ШЫМКЕНТ: Биыл қаладағы қалдық өңдеу көрсеткіші 27 пайызға жетеді

0
1 147

Өткен жылы қаладағы қалдық өңдеу көрсеткіші 25,1 пайызды құраған.


ШЫМКЕНТ: Биыл қаладағы қалдық өңдеу көрсеткіші  27 пайызға жетеді

Биыл Шымкент қаласында қалдық өңдеу көрсеткіші 27 пайызға жетеді деп жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев және «А.Асқаров» атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК-ның директоры Ғани Қарабековтің қатысуымен брифинг өтті.

Брифинг барысында спикер қатты тұрмыстық қалдықтардың мәселесіне тоқталды.

– Шымкентте «Ақтас-1» қалдықтарды сұрыптау зауытында күнделікті 550-600 тонна қатты тұрмыстық қалдық қабылданады. Бұл нысан бүгінде жыл сайын түзілетін, кәдеге жаратылатын және өңделетін қалдықтардың көлемін арттыру мақсатында қайта өңдеу жұмыстарын қолға алуда. Мәселен, өткен жылы қаладағы қалдық өңдеу көрсеткіші 25,1 пайызды құраса, биыл оны 27 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Оған қоса, қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату мәселесі бойынша «Ақтас-1» қоқыс полигоны аумағынан 20 гектар жер телімі қарастырылуда, – деді Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев.

Осы орайда Ғани Ажединұлы «А.Асқаров» атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында» тал егуді бір жүйеге қою жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бұл өзгерістер экологиялық эксперттік мамандармен бірлесе жүзеге асып отыр.
Айта кетейік, аталған саябақта 406 түрлі ағаш-бұта өседі. Бұл ретте гендік қорын көбейту мақсатында көлемі 1,5 гектар тұқымбақ пен көлемі 0,03 гектарды құрайтын жылыжайда 108 түрлі ағаш-бұтаны тұқымынан және жасыл қаламша арқылы өсіру жұмыстары жүргізілуде.