, «Наурыз Шымкенттен басталады» кешенді жоспары аясындағы іс-шаралар желісі Шежіре күнімен жалғасты.

Шымкенттіктер Ұлыстың Ұлы күні қарсаңындағы атаулы күнде ұлттық құндылықтарды ұлықтап, төл тарихты тірілткен мерекелік іс шараларды тамашалауда.

Мәдениет мекемелерінің қызметкерлері шежірелі тарихымыздан сыр шерткен Әл-Фараби бабамыздан бастап, шығыстың шайырлары, Абылайханның дәуірін, Домалақ ана, Қыз Жібек және ұлттық киімдегі ходулистер, қыз көші көріністерін қойды. "Арбат” алаңы арқылы «Қиял әлеміне» беттейтін көш халық өмірінің тарихи эпизодтарына құрылған. Сахналық көріністер домбыра-сырнай әуенімен әсерлі өрбуде. Көш арнайы белгімен кері қайтып, күн бойына бірнеше рет көрсетіледі. Шежіремізді тарқатып, түп-тамырымызды тануға сеп болатын мерекелік шаралар кешке дейін жалғасады.