Лимон ағашы - аударма. Жібек Зинелова

0
1 600


Лимон ағашы - аударма. Жібек Зинелова

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бір ауқатты адамның бақшасында (отырғызылған) екі лимон ағашы болыпты. Мамыр айының соңы лимон ағашының гүлдейтін уақыты. Олар гүлдегенде бүкіл бақтың іші жайнап сала береді. Әрі оны көрген адамдар да көктемнің тамаша күндеріне куә болып, қуанышқа кенеледі. Алайда әлгі адамның бақшасындағылимон ағаштарының бірі екіншісіне қарағанда әлсіз, кішкентай екен. Сондықтан бақташы оған көңіл бөлместен,үлкен ағашын суара беріпті.Ал жайқалып өскен лимон өспей қалған ағашқа қарап, оны менсінбеуді шығара бастайды.Үйдің иесі де кішкентай лимон ағашынан үмітін үзгендей болды. Ол ағаш осы қарқынмен қурап, соңында өліп қалатын шығар деп ойлап жүрді. Сондықтан оны көп суармады және оған ешқандайқамқорлық жасағысы келмеді.


Бір күні қатты соққан желден бір топ гүл тұқымы лимон ағашы өсіп тұрған бақшаға ұшып келді. Бірақ бақшада олардың өсуіне ыңғайлы бірде-бір орын жоқ еді. Барлық жерге жеміс-жидек, көкеністер егілген. Енді олардың үміті лимон ағаштарының түбіндегі бос жер еді. Осы жерге жайғасқысы келіп, екі ағаштан рұқсат сұрамақ болды.


Үлкен ағаш қабағын түйіп:


-Бұндайға қарсымын.Мүмкін емес, - деп айғайға басты. - Біз құрғақ болғанды ұнатпаймыз. Егер сендер менің түбімде көбейетін болсаңдар, судың бәрінсорып алмақшысыңдар ғой. Сендердің кесірлеріңнен бостан-бос құрғап қалар жайым жоқ. Менен әрмен жүріңдер!


Негізі үлкен ағаштың ойында тағы бір қорқыныш бар еді. Гүлдер түрлі-түсті болып жайқалған кезде,бақ иесі лимон ағашыныңақ сарыгүлдеріне назар аудармай қалса қайтеді?! Олардың өзінен де әдемі болып, бар ықыласты жаулап алуына үлкен ағаштың көнуі мүмкін емес болатын.


Осы кезде аласа бойлы ағаш оныңгүлдерге берген жауабына риза болмады. Себебі ол өзіне өмір сыйлаған Жаратушының, арықарай өмір сүру үшін суды да беріп қоятынына сенімді еді. Сол себепті құрғап қаламын деген ойдан аулақ болды. Әлгі гүлдердің тұқымына қарап тұрған ол:


-Сендермен бірге болсам, қандай көңілді болар еді! – деді. Егер бірге өссек, жалғыздықтың зардабынан құтыламын. Оның жауабына үлкен ағаштың ашуы келді.Сол кезде аласа бойлы лимон ағашы тағы да оған қарап:


-Жаратылысы сұлу болғанға әсте ешкім зиянын тигізе алмайды, - деді сөзін қайталап. Әдеміліктен тек көркемдүние ғана шығуға лайық.


Кішкентай лимон ағашының түбіне орныққан гүл тұқымдары екі-үш аптада көздің жауын алатын ғажайып сұлу гүлдерге айналды. Бүкіл адамдардың назары осы құлпырған гүлдерге ауды. Ал аласа бойлы лимон ағашы болса олардың өсуіне бар жағдайды жасай бастады. Тіпті гүлдер күн көзінен нәр алсын деп өзінің ескі жапырақтарынан да құртылды.


Құлпырған гүлдерден жұпар иіс аңқиды. Бақша иесі бұрын соңды мұрнына келмеген бұл хош иістің қайдан шығып жатқанын іздестіріп,кішкене лимон ағашының түбіндегі «шақырылмаған қонақтарын» көріп, таң қалды. Құлпырған гүлдерді көре сала, гүлдер одан сайын жайқала түссін деп, күн сайын ертемен тұрып, оларға тыңайтқыш сеуіп, молырақ су құйып,бар күтімін жасай бастады. Мейірімді кішкене лимон ағашы болса жақсы күтімнің арқасында тамырлары судан нәр алып, маңындағы гүлдер секілді жайқалып,тез өсе бастады.


Бар гүлді саясына алған аласа лимон ағашыаз күн ішінде бақшадағы ең ұзын ағашқа айналды. Әрі әдемі көбелектер шоғырланып, құлпырған жердің одан сайын сәні кірді.


Бойы аласарып қалған, такаппар көршісі болса, қызғаныштан іші күйгені аздай, бара-бара қурап бара жатқан еді.


Зинелова Жібек Құрашқызы – Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында дүниеге келген. Аудармашы, автор. Балаларға арналған «Кәмпитті жеген кім?», «Кербезмүйіз», «Әдептілік қағидалары», «Қиялдағы ғаламшар», «Сұр қоян», т.б кітаптарының авторы. Әңгіме, ертегі, фэнтези жанры бойынша ересектер мен балаларға арналған шығармалар жазады.