Биыл Шымкентте 12 жаңа туристік нысан ашылады

0
715

Жобаларды жүзеге асыру құны 9 млрд теңгені құрайды.


Биыл Шымкентте 12 жаңа туристік нысан ашылады
Үшінші мегаполисте биыл 12 жаңа туристік нысан ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл әлеуеті жоғары Шымкент қаласының аймақтағы ірі туристік орталықтардың бірі ретінде қалыптасуына септігін тигізіп, кең мүмкіндіктерге жол ашады.
Туризм саласындағы бұл инвестициялық жобалар - «Diamond Hotel», «Barsa», «Таукехан Plaza», «Cosmopolitan Hotel», «7Jol» сияқты жайлы қонақ үйлер мен демалыс кешендері бой көтеріп, іске қосылады.
Жобаларды жүзеге асыру құны 9 млрд теңгені құрайды. Ашылатын жұмыс орындарының саны – 402 адам.
Өткен жылы қаламызда «Пана», «Дора», «Grand Villa Hotel», «Wind hotel», «Big rooms», «Graf» қонақ үйлері сынды 6 жоба жүзеге асырылып, 145 адам жұмыспен қамтылды. Бұл жұмыстар саланың дамуы мен қаламыздағы орта және шағын бизнестің өркендеуіне оң әсер етіп, тұрақты табыс көзі мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласына сыртқы және ішкі туризм бойынша келушілердің саны жыл санап көбейіп келеді. Осы ретте туристер санының артқанын ескере отырып, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы қаламыздың гид-экскурсоводтары мен қонақ үй қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды назардан қалдырған емес. Осы мақсатта гид-экскурсоводтар мен қонақ үй қызметкерлері арасында жыл сайын семинар ұйымдастырылады. Осымен үшінші жыл қолға алынған семинар биыл қазан айында өтеді деп жоспарланған. Семинар-тренингті бизнесті дамыту, нарықта брендті сату және ілгерілету жөніндегі кеңесшілер, сертификатталған шетелдік коуч-мамандар және топ позицияларында ұзақ жұмыс өтілі бар жергілікті білікті практиктер жүргізеді. Бес күнге созылатын іс-шара соңында қатысушыларға арнайы біліктілікті арттыру туралы сертификаттар табысталады. Семинарға 40-тан астам гид-экскурсовод пен қонақ үй қызметкерлері қатысатын болады.