Рамазан айында ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ САЯХАТТАУҒА болады

0
5 357

Саяхат – бұрын бармаған жерді көру ғана емес!


Рамазан айында ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ САЯХАТТАУҒА болады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Саяхат дегеніміз – бұрын табанымыз тимеген жерлерді көру, өзге адамдармен танысу, олардың мәдениеті, діні, тілі, өмір салты мен дүниетанымын тереңнен білу. Егер сіз барған жердің ұлттық тағамынан дәм татып, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, солардың өмір салтына уақытша бейімделсеңіз, ол ұмытылмас саяхат болары сөзсіз. Ал, мұсылман елдеріне саяхаттауды жоспарлап жүрсеңіз, сапарға әлемдегі күллі мұсылмандар Аллаға құлшылық ететін қасиетті Рамазан айында шығу керек. Өйткені Рамазан діни мереке болып қана қалмай мұсылмандардың күнделікті өміріне, жұмыс кестесінен бастап тамақтану әдеттеріне дейін әсер етеді, әр қаланың жағымды атмосферасын өзгертеді.

Осылайша, Рамазан айындағы мұсылман еліне саяхат сізге мәдениет пен дәстүрдің жаңа және шынайы жағын білуге мүмкіндік береді. Дегенмен, сөмкеңізді жинамас бұрын, бірнеше дүниені білу керек. Ол жайында бұдан алдыңғы «Рамазан айындағы саяхат – Сізге КЕРЕК кеңестер» тақырыбымен жарық көрген мақалада жариялаған едік.


Рамазан айы туристерге қалай әсер етеді?

Егер сіз осы қасиетті айда мұсылман елдеріне саяхаттайтын болсаңыз, ерекше әсер алатыныңыз кәміл. Өйткені, Рамазан – жәй ғана қоғамдық мереке емес. Бұл мейрам әр жердегі тұрғындардың өмір салтына әртүрлі дәрежеде әсер етіп, туристер соған бейімделуге мәжбүр болуы мүмкін. Мәселен, Рамазан айында кейбір қалаларда қоғамдық орындарда тамақтану немесе сусын ішу қылмыс болып саналса, енді біреуінде мұндай әрекеттерге тыйым салынбайды. Бұл ай сонысымен де ерекше. Егер, Сіз де Рамазан айында мұсылмандар қаласына саяхаттағыңыз келсе, ең қолайлы 5 бағытты ұсынамыз.


1. Ыстамбұл, Түркия

Бұл тарихи қала ислам сәулет өнерінің әлемдегі ең көрнекті үлгілерінің бірі. Егер сіз шынымен Рамазанның әсерін сезінгіңіз келсе, Ыстамбұл ең жақсы таңдау. Ондағы туристер ораза ұстауға міндеттелмейді және қоғамдық орындарда ішіп-жеуге бола береді. Алайда, көшеде емес, кафе секілді жабық орында тамақтанған дұрыс. Бұл жергілікті тұрғындар арасындағы құрмет пен сыпайылық әрекеті ретінде қарастырылады.

Ыстамбұлға барсаңыз, көшеде мүмкіндігінше жайбарақат серуендеуге тырысыңыз. Өйткені күн батқан кезде қала бірден оянып, мыңдаған жергілікті тұрғындар дәмді тағамдарымен бірге көшеге шығады. Ал, мешіттердің маңында жүріп, оқылған дұға, Құраннан ләззат алуға болады. Сондай-ақ, Рамазан айының салт-дәстүрін білгіңіз келсе, кешкісін мешітке барып, жергілікті тұрғындармен бірге дұға етіңіз. Бұл саяхат кезіндегі ұмытылмас эмоциялардың бірі болатыны сөзсіз!

Кешке қарай атақты көк мешіттің маңайынан көптеген көрікті орындарды таба аласыз. Жарқыраған шамдарының астында ең дәмді түрік тағамдарынан дәм татып, Ыстамбұлды жарықтандыратын мұнаралар арасында жүргізілген неон жазбаларын көре аласыз. Көптеген жерлерде шатыр құрылып, ауызашар ретінде тұрғындар мен туристерге тегін тамақ таратылады. Сонымен қатар, Түркиядағы ең танымал десерт – халваның дәмін көруге болады. Түрік йогурты және басқа да көптеген тағамдар, дәстүрлі түрік кәдесыйларына толы дүңгіршектерді жиі кездестіресіз. Мұның барлығы саяхатқа сән қосып, мәнін кіргізетіні анық.


2. Марракеш, Марокко

Марракеш ерекше экзотикалық пейзаждары және тұрғынүйлерінің арзан болуымен туристер арасында ең жақсы демалыс орындарының бірі саналады. Ал, Рамазан айында Марракеш сәл тынышталып, ойын-сауық, сауда-саттық азаяды. Демек, бұл ондағы Джемма Эль-Фнаа алаңына, ЮНЕСКО-ның адамдар көп жиналуға тыйым салған орындарына барудың тамаша мерзімі.


Сондай-ақ, аталған елдегі ең үлкен базар осында орналасқан. Ол жерден кез келген тауарды сатып алуға болады. Бірақ, Рамазан айында бұл қаладан алкогольді сусын табу өте қиын. Көптеген дүкендерде қасиетті айда алкоголь сатылымы тоқтатылады.

Егер, осы қалаға барып, кешкісін атылған оқ дыбысын естісеңіз, алаңдамаңыз. Ол оразаның аяқталып, ауыз ашатын уақыттың келгенін білдіреді. Содан кейін дәмді тағамдар мен жанды музыка атмосферасы орнайды. Ал, жергілікті тұрғындар ауызашарға шақырса, бас тартпауға болады. Өйткені, Марокко мұсылмандарының пейілі де, дәм-тұзы да ерекше болады.


3. Сараево, Босния және Герцеговина

Сараево қаласында мұсылмандар бар, бірақ халықтың басым бөлігін құрамайды. Мұнда Рамазаннан басқа Пасха мен Рождество да тойланады. Бұл қала әр дінге ашық және мұсылмандардың дініне ерекше құрмет көрсетіледі. Сондықтан, қалада Рамазан айында соншалықты тыныштық орнай қоймайды. Барлық дүкендер мен мейрамханалар күні бойы ашық тұрады. Ал, кешкі намаздан кейін Башчаршия мешітінің жанындағы барлық кафелер мен мейрамханалар туристер мен жергілікті тұрғындар үшін ең дәмді тағамдарын ұсынады.


4. Шираз, Иран

Иранның бұрынғы астанасы – әлемдегі ең әдемі және тарихи орындардың бірі. Ширазға тек Насир Әл-Мульк мешітін көру үшін баруға болады. Өйткені, ол мешіт көрген көзді жауламай қоймайды, әсіресе Рамазан айында! Мұнда да туристерге ораза ұстау міндеттелмейді. Бірақ, күндіз қоғамдық орындарда тамақтану немесе темекі шегу секілді әрекеттер құпталмайды. Сондай-ақ, «ауызашар тағамдарын ирандықтардан жақсы пісіретін ешкім жоқ» деген пікірлер жиі айтылады. Сондай-ақ, мұнда кешкісін түрлі тағамдар мен сусындар ұсынылады. Мұның барлығы кез келген адамға жағымды болатыны белгілі.


5. Дубай, БАӘ

Бұл қала да Рамазан айында саяхаттап, ерекше ләззат алатын ең жақсы орындардың бірі. Бірақ, кей ережелерге бағынуға тура келеі. Тіпті, бұл қалада күндіз сағыз сатып алғаныңыз үшін айыппұл арқалап кетуіңіз мүмкін. Ал, ораза тұтпаған болсаңыз, күндіз де жұмыс істей беретін арнайы асханаларды тауып алуға тура келеді. Ал, темекі шегуді түнге қалдырған дұрыс.

Сондай-ақ, Дубайдағы ең танымал мәдени және ойын-сауық орталықтары жазғы лагерьлер, экзотикалық түнгі базарлар мен ең жақсы мейрамханалар Рамазан айы үшін ерекше қызмет көрсетеді. Жалпы, бұл қалада да Рамазан айындағы ерекше саяхатты өткізуге болады.

Мұсылмандардың ең ұлы мерекесін естеп кетпестей етіп өткізуіңізге тілектеспіз!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.

Тағы оқыңыз:


Рамазан айындағы саяхат – Сізге КЕРЕК кеңестер


Әлемдегі балаларға арналған ЕҢ ТАНЫМАЛ ойын-сауық саябақтары