Шымкент: Әскери бөлімде 800-ге жуық сарбаз өз таңдауын жасайды

0
883

Ернар Абдуалыұлының айтуынша, әскери бөлімдегі сайлаушыларға бір ғана бюллетень беріледі.


Шымкент: Әскери бөлімде 800-ге жуық сарбаз өз таңдауын жасайды

Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде орналасқан №89 сайлау учаскесінде сайлау таңғы сағат 6.00-де басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

" Қазақстан Республикасының әрбір азаматы саяси науқанға қатысып, белсенділік танытуы тиіс. Себебі, біздің таңдауымыз — біздің болашағымыздың бағдары. 6506 әскери бөлімінде еліміздің әр өңірінен келіп, әскери борышын өтеп жүрген 764 сарбаз бар. Біз жабық сайлау учаскесі болғандықтан мұнда тек сарбаздар ғана дауыс беруге қатыса алады. Ал, офицерлік құрам мен әскери қызметкерлер өздерінің тұрғылықты мекенжайы бойынша сайлау учаскесіне барып, отбасы мүшелерімен бірге өз таңдауларын жасамақ(, - дейді №89 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы, 6506 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, подполковник Ернар Әшірбеков.

«Сайлауда әрбір қазақстандықтың даусы маңызды. Сондықтан алғашқылардың бірі болып өз таңдауымды жасадым. Мен Қазақстанның келешегі жарқын болғанын қалаймын», - дейді қатардағы жауынгері, Елдос Жүнісов.

Ернар Абдуалыұлының айтуынша, әскери бөлімдегі сайлаушыларға бір ғана бюллетень беріледі. Онда ҚР Парламенті мәжілісіне партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар тізімі ғана болады. Яғни, сарбаздар жергілікті мәслихат депутаттығына үміткерлерге дауыс бермейді.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы №24 орта мектепте орналасқан №142 сайлау учаскесінде таңғы таң азанымен бірінші болып тыл ардагері Өркен Әбдіреев дауыс берді. Саяси додада белсенділік танытып, өз таңдауын жасаған қарияға сыйлық табысталды.

"Әркез сайлаудан қалмауға тырысамын. Еліміздің азаматы ретінде өз ұстанымым – елмен бірге маңызды науқанға белсенді қатысу. Менің замандастарымның қатары сиреді. Өмірді көрген-түйгенім көп болғандықтан ертеңгі күн қалай болады деп алаңдаймыз. Өз таңдауымды жасадым. Барлық шымкентіктерді белсенді болуға шақырамын", - деді ақсақал.

Бүгін Шымкент қаласында тұрғындар 512 сайлау учаскесінде таңдау жасайды. Қаламызда белсенді дауыс беру құқығына 639 663 сайлаушы ие.