Саяхат ЖАҢА қырларымызды ашып, ойдағыдай ӨМІР СҮРУГЕ көмектеседі! Қалай?

0
6 392

Сіз саяхаттың не үшін керек екендігі туралы ойланып көрдіңіз бе?


Саяхат ЖАҢА қырларымызды ашып, ойдағыдай ӨМІР СҮРУГЕ көмектеседі! Қалай?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Біреулер әлемнің жаңа бұрышы, жаңа орта және жаңа мәдениетпен танысу үшін, енді біреулері жай ғана тып-тыныш, ешқандай жұмысқа күш жұмсамайтын жерде демалу үшін саяхаттайды. Сондай-ақ, таңертеңнен кешке дейін көрікті жерлерді кезегімен аралап, тіпті сауда жасап жүріп белсенді түрде саяхат жасайтындар бар. Бірақ, түптеп келгенде саяхат адамдарға жаңа эмоция мен шабыт сыйлап, тіршіліктен шаршаған жан мен тәнді қалпына келтіріп, тың идеялардың іске асырылуына, өміріңіздің жаңа парақтарының ашылуына әсер етеді. Бүгінгі мақалада осы тақырыптар аясында сөз қозғайтын боламыз.

Қазір әлеуметтік желіге кіріп, күнделікті белгілі бір тақырыпта жазба жариялап отыратын адамдар өте көп. Солардың арасында саяхаттан алған әсерін, пайдалы жақтарын жазатындар да баршылық. Мысалы, олардың жазбасынан әлемнің түкпір-түкпірінен дос тапқанын, әртүрлі жерлердегі өмір сүру салтының, түрлі адамдар мен олардың мәдениетінің қандай екенін білуге болады. Сондай-ақ, саяхаттың жеке адамқа қандай пайдасы бар екенін, демалыстың «өзін-өзі дамыту» дағдысына серпін беретінін, демалыстан кейін қандай сұрақтарға жауап беру керектігі туралы ойларымен бөлісетіндер де бар. Сол мәліметтерді оқи келе, саяхаттың тиімді тұстары жайлы бірнеше қорытынды жасадым.


Саяхаттау неліктен маңызды?

Саяхат күнделікті тіршіліктің артында жасырылған дүниелерді ашуға, санаңызды серпілтіп, таным көкжиегін кеңейтуге және арманыңызды жүзеге асыруға көмектеседі. Сондықтан, саяхат адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы керек. Өйткені, саяхаттаған адам әр сапарда жаңа таныстар, жаңа достар, іскери серіктестер тауып, бұрын білмеген, көрмеген нәрселермен танысады. Соның арқасында адамдар өсіп, жеке дамудың жаңа деңгейіне қол жеткізеді.

Саяхаттың тағы бір артықшылығы – адам өзінің әдеттегі өмір сүру ортасын тастап, өміріне күнделікті әсер ететін факторлардың күшін жояды. Мәселен, демалыс кезінде Сіз өмірді жаңадан бастағандай боласыз:

• алдымен, басқа жерде, өзгеше уақытта оянасыз;

• басқаша тағамдар тұтынасыз;

• үнемі экскурсияға шығып, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасап, миыңызды тың ақпаратпен толықтырасыз, дүниетанымыңызды кеңейтіп, өзге тілдерге бейімделупроцесіне түсесіз;

• көрікті орындардан ләззат алуды сезінесіз.

Ондай өзгерістерді өзіңізді бақылау арқылы білуге болады. Мәселен, ой-өрісіңіз өзгеріп, күйбең тіршілікті ұмытып, дамудың, өзгеше өмір сүрудің жаңа жолдарын қарастыра бастауыңыз әбден мүмкін.


Тұрақты түрде саяхаттап тұратын адамдар бақытты болу үшін 3 нәрсе керек дейді. Олар:

• махаббат;

• қызықты жұмыс;

• саяхаттау.

Көптеген адам уақыт пен ақшаның жетіспеушілігінен, жұмыстың көптігінен саяхатты кейінге қалдырады да, жұмыс пен үй арасындағы біркелкі режимнен шыға алмай қалады. Мүмкін, шынымен де олардың саяхатауға мүмкіндігі жоқ шығар... Бірақ, бұл өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ қой. Сондықтан кез келген адам амалын тауып саяхаттауға, сол арқылы жаңаша жоспар құрып, әр сәттен рахат алып өмір сүруге болатынын білгені және соған талпынғаны дұрыс. Талпыныстың өзі жетістікке жетелейді ғой. Тап қазір ондай мүмкіндігіңіз болмаса, шетелге шығу міндетті емес. Мысалы, демалыс күндері қаладан тыс жерге барып, еркіндікті сезініңіз, күнделікті уайымды естен шығарып, тың бастамалар жайлы ойланыңыз.

Сонымен қатар, саяхат кезіндегі әдемілік сезімі адамдарды жақсы және көп жұмыс істеуге итермелейді екен. Бұл дәлелденген дерек. Стэнфорд университетінің зерттеулеріне сәйкес, әдемілік сезімі адамдарды жалпы әл-ауқат туралы ойлауға жетелейді. Яғни таңдану қабілеті, өзінің өмірін ерекше етуге деген ұмтылыс жеке даму мен жалпы адамзат эволюциясымен тікелей байланысты.


Саяхат балалардың дамуына да әсер етеді

Әсіресе балалар үшін саяхаттың рөлі өте маңызды. Өйткені баланың мінез-құлқы кішкентай кезден, айналасына қызығушылық танытқан кезден бастап қалыптасады. Ал, саяхат кезінде бала әлеммен, өзге адамдар, өзге мәдениет пен нәсілдермен танысып, көзі мен бойын үйрете бастайды. Сондықтан, баласына көп көңіл бөлетін ата-аналар демалысты балаға да тиімді етіп ойластырады. Сондай-ақ, балаңызды өзіңізбен бірге ұзақ сапарға алып барып, аниматорлар мен атракциондардың маңына «байлап қойған» мүлдем дұрыс емес. Себебі, бала мұндай ойын-сауықта көңіл көтергенімен, шет ел, ондағы халық пен мәдениет, көрікті және тарихи орындар жайлы ақпарат ала алмайды. Ал, ата-анасымен бірге экскурсияға шықса, көптеген нәрселерге қызығушылығы оянып, түрлі сұрақтардың жауабын алып, даму процесіне түседі.


Әртүрлі елдерден не үйренуге болады?

Мысалы, испандықтар мен гректерден дұрыс демалуды үйренуге болады. Өйткені, олардың өмір салтында жиындарда және демалыс күндері жұмыс туралы сөйлеспеу ережесі бар. Егер, сіз оларға жұмыс уақытынан тыс мезгілде, тіпті шұғыл түрде қоңырау шалып, мәселеңізді жеткізсеңіз де бұл жағымсыз қасиет болып саналады.

Ал, солтүстік Еуропа елдерінің тұрғындарынан ұқыптылық пен тәртіпті үйрене аласыз. Мысалы, неміс немесе голландиялық азамат сізбен кездесу уақытын 16:12-де деп белгілесе, дәл сол уақытта келіп тұрады. Себебі, олар әр күнді қатаң жоспарлауға дағдыланған. Ал, сіз олардың дағдысын құрметтемсеңіз, жақтырмай, тіпті сенбей қалуы ғажап емес.

Сонымен қатар, адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы көптеген тіл үйренуге болады. Бұл өміріңіздегі елеулі жетістік болары анық. Қазіргі уақытта балалар мен ересектерге өзге тілдерді үйретіп, шетел азаматтарымен қарым-қатынас жасауға көмектесетін, әрі саяхат жасауға мүмкіндік беретін арнайы лагерьлер ұйымдастырылады. Оған қатысу арқылы шет тілдерін тез меңгеруге болады.

Тағы бір айта кетерлігі, Еуропа мен Азия елдеріне бірнеше рет барған болсаңыз, келесіде Африкаға немесе араб елдеріне саяхаттаған дұрыс. Мұндай шешім арқылы біздің әлеміміз қаншалықты қызықты және сан қырлы екенін сезініп, демалыс пен саяхатты ерекше өткізуге қол жеткіземіз.


Әр сапардан мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз

Демалыс кезінде өз бойымыздан бұрын байқамаған қасиеттерді, жаңа идеялар, шабыт, күшті көре бастаймыз. Бірақ, көптеген адам сонда да демалыстан келгесін баяғы қалпына оңай түсіп кетеді де, жаңа мүмкіндіктерге жол ашпайды екен. Неге?..

Демалысқа, басқа ел немесе қалаға барып келгеннен кейін мына сұрақтарға жауап беріңіз:

1) Басқа қалаға немесе елге жасаған сапардан не есте қалды? Сізге не әсер етті?

2) Саяхат кезінде не ойладыңыз, қандай ойлар, тың идеялар пайда болды?

3) Өміріңізде қандай идеяларды жүзеге асырғыңыз келеді?

4) Өзіңіз туралы не білдіңіз, қандай қырларыңызды аштыңыз? Қандай тәжірибе жинадыңыз?

5) Сіз көрген және білген барлық нәрселерді өміріңіздің бір бөлігіне айналдыруға дайынсыз ба?


Ең бастысы – ойыңыздағының бәрін жазу, талдау және қорытынды жасау. Осындай өзгерістерден кейін, уақыт өте өз ойыңыздың сапалы бола бастағанына назар аударсаңыз, шынымен не қалайтыныңызды жақсы түсінесіз. Содан кейін, айналаңыздың жағымсыз әсерінен арылып, өзіңіздің қалауыңызға сай әрекет ете бастайсыз, ойыңыздағыдай өмірге қол жеткізесіз. Міне, саяхаттың әсерін осылай да пайдаға жаратуға болады. Өзіңізді ешқаша тежемеңіз. Әр адам қоғамнан өз орнын табуға хақылы және оны өзі ғана жүзеге асыра алады. Саяхатыңыз сәтті өтсін!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Рамазан айында ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ САЯХАТТАУҒА болады


«Игра престолов»: Сериал түсірілген алаңдар ТУРИСТЕРДІҢ КӨП БАРАТЫН жеріне айналған