ШЫМКЕНТ: Асар-2 шағынауданында кәріз жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр

0
509

Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құраса, бүгінде оның 40 пайыздан астамы орнатылды.


ШЫМКЕНТ: Асар-2 шағынауданында кәріз жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр

Шымкент қаласы Асар-2 шағынауданының қалған бөлігіне инфрақұрылым тартылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Асар-2 елді мекенін сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2700- ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапты. Алайда, шағынауданда инфрақұрылым жобаларына енбеген мыңға жуық тұрғын үй бар.
Жыл соңына дейін қалған аумақтарды ауыз сумен қамту құрылысының ІІ кезеңі аяқталады. Қазіргі уақытта ішкі орам жүйелеріне құбыр тарту жұмысы атқарылып жатыр.
Шағынауданның қалған бөлігін мемлекеттік жүйедегі электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы биыл атқарылады. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Асар-2 ықшам ауданында кәріз құрылысы да қарқын алған. Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құраса, бүгінде оның 40 пайыздан астамы орнатылды. Нысан келер жылы қолданысқа беріледі.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Биыл қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі. Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр, дейді мамандар.