Цирктегі қызықтар – ертегі. Жібек Зинелова

0
1 433


Цирктегі қызықтар – ертегі. Жібек Зинелова

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Мектепте математика сабағы болып жатты. Апай тақтаға шығып, бір нәрсені мұқият түсіндіріп, оқушылар зер сала тыңдап отырды. Мұғалім:

- Балалар бүгінгеометриялық пішіндерді өтеміз, - деді.


Айым апайының айтқанын ұға алмай тақтаға бір, балаларға бір қарады. Шаршы, үшбұрыш, дөңгелек деп түсіндіре бастаған мұғалімнің сөзін түсінгісі келмей, жалыға бастады. Пішіндерді бір-бірімен шатастыра бастады. Осы сәтте ол көзін жұмып, қиял мекеніне саяхат жасап кетті.


Көзін ашса, қарсы алдында үлкен шатыр тұр. Айым үшбұрыш дегені осы болды ғой, деп түсінгеніне қуанып кетті. Сөйтіп жаңағы шатырдың ішіне кірді. Кірсе іште цирк болып жатыр екен.


Айым қуанып ішке кірді.


- Мына велосипедтегі маймылды қараңдар! Қуанып бізге сәлем беруде! – деді Айым.

Мына арыстан секіріп жүрген доғал нәрсеге не деуші еді?.. Тәтті тоқаштарға ұқсай ма өзі?! Айым осы пішіндес заттарға қарап тұрды да:


-А-а! Таптым! Апайым бұларды дөңгелек деп атаған еді ғой. Осылардың бәрін үйреткен мұғаліміме рақмет! - деп арықарай қызықтады.


Арықарай жүргенде сиқыршыны көрді. Ол телпегінен неше түрлі жануарлар шығарып жатыр екен. Айым сиқыршының қолындағы орамалға жақсылап қарады. Қалай тіп-тік орналасқан!Айымның осы бір шаршыны шоколадтың бөліктеріне ұқсатты. Қандай дәмді! ЫМ!..


Аңдар мен жануарлар сахнаның ортасында неше түрлі қимыл жасап жүр екен. Тіктөртбұрыш тақтайшаға отырғанит пен түлкі кезектесіп әткеншек тепті. Бұларды қызықтаған балалар да мәз болысты.


«Циркке келгенім қандай жақсы болды! Барлық балалар көңілді екен».


Бір кезде Айым жанындағы балалардың даусынан шошып кетті. Көзін ашса, сыныпта отыр екен. Достарымен бәрі үстел басына жайғасыпты. Айым бір сурет салды. Пішіндерді пайдаланып, циркте көргендерін қағазға түсірді. Балалар ол салған суретке қызыға қарап қалды. Пішіндерді керемет түсіндіріп бергені үшін апайы оған бір телпек сыйға тартты. Достары да оны құттықтады. Себебі пішіндерді ең жақсы түсінген Айым болатын.


Сол кезде мұғалім оларға:


-Ендеше, пішіндерді өте жақсы үйрену үшін циркке барсақ, қалай қарайсыңдар, балалар?! – деп ұсыныс тастады.


Бұны естіген балалар, мұғалімдерін қоршап алды. Бәрі апайларын құшақтап, «иә-ә» десті. Цирктегі заттар да сабаққа жарайды екен, балалар!


Бұдан бұлай балалар математика сабағын асыға күтетін болыпты.


Зинелова Жібек Құрашқызы – Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында дүниеге келген. Аудармашы, автор. Балаларға арналған «Кәмпитті жеген кім?», «Кербезмүйіз», «Әдептілік қағидалары», «Қиялдағы ғаламшар», «Сұр қоян», т.б кітаптарының авторы. Әңгіме, ертегі, фэнтези жанры бойынша ересектер мен балаларға арналған шығармалар жазады.

Бөлісу