ШЫМКЕНТ: Халықаралық олимпиада жүлдегері марапатталды

0
732

Зияткер оқушыға арнайы грамота мен смарт сағаты және кітап сыйға тарту етілді.


ШЫМКЕНТ: Халықаралық олимпиада жүлдегері марапатталды

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева географиядан IGEO – 2021 Халықаралық олимпиадасының күміс жүлдегері Тазабек Еркебұланды арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тазабек Еркебұлан- Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің зияткер оқушысы.

География пәнінен Халықаралық олимпиада 1996 жылдан бері Халықаралық географиялық одақтың жетекшілігімен өткізіліп келеді. Алғашқы зияткерлік жарыс Гаагада ұйымдастырылса, биыл олимпиада Түркия мемлекетінің Ыстамбұл қаласында қашықтан өткізілді. Жеңіс үшін әлемнің 46 елінен 200 оқушы бақ сынасып, оның екеуі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларына бұйырды. Бірінші алтынды Ақтөбедегі зияткерлік мектеп оқушысы Рустам Валеев иеленсе, ал күміс медальді Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS оқушысы жеңіп алды.
Жиында алғы сөз алған Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы еліміздің келешегі дарынды жастардың қолында екенін атап өтті.
«Білім саласына өзінің едәуір үлесін қосып келе жатқан мектептердің бірі қаламыздағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі. Бұған дәлел міне бүгінгі Еркебұландай озат, зияткер оқушылар», - деп білім жолындағы жетістіктерінің көп болатынына сенім білдірді.
Қалалық білім басқармасының атынан Еркебұланның ата-анасына алғыс хат және зияткер оқушыға арнайы грамота мен смарт сағаты және кітап сыйға тарту етілді. Әр шәкірттің артында қашан да білікті де білімді ұстаз тұрады, демекші Еркебұланның жетекшісі ХББ NIS-тің география пәні мұғалімі Ақбопе Жаманқұлқызы да құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Кайырбек Буксукбаев мырзаның атынан да Еркебұланның ата-анасына арнайы алғыс хат пен гүл шоқтары табыс етілді.