ШЫМКЕНТ: Биыл Әл-Фараби ауданы ауыз су, электр, табиғи газ жүйесімен толық қамтылады

0
680

Бұл туралы қала әкімінің есепті кездесуінде аудан басшысы Р.Мыңбаев баяндады.


ШЫМКЕНТ: Биыл Әл-Фараби ауданы ауыз су, электр, табиғи газ жүйесімен толық қамтылады

Биыл Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының тұрғындары ауыз су, табиғи газ, сапалы электр желісімен 100 пайыз қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы қала әкімінің есепті кездесуінде аудан басшысы Р.Мыңбаев баяндады.

Әл-Фараби ауданында 207 мың тұрғын қоныстанған. Аудандағы 15 елдімекен, яғни тұрғындар толығымен ауыз сумен қамтылған. Тек биыл Текесу тұрғын алабында су құбырын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін аяқталады.

Ауданды сапалы электр желісімен қамту көрсеткіші де 100 пайыздық көрсеткішке жетеді. Бұл мақсатта былтырғы жылы Сәуле шағын ауданы 276 орамда басталған құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталады.

Өткен жылы тұрғындардың табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99,5 пайыз болса, бұл жылы толығымен қамтылады. Қазіргі таңда Ақтас-2 жәнеСәуле шағын ауданы 276 орамда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 87 пайызға жеткізу үшін Шолохов көшесінде және Хлопзавод көшесінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Аудандағы 404 көшенің 124-і жарықтандырылған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өткен жылы 22 көше жарықтандырылған болса, бұл жылы 17 көше жоспарда тұр.

Сонымен қоса, Әл-Фараби ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 4 есеге артқан.

Ауданды өткен жылы 14 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 59 жобаға қаржы бөлінді. 50 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 9 ашық спорт алаңшасы салынбақ. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын.

2023 жылы 32 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 7 ашық спорт алаңшасы салынса, 100 пайыздық меже орындалады.

Айта кетейік, аталған жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.