«Отбасың - алтын діңгегің»: Шымкентте жастармен жаңа форматта кездесу өтті

0
402

Аталған кездесу Политехникалық колледжінде өткізілді.


«Отбасың - алтын діңгегің»: Шымкентте жастармен жаңа форматта кездесу өтті

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Политехникалық колледжінде «Отбасың — алтын діңгегің» атты жастар арасында кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған кездесуге Әл-Фараби аудандық аналар кеңесінің төрайымы Тұрсынай Барлыбаева мен аналар тобының мүшелері Салима Бейсебаева, Разия Құлымбетова, Ләззат Сейдазимова, Райхан Нарымбаева, Жастар ресурстық орталығының психология бөлімінің басшысы Айгүл Шымтөреева және колледж студенттері қатысты.
Кездесуді ерекше форматта ұйымдастырдық. Ақ жаулықты аналар ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді, отбасы құндылығын, отбасындағы еркек пен әйелдің рөлін сахналық көрсетілімдермен ұғындырды. Қазіргі таңда жас отбасылар арасында ажырасу жағдайы жиі кездеседі. Бұл мәселені шешу үшін әрбір отбасындағы ерлі-зайыптылар бір-біріне түсіністікпен қарап, бір-бірін сыйлай білу керек. Бүгінде отбасындағы ер адамға қарағанда әйелдің рөлі басымырақ. Қандай жағдай болмасын, қай кезде де еркек адам әйелден бір саты жоғары тұрады. Сол кезде отбасында ата-ана, балалары да әрқашан тату-тәтті өмір сүреді. Жастармен бірлесе дайындаған сахналық көріністе осы ойлардың бәрі айтылады. Мұның өзі жастарға ой салып, тәлім-тәрбие береді деген ойдамын, - деді Айгүл Шымтөреева.
Оқу орнында жастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың жеке тұлға болып қалыптасуында игі тірліктер атқарып келеміз. Бүгін «отбасындағы құндылықтар», «отбасын қалай сақтап қалуға болады?» деген өзекті тақырыптарды жастармен бірге талқыладық. Колледж студенттері аналармен бірге отбасы жайлы сахналық көріністерді дайындады. Бұдан жастардың ұғынатыны көп. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды, сол жағдайда бір ғана ұстаным – бір-біріне кешірімді болу. Сонда ғана шаңырақта сыйластық пен түсіністік болады, - дейді Политехникалық колледжінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Дана Сайлау.
Айта кетейік, жастар арасында мұндай кездесулер қаламыздағы оқу орындарында аға буынның қатысуымен тұрақты түрде өтіп келеді.