​«Абай күні»: Шымкентте жылжымалы кітап көрмесі өтті

0
1 129

Жылжымалы кітап керуені Арбат алаңында бүгін кешкі сағат 20.00-де жалғасатын болады.


​«Абай күні»: Шымкентте жылжымалы кітап көрмесі өтті

Шымкент қаласында Абай күніне орай жылжымалы кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

10 тамыз – Абай күні. Шымкентте ел руханияты үшін айрықша саналатын мерекені атап өту 9 тамыздан басталды. Бұл күн Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бекітілген болатын. Осыған орай, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі КММ-нің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының туғанына 177 жыл толуына орай 2022 жылғы 9-10 тамызда іс-шаралар өтеді. Іс-шаралар арқылы ұлы ақын, ойшыл, сазгер, философ А.Құнанбайұлының еңбектерін жастарға насихатталатын болады.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 177 жылдығына орай Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі екі күндік «Кітап керуені» атты жылжымалы кітап көрмесін ұйымдастырды.

«Ұлылардың ұлысы – Абай» тақырыбында өткен іс-шараға шымкенттіктер белсене қатысты. Оқырмандар Арбат демалыс аймағында көрмеге қойылған ақынның өлең жинақтары, қара сөздері, хикмет кітаптарымен танысты.

Ұйымдастырушылар Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы қала тұрғындары арасында викториналық ойындар ұйымдастырып, жеңімпаздарды марапаттады.

Жылжымалы кітап керуені Арбат алаңында бүгін кешкі сағат 20.00-де жалғасатын болады. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханасында бүгін «Абай әндерін бірге шырқайық» атты әдеби әуенді кеш өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін ғылыми және әдеби ортада Абай Құнанбайұлының туған күні туралы екі түрлі нұсқа танымал болған. Алайда абайтанушы Тұрсын Жұртбай бастаған ғалымдар ойшылдың туған күні 10 тамыз екенін дәлелдеді. Сол себепті Абайдың 10 тамыз Абай күні ретінде ресми бекітілді.