Әлемдегі ЕҢ ЕРЕКШЕ 4 театр: біреуі – ТҮРКІСТАНДА

0
3 383

Түркістандағы "ұшатын" театрды білесіз бе?


Әлемдегі ЕҢ ЕРЕКШЕ 4 театр: біреуі – ТҮРКІСТАНДА

Театр – көрер көзге, көңілге ерекше эстетикалық ләззат сыйлайтын өнердің алтын ордасы. Онда архитектурадан бастап, мүсін, бейнелеу, сәндік-қолданбалы өнер, ән-би, жыр, сөз өнері – бәрі жинақталған. Адамның қиялында шек жоғын, өнерде ұлт, шын талантта шекара болмайтынын дәлелдеген туындыларға қарап еріксіз таңдай қағасың. Әсіресе, ол нысан әлемдегі ең таңдаулы, ең ерекше театрлардың бірегейі болса...


«Ұшатын» театр – қиял мен рухқа қанат бітіреді



2021 жылы Түркістан қаласында «ұшатын театр» ашылғаны бәрімізге белгілі. Ал «Дүние жүзінде мұндай 8D форматындағы «ұшатын театр» 18 ғана, ТМД елдері бойынша жалғыз Түркістанда ғана бар» деген фактіні екінің бірі білмеуі мүмкін.

Қаланың мәдени-рухани орталығы – «Керуен сарай» туристік кешенінде орналасқан ерекше нысан Самұрық құстың алып жұмыртқасы пішінінде. Халық аңызы бойынша, киелі Самұрық құс Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, күн бейнелі алтын жұмыртқа салады. Дәл осы алып алтын жұмыртқа үлгісіндегі ерекше театрда сиқырлы ертегілер еліне, қазақ халқының тарихына, бүгіні мен келешегіне жаңа технологиялардың көмегімен, 8D форматта әсерлі саяхат жасауға болады.

Театрға келушілер ең алдымен 20 минут экскурсияға қатысады. Мекеме қызметкерлері еліміздің тарихын тас ғасырдан бастап, Жаңа Қазақстанға дейін жоғары сенсорлы жүйемен жабдықталған технологиялармен көрсетіп түсіндіреді. Кейіннен жаңа технологиялы 8D арқылы еліміздің ең көрікті елдімекендерінің үстінен (Отырар жері, қазіргі Түркістан, Нұр-Сұлтан қаласы, космос әлеміне саяхат, Шарын шатқалы арқылы ұшып өтіп, теңіз әлемімен танысу, т.б.) «ұшып өтеді».

Қала тұрғындары мен туристердің сүйікті орнындарының біріне айналған театрды тамашалағысы келетіндер саны күн санап артып келеді. Ендігі мақсат – елімізден бөлек, Орта Азия аймағындағы үздік туристік орталықтардың біріне айналу.


Теңіз үстіндегі театр


Теңіз үстіндегі театр қойылымын Австрия тұрғындары мен қонақтары ғана тамашалай алады. Брегенц өнер фестивалі аясында ашылған театр келушілерді қызықты қойылыммен ғана емес, орналасу ерекшелігімен, айықша декорациясымен тамсандырады. Себебі, сахнасы расында да су айдынының үстінде орнатылған. Жағалауда отырған көрерменге өнерпаздар су бетінде жүргендей, бишілер су үстінде билеп жатқандай әсер қалдырады.

Атақты театрдың көрермені болу үшін әр жаз сайын алыс-жақыннан арнайы келушілердің саны – орта есеппен алғанда 600 мың шамасында.

Әртістерден бөлек, мұнда декораторлар мен дизайнерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Неге бұлай бағаланатынын суреттерге қарасаңыз, бірден ұғасыз.


«Жолаушы» өнерпаздар



«Les Passagers» (« Жолаушылар») – француздық көше театры. Режиссер Ф. Рью мен актриса К. Бернардтың қиялынан туып, 1988 жылы жүзеге асқан жаңа формат. Басқалардан айырмасы сол, мұнда арнайы сахна да, шымылдық, декорация, тіпті көрермен орындықтары да болмайды. Өйткені, аты айтып тұрғандай, көшпелі театр ұжымы үнемі жолаушылап жүреді, әр қойылым жаңа жерде қойылады. Ол қаладағы саябақ, көпірдің үсті, зауыт, қойма, үйлердің арасы, көше бойы, тіпті, қоқыс тастайтын орын болуы да мүмкін. Тағы бір үлкен өзгешелігі – сахна тігінен қойылады, ал өнерпаздар арнайы трос, арқандар көмегімен жоғары-төмен жылжып жүріп ойнайды. Ал қойылым көбіне би, пантомимо, цирк немесе спорттық акробатика түрінде өтеді. Сондықтан да әлемдегі ең ерекше ғана емес, ең қауіпті театрлардың бірі саналады.


Мінсіз акустикалы табиғи амфитеатр



Раттвик – Швециядағы кішігірім ғана, алайда, аты әйгілі қалашық. Әсіресе фольклор мен операға, ерекше көрікті нысандарға қызығатындар арасында танымалдылыққа ие. Оған себеп – осындағы 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Дальхалла театры.

1990 жылға дейін мұнда әктас өндіру жұмысы жүргізілген. Аталған жұмыс тоқтаған соң өнер қайраткерлері жергілікті үкіметке оны театрға айналдыруды ұсынған. Өйткені карьердің өлшемі классикалық амфитеатрға тура келетінін (ұзындығы – 400 м, ені – 175 м, тереңдігі – 60 м), тіпті ондағы акустиканың өзі айналадағы табиғи тастардың арқасында мінсіз екенін, ешқандай жаңғырық, бөтен дыбыстардың болмайтынын байқаған. Нәтижесінде осындай өзгеше өнер ордасы пайда болып, ол адамдарға айтарлықтай пайда әкеліп, кішкентай қалашықтың атын шығарып тұр.

Сізге қай театр қатты ұнады? Қайсына барып, қойылым тамашалағыңыз келер еді?

Дайындаған: Б. Ерман,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

Адамзат тарихындағы ЕҢ ЖОЙҚЫН жер сілкінісі қай елде орын алған

Швейцария барған адам 24 сағаттың ішінде 6 ЕЛГЕ САЯХАТТАЙ АЛАДЫ