Туристер Европаның ЕҢ КІШКЕНТАЙ еліне неге құмар?

0
2 893

Бұл ел несімен ерекшеленеді?


Туристер Европаның ЕҢ КІШКЕНТАЙ еліне неге құмар?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Мальта атты аралдағы мемлекет қонақтарын әп сәттен-ақ баурап алады. Ол Жерорта теңізіндегі Мальта архипелагында, Сицилиядан небәрі 93 шақырым және Африка Тунисінен 288 шақырым қашықтықта орналасқан. Мальта шежіресі біздің тарихқа дейінгі кезеңнен басталады және бұл ел орналасуына байланысты әрдайым стратегиялық маңызға ие болып саналады. Бұл мемлекетті түрлі кезеңдердің державалары жаулап алып, өздерінің іздерін қалдырған. Сондықтан да Мальтадағы туристік нысандардың тізімі ұзақ және әртүрлі болып келеді. Мұнда көптеген әскери ескерткіштер, тарихқа дейінгі, діни, сәулеттік, табиғи және мәдени көрнекті орындар бар.


Сондай-ақ, Мальта суға шомылуға, балық аулауға және су спортымен айналысуға, жағажайда демалуға өте ыңғайлы. Оған қоса теңіз өнімдері мейрамханалары және шарап ішуге арналған тамаша орындарымен танымал. Мұнда сіз ескі ғимараттары бар көшелермен серуендеп, әдеттегі Мальта балкондарын көре аласыз, шіркеулердің ерекше сәулетіне таңданасыз және күннің батуын бақылай аласыз. Мальта астанасы — Валлетта сарайлар, бақтар мен керемет шіркеулер қаласы ретінде саяхатшылардың назарын аударады.


Көк гротто (Көк Гротто)

Көк гротто – Мальтадағы ең көрікті жерлердің бірі. Бұл үлкен 30 метрлік арка және Мальтаның оңтүстік-шығыс жағалауындағы Вид-и-Зуррик балық аулау айлағына жақын орналасқан теңіз үңгірлері кешені. Аталған жерге Валлеттадан автобуспен келіп, содан кейін тек су жолымен жетуге болады. Аялдамада таңғажайып көріністерді тамашалауға арналған бақылау палубасы бар. Қайықпен теңіз арқылы шамамен 20 минут жүресіз. Осы уақыт ішінде әдемі жағалау, көгілдір гроттодағы судың таңғажайып түстерімен таныса аласыз.

Бұл аймақтың тамаша табиғатынан толықтай ләззат алу үшін жаз айларында таңертеңнен түске дейін, әсіресе ашық, шуақты күндері бару керек.



Үлкен айлақ

Grand Harbor - Жерорта теңізіндегі ең үлкен табиғи айлақтардың бірі болып саналатын Мальтадағы ең көрнекті туристік орындардың бірі. Ол тарихқа дейінгі дәуірден бері қолданылып келеді және көптеген жағдайларда шешуші рөл атқарған. Оның жағалауында бірнеше үлкен шайқастар да болған. Мысалы, Мальта шайқасы (1283) немесе Мальтаның ұлы қоршауы (1565). 268 жыл бойы бұл жер Сент-Джон орденінің рыцарлары үшін Резиденция қызметін атқарған. Сонымен бірге, Мальта Ұлыбританияның колониясы ретінде Корольдік және Жерорта теңізі флоттарының стратегиялық базасы болған. Мұнда бекіністер, Аралдың бұрынғы әскери маңыздылығын көрсететін айлақтар мен доктар желісі салынған.


Бүгінгі таңда үлкен айлақ – круиздік кемелерді қабылдайтын және көптеген сәнді кафелер, мейрамханалар мен дүкендер, сәнді жағалауы бар Валлетта порты. Мұнда ұлттық регата, халықаралық отшашу фестивалі және джаз фестивалі сынды ауқымды мәдени іс-шаралар өтеді.



Жоғарғы Барракка бақтары

Жоғарғы Барракка бақтары – Мальта астанасындағы әдемі қоғамдық саябақ. Ол Петропавл бастионының жоғарғы деңгейінде (XVI ғ.) орналасқан және төменгі Барракка бақтарының егізі болып саналады. Бұл қала қабырғаларының ең биік нүктесі. Сондықтан бұл орыннан керемет көріністерді тамашалауға болады. Саябақ бюсттер және мүсіндер топтамасымен, субұрқақпен, түрлі-түсті безендірілуімен ерекшеленеді.

Жоғарғы Барракка бақтарының негізгі террасасының астында күн сайын сағат 12.00-де және 16.00-де сәлемдесу мақсатында зеңбірек атылады. Гранд Харборды Барракканың жоғарғы бақтарымен және Валлетта қаласының орталығымен байланыстыратын лифт те туристердің назарына лайық.



Үш қала

Үш қала — Витториоза, Сенглия және Коспикуа. Бұлар Мальта тарихының бесігі болып саналады. Қалалар үлкен айлаққа қарама-қарсы орналасқан және үнемі Мальтадағы әскери оқиғалардың ошағы болған. Мұндағы көне көшелер шынайы атмосфераны сақтайды және әрқашан туристердің назарын аударады.


Сан-Антон Бақтары

Сан-Антон бақтары 1882 жылы келушілер үшін ашылған және елдегі ең әдемі бақтардың бірі болып саналады. Олар Мальта Президентінің резиденциясы ретінде қызмет ететін Валлеттадағы аттас сарайды қоршап тұр. Бақтар Жерорта теңізі және тропикалық гүл-өсімдіктердің алуан түрлілігімен таңқалдырады. Мұнда тіпті жасы 300 жастан асқан ағаштарды көруге болады.

Саябақта субұрқақтар, алтын балық тоғандары, суда жүзетін құстар мен тасбақалар, тас мүсіндер мен ескерткіш тақталар бар.


Форт Сент-Эльмо

Сант'Эльмо Форты (Сент. Elmo Heritage building) 1552 жылы небәрі төрт айдың ішінде салынып, 1565 жылы «Мальтаның ұлы қоршауы» соғысында маңызды рөл атқарған. Бұл жұлдыз тәрізді бекініс Марсамксет айлағын Валлетта маңындағы Үлкен айлақтан бөлетін Скиберрас түбегінің жағасында орналасқан. Оның ішінде құнды артефактілер мен өткен шақтың рухын жеткізетін әскери атрибуттар бар.


Комино аралы

Кішкентай Комино Мальта мен Гозо аралдарының арасында орналасқан. Оның ауданы небары 3,5 км2. Мұндағы жалғыз ғимарат — қонақ үй. Туристер мұнда бір күндік сапар аясында көк лагунада демалу үшін келеді. Бұл ақ құм мен көгілдір суы бар керемет жер. Одан бөлек, демалушылар Санта-Мария және Сан-Никлав шығанағының жағажайларына да жоғары баға береді



Меллиха

Меллиха – аралдың солтүстігіндегі шағын әрі танымал курорт. Туристерді негізінен Меллиха шығанағының құмды жағажайы қызықтырады. Ұзындығы 800 метрге жететін курорт инфрақұрылыммен жабдықталған. Айналасында бірнеше мейрамхана мен автотұрақ бар. Дегенмен, демалушылар бұл жерде барбекюге тыйым салынғанын білуі керек.


Марсашлокк

Марсашлокк деп аталатын шағын балықшылар ауылы Мальтадағы ең үлкен балық базарымен танымал. Дәл осы жерден аралдың барлық мейрамханалары мен кафелеріне ең балғын теңіз өнімдері жеткізіледі. Балық нарығы тек жексенбіде жұмыс істейді, ал сауданың қызатын шағы таңғы 6-дан 10-ға дейінгі аралық.

Мальтадағы туристік орындар мұнымен тоқтап қалмайды. Барлығын көру үшін бір рет саяхаттаған дұрыс.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


ШЕТЕЛДЕ ОҚУ: құжат қана емес, БҰЛ да дайын болсын

Бұл елді ӘЛЕМ басқа, өз ХАЛҚЫ басқаша атайды