Кербезмүйіз – балаларға арналған әңгіме. Жібек ЗИНЕЛОВА

0
1 120

«Әр күн – үміт. Әр күн – мүмкіндік». Сөз соңында: “Маған өзіңнің белгіңді қалдыршы, менің сүйікті кербезмүйізім!” деп аяқтады.


Кербезмүйіз – балаларға арналған әңгіме. Жібек ЗИНЕЛОВА

АЙЗИЯ


Ұйқы алдында Айзия әдеттегідей сабақ үстеліне келіп отырды. Үстел үсті тап-тұйнақтай. Кітаптар қаз қатарынан тізіліп тұр. Қарсы алдындағы үлкен плакатта кербезмүйіздің кісінеген ерекше қалыбы суреттелген. Кітаптардың дені осы жануар туралы ғылыми зерттеулер, ертегі, аңыз-әңгімелерден тұрады. Оның бәрі оқылған дүниелер. Бірақ оны қайталап оқудан Айзия еш жалыққан емес. Қашан кербезмүйізді бір көргенше оның қиялы жанына тыныштық бермейтін тәрізді. Ол ешкімнің айтқанына құлақ аспайды. Бәрі оны кербезмүйіздер бұл өмірде ешқашан өмір сүрмейді деп күлкіге айналдырады. Олардың мазағы Айзияның қиялына одан әрі қанат бітіре түсетін тәрізді. Қойын дәптерін ашып, бүгінгі оқиғаларды түртіп алғысы келді.


«Әр күн – үміт. Әр күн – мүмкіндік». Сөз соңында: “Маған өзіңнің белгіңді қалдыршы, менің сүйікті кербезмүйізім!” деп аяқтады. Ол мың қайтара жазудан жалықпайтын осы сөйлемін ешқашан тастаған емес. Анасын ойлады. Анасын ойласа, есіне тағы да сол жануар түседі. Шарықтап кеткен қиялдың құшағында кірпігі ілініп кетті. Әкесі жаймен есікті ашып, бөлмеге көз салды. Айзия тәтті ұйқы құшағында. Маңдайынан сүймекші болып, бөлмеге дыбыссыз кіріп келді. Қызына жақындай бергені сол еді, терезеден бір жарық нұр үстел үстіне түсіп тұр екен. Бүгін ай ерекше жарық. “Қызым! Мақтанышым!” деп маңдайынан мейірлене иіскеген әкесі көрпені қымтап жауып, бөлмеден шығып кетті. Ертеңінде Айзия сергек оянды. Көңіл-күйі керемет. Тезірек төсегінен тұрып, сабағына кетуге асықты. Жуынып-шайынып, үстелге отырды. Әкесі мен қызы таңғы астарын көңілді ішті.


ЖАҢА ӘЛЕМГЕ САЯХАТ


Кешкісін сабақ үстеліндегі “Жалғыз кербезмүйіз” туралы аңызды қайтадан оқып шықты. Бұл жолы оған ерекше бір ой сап ете қалды. Мүмкін оларға хат жазып көрсем бе екен!? Қойын дәптерін алып, бүгінгі бастан кешкен қызықты сәттерін жазуға бекінді. Барлық беттер жазылған, жазылған... А, міне! Кешегі күн. Енді... Бүгін. Ааа?! Бұл не? Бір тал жылтыраған жіп. Жіп? Жо-жоқ, бұл қыл ғой.


Сосын ойына “Жалғыз кербезмүйіз” ертегісіндегі оқиға түсе кетті. Оның жүрегі тез-тез соғып жатыр. Бұл – үміт. Қанша жыл бас тартпаған арманы. Демек бұл қылды тұтатып көру керек. Ас үйге ұрланып кіріп, шырпы әкелді. Енді не істеу керек!? Егер...Бір шырпыны жағып көрді. Қыл тұтанбады. Бірнешеуін алып жақты. Бұл күймек түгілі, отқа жанбайтын немене? Көңілі су сепкендей басылды. Бәрін тастай салды. Арғы бөлмеден “Қызым, түтіннің исі қайдан шығып жатыр!?” деп жақындап қалған аяқ дыбысын сезді. Не істеу керек? Соңғы үмітіне сеніп, қолына бір уыс шырпыны алып жақты. Қыл тұтанып жатыр. Бөлмеге бірдеңе болмаса екен. Әкесі бөлме есігінің тұтқасын ұстады...


Айзия мөлдір бұлақтың жанына тізерлей құлады. Әлі не болғанын түсінер емес. Мұрнына ғажайып хош иіс келді. Ол басын көтеріп, жан-жағына қарауға оқталды. Бірақ көңілінде әлдебір үрей бар. Не болып жатқанынан бейхабар. «Бұл қандай әлем? Мен қайдамын?!» деп ойы сан- саққа кетті. Қалай болғанда да әкесі іздеп қалмай тұрғанда кері қайтқаны дұрыс. Осылайша басын жаймен көтеріп, айналаға көз сала бастады. Ертегі кітаптардан суретін ғана көріп жүрген таңғажайып әлем. Мың бояулы сұлу бақша. Тіршілік біткеннің бәрі жайнап, айнала гүлге оранған. Мөлдір бұлақтың өзі жылтырап, көздің жауын алады. Айзия осынау дүниеге өзінің қалай келгенін, кім әкелгенін білмей таңырқап біраз тұрды. Бірақ өзі өмір сүретін әлемнен мүлдем бөлек екені анық. Ол осынау жайқалған әлемнің түсінде яки өңінде тұрғанын біле алмай біраз тұрды. Тіпті батылы жетер емес.


Қыз арқа тұсынан аяңдап келіп тоқтаған ат тұяғының дыбысын естіді. Жүрегі жиірек соғып кетті. Артына бұрылып қарағаны сол еді, жанына келген сұлу жануарды көріп, мүлдем қимылсыз қалды. Бұл не деген жануар?! Жалтыраған жібектей жалынан көз шағылысады. Сұлу жалы арқадан төгіліп, үзеңгілікке ұласқан. Тостаған көз, нұрлы жанардан әлдебір мұңды байқауға болады. Сүйір жақты, қас қабақты осынау жануар қайдан түсті?! Алдыға икемделіп, Айзияға жақындай қадам басты. Қос құлағын қайшылап, достасқысы келетін тәрізді. Айзия да именбей, қолын созып, маңдайдан сипағысы келді. Басынан төмен сырғыған алақаны жалғыз мүйізге тиді. Ат тепсініп қалды. Кербезмүйізді қарсы алдында көрген қыз әлі де сенерсенбесін білмей, оған тағы да жақындай түспекші болды. Бірақ кербез мойнын бұрып әкеткенде, Айзия тосылып тұрып қалды. Жануар бір жаққа бұрылып, жүріп барады. Қыз да кербезмүйіздің артынан ілесіп отырды.


Қадам басқан сайын түсініксіз жеп-жеңіл сезім байқалады. Құдды аспанда қалықтап жүргендей... Кербезмүйіздің бұрала біткен жалғыз мүйізі жалтырап нұр шашқанда жолдың бәрі жап-жарық болып кетеді екен. Бұл жануар қайда апарады? Бұл қандай әлем? Жан-дүниесін қорқыныш билеп келеді. Сонда да белгісіз жануардан жасқанар емес. Оның алға жетелеген асқақ арманы адам айтса нанғысыз ақиқатқа айналды. Айзия жан-жағындағы сұлулықтан таң-тамаша болып келеді. Бір кезде көз шағылысар үлкен сәулеге тап болды. Қыз жарыққа қарай алмай, көзін бұрып әкетті. Әлі басылар емес. Көз алдында келе жатқан жалғыз кербезмүйіз де көрінбей кетті. Сол сәтте Айзияның құлағына топырлаған көп тұяқтың тықыры, кісінеген, оқыранып, шұрқыраған түрлі дауыстар келді.


БЕЙТАНЫС ҚЫЗ


Бұл қайдан келген екі аяқты жаратылыс? Сұлу шашы толқындай таралған... Әдемі жанары, қысқа бойы, нұрлы келбеті бұл қыздан ешқандай жамандықтың белгісі жоқтығын байқатады. Жылы жүзді кішкене қыз орталарына келгенде, бәрі айнала қоршап тұра қалды. Бірінші болып кербездердің үлкені сөз бастады: – Ортамызға келген бұл екі аяқты жаратылыс кім? Қайдан келген? Неге біздің арамызда? – деп сұрау салып, жан-жағына қарады. Кербездер бәрі мойнын жоғары-төмен бұлғағанда, құдды жауабы жоқ сұрақтай бір-екі минут үнсіздік орнады. Бұрын көрмеген бұл мақұлықтан залал келе ме деп, бәрі осы бір кішкене жаратылысқа ойлана қарайтын тәрізді.


– Бұл қыздың бізге қастығы жоқ! – деп қызға жол бастаған кербез ортаға шықты. Ол – бейкүнә жаратылыс. Бізді жатсынбайтын тәрізді. Жаңа менің маңдайымнан сипағанда-ақ оның ешқандай жаман ойы жоқтығын сездім.


– Жоқ, біз екі аяқтылардың қандай пиғылмен ортамызға келетінін білеміз. Ата-бабаның өсиетін ұмыттыңдар ма? Олардың бар ойы біздің жалғыз мүйізімізде! Соны қалайда қолға түсіру. Мен бұл мақұлықтың біздің арамызда қалғанын қаламаймын. Келген әлеміне қалайда кері қайтарайық. Әйтпесе ол бәріміздің түбімізге жетеді. Осылайша кербездер шұрқырасып, Айзияның тағдырын талқылай бастады. Әрине кішкене қыз осы сәтте бұрынғысынан бетер таңғалып тұрған еді. Олардың сөзін ұқпаса да, өзі туралы әңгіме жүріп жатқанын сезгендей, өзіне жол бастаған «досының» ығына қарай тығыла түсті. Кербез досы да оны қорғағысы келгендей, денесімен оны көлегейледі. Осы арада екі әлемнің екі бөлек жаратылысы үнсіз ұғынысып, бір-бірін түсіне бастағандай...


– Бұл екі аяқты мақұлық кім?


– Басымызға бәле болмаса болғаны!


– Жамандықтың жаршысындай келгенін қарашы!


– Үйірімізге зияны тимей тұрып елден қуайық!


– Иә, иә кетсін!, - деп жатты жан-жақтан кербезмүйіздер. Айзия не істерін білмей бөтен жануарлардың арасында жатырқап, қорқып тұрды. Өзі сонша аңсаған кербезмүйіздер мұнша суық әрі қатал боларын кім білген. Ол күткен әлем мүлдем басқа еді. Кербезмүйіздер табиғаты тәкаппар әрі асау болатыны бәріне аян. Бірақ ең асау деген жануардың да жүрегінде жылулық бар емес пе деген ой Айзияны осы әлемге асық қылған еді. Міне, келді. Көрді. Кербезмүйіздер оның тағдырын талқылап жатыр.


– Қайтеміз енді бұл қызды?


– Елден кетсін, мекенімізден жырақ жүрсін. – Адамнан қайыр келгенін кім көріпті?!


– Дәл солай!


– Қалағаны алтын мүйіз, құныққаны байлық! – деп талқылау қызып жатты. Олардың сөздерінен адамнан көрген қорлығын ұғуға болатын еді. Ұзаққа созылған талқы ақыры бітті. Шешім қабылданды. Шетте тұрған Айзияны ортаға шақырып шешімді хабарламақшы. Таңқалыс пен қорқыныш араласқан ол жан-жаққа жалтақтай қарап, ортаға өтті. Сонда кербездердің көсемі көсемтасының үстінен төмен қарап тұрып, бұйрықты жарияламақшы болды. Адам әлемінен келген кішкентай жаратылыстың болашағына «жаңа досы» да алаң. Айзия көсем кербезге қорқа қарап, шешімін күтіп тұр. Шешім жарияланды: – Адамдар арасынан келген келімсек үйірден алысқа айдалсын. Өз күнін өзі көрсін. Үйірімізге зияны тимесін. Бұл шешім өзгермейді және қайта қаралмайды. Бітті. Айзия аң-таң. Әлі өзі түскен әлемді аңғарып үлгермей жатып алысқа айдалды. Енді қайтпек...


ТАҢСЫҚ ӘЛЕМ

Айзия үйірден алыстап кетіп бара жатты. Қайда барарын, кімге сенерін білмейді. Әйтеуір кербездердің қаһарына түспес үшін жүре бергені жөн екенін біледі. Аяқ басқан жері жұмсақ. Айнала жарқын, түрлі түске боялған мына әлемге құдды көктен сан түрлі бояу құтысы құйылып қалғандай мың түрлі құбылады. Ағаштар жап-жасыл. Жемістер түрлі-түсті. Бәрі жеуге жарайтындай көрінгенімен, ұмсынып алуға қимайтындай сұлу екені тағы бар... Жүріп келе жатқанына үш сағаттай болса керек. Құрылдаған дыбыс шықты. Кім деп айналасына қорқа көз салды. Тағы да естілді. Сөйтсе үйде ішкен кешкі асынан бері ештеңе көрмеген асқазаны екен. Қарны ашты. Ерні де кеуіп, аузы құрғапты. Жолды жалғастыру үшін күш керек. Анау жерден көркем бір ағаш көрді. Тамыры білеудей, бұтағы жіптей, жемісі доптай екен. Асыға ұмтылған қыз қасына барып, дұрыстап қарады. Қызық. Бұл не болды екен. Пішіні футбол добындай. Түсі қызыл. Сырт қабығы жүндей мамық. Анасының «білмейтін нәрсеңді жеме» дегенін естіп өскен ақылды қыз оны жер ме, әрине жоқ. Сөйтіп жолда өзіме таныс бір жеміс кездесер деп, кері бұрыла бергені сол еді. Қарыны қаһарына мінгендей қайта құрылдады. Ешкім көрмейді, білмейді емес пе? Анасы жоқ, ал құрылдаған асқазаны шыдатар емес. Күш керек деді де, бір секіріп, екі қолдап талда өскен жемісті жұлып алды. Мамығын ай. Басыңа жастана қалып ұйықтағың келеді. Бірақ қарын тоймаса ұйқы бола ма? Екі қолына күш салып жемісті ортасынан бөлді. Жерге қою қоңыр сұйықтық төгілді. Не екен деп қызыға да қорқа тіл тигізіп көріп еді, шоколад екен. Иә, шоколад. Айзия қуанып кетті. Осынау таңсық әлемде өзі келген әлемнің дәмі бар шоколадты жолықтырудың өзі бақыт сыйлайды екен-ау. Сөйтіп аш қарынға аз да болса талғажау қылды. Бет-аузы қоңыр ала. Су керек. Анау жерде сарқырама тұр. Шөлін де сол жерден баса алады. Бетіқолын да жуа алады. Сарқыраманың су жиналған шағын төменгі бөлігіне келді. Айзия еңкейіп алақанына су алып ішті. Енді бет-қолын жуса да болады. Бетін жуып болған, судағы бейнесіне бір көз салды. Көзіне жас үйірілді. Үйін сағынды. Әкесі есіне түсіп, кішкентай жүрегі тулап кетті. Күнде мектепке бару шаршатып жібергені бар-ды. Енді міне, мектебін де сағынды. Көлшікке тамған көз жасы шеңбер жасап, жалғыздығын сездіргендей болды. Бірақ жылағаннан ештеңе өнбес, үйге оралатын жолды табуы керек. Айзия тезірек бетін жуып, жолға шығуға бекінді. Бетін тағы бір жуып, тұрғалы жатқаны сол еді, судағы бейнесінің жанында тұрған кербезмүйізді көрді. Кенеттен келген кербезден шошыған Айзия суға құлап түсті. Су терең емес екен. Белінен сәл ғана асады. Кербездің түсі суық. Келген себебі де белгісіз. Әлде байқамай оның орнын алып, суын ішіп қойдым ба деп ойлады қыз. Орнынан түрегеліп, айыпты жүзбен кербезге қарады. Қаршадай қыздың қорқынышын сезген кербез жөнін айтты:


– Қорықпа. Мен саған көмектесу үшін келдім. Бұл мекендер сен секілді нәзік жаратылыс үшін тым қауіпті.


– Неге көмекке келдің? Үйірің мені қас көрген жоқ па еді?


– Иә, біз адам баласынан аз қорлық көрмедік. Алайда адамның бәрі бірдей емес. Әр жаратылыстың абзалы да, жауызы да бар.


– Жауыз емес екенімді қайдан білдің?


– Білмеймін. Алайда анығына жетпей айыптағым да келмейді.


– Мен саған қалай сенемін? Мені қақпанға не тұзаққа түсірмейтініңе не кепіл?


– Мына әлемде саған кепіл болатындай бір нәрсе бар ма?


– Оның да рас, – деп күрсіне басын төмен салбыратты бөгде қыз.


– Артымнан ер.


– Қайда барамыз?


– Үйіңе қайтқың келе ме?


– Келеді...


– Жүр ендеше.


– Қалай қайта алатынымды білесің бе?


– Жоқ.


– Онда қайда бара жатырмыз?


– Біле алатын жалғыз жерге.


– Ол қай жер?


– Мүйізтау.


МҮЙІЗТАУ САПАРЫ


Шіркін, бұл не деген ғажап әлем еді! Үйінен алыстап, жабырқаған көңіл күйде болса да мына сұлулыққа бейжай қарай алмас. Аспан ашық. Күн көзі көрінбейді. Ағаштар аласа екен. Жемістің бәрі «мені жесеңші» дегендей жақын. Жеміс демекші, мұндағы жемістің бәрі таңсық. Ағашы да басқа, түсі де қызық. Бұлақтар жылтыр бояу араласқандай жарқырайды. Ал дыбысы майда жақұт араласқандай сарқырайды. Айзия мен Кербезмүйіздің түзу жолға түсіп жүріп келе жатқанына 4-5 сағатқа жуық уақыт болды. Айзия кеш батса, бір тынығып алу керек еді деп ойлады:


– Әдетте қашан қараңғы түсетін еді бұл мекенге?


– Түспейді.


– Ә, кеш түседі дейсің ғой. Бізде де жазда қараңғы түспейтіндей болып көрінетін.


– Мүлдем түспейді деймін.


– Ол қалай?


– Біздің әлем қуатын күннен емес, мәңгі бітпес сиқырдан алады. Сондықтан да әрқашан ақмаржандай жап-жарық болып тұрады.


– Ал қай уақытта ұйықтайсыңдар?


– Біз ұйықтамаймыз. Бізге ұйықтаудың керегі жоқ, - деп қысқа қайырды бейтаныс кербез. Айзия оның суық қабағына қарап не жау көрерін, не дос көрерін түсіне алмай аң-таң болды. Жау болса неге келді? Дос болса неге күлмейді? Қыздың көкейінде сұрақ көп.


– Сенің атың кім?


– Ақкербез. Бір сәтке үнсіздік орнады.


– Ал менің атым Айзия, – деді ыңғайсыздана. Қоршаған сұлулық пен қарша жауған сұрақтан уақыттың қалай тез өткені сезілмеді. Жолдың біразы артта қалыпты. Ақкербез айтқан әлгі тауға да жақын қалғандай. Бірақ жақындаған сайын,аяққа бірнәрсе оратыла берді. Кішкентай нәзік қыздың жүруі қиындап, қимылсыз артта қалып қойды. Бұл Мүйізтауды қорғайтын Оралғылар болатын. Ол кербезмүйіздердің тұяғын жазбай таниды. Басқа біреу келсе лезде аяққа оратылып, өзіне жолатпайды. Ақкербез дыбысы шықпай қалған Айзияға кері бұрылды. Қыз жанұшырып, арпалысып жатыр екен. Мөлдіреген екі көзі жасқа толып кеткен. Ақкербез жүгіріп келіп, Айзияға: – Қанекей, менің мүйізімнен ұстап, арқама қарғып мін,- деді. Айзия мүйізден ұстағаны сол еді, аспанда қалықтап, Ақкербездің үстінде қалай тап болғанын байқамай қалды. Ақкербездің арқасына бір тамшы көз жасы тиді. Бұл жолы қуаныштың жасы еді.


– Ақкербез, айтшы? Сендердің мүйіздеріңнің қандай сиқыры бар?


– Кербездердің бар күші, сиқыры осы алтын мүйіздерінде. Мүйізіміз бізді жамандықтан сақтап тұрады.


– Сонда адамдар сол үшін сендерді жер бетінен жойғысы келді ме?


– Солай десе де болады,- деп кербез жиырылғандай болды.


– Бірақ менің анам сендер туралы көп айтатын. Мені сендердің әлемдеріңе барсам дейтін едім.


– Білемін...Мүйізтауға жеткенше әңгіме де ұзай түсті. Бір кезде алдан үп-үшкір бірнәрсе көрінді. Оның биіктігі сондай, таудың ұшар басы бұлттардың арасына еніп тұр. Айзияның есіне кітаптан көрген Мысыр пирамидалары түсті. «Еее, ол мұнда да бар екен ғой» деп таңырқай қарап келеді. Жақындай келе кербездердің мүйізіндей бұрала түскен тауды көрді. Бұндай да болады екен-ау! Құдды бір алып тастан балмұздақ құйғандай бұрала түскен.


– Келдік, – деді кербезмүйіз.


МҮЙІЗТАУ


Аспанмен таласқан Мүйізтаудың астында тұрып таудың ұшар басын көру мүмкін емес. Айзия Ақкербездің арқасынан жерге түсті. Таудың етегінде ішке енетін қақпа бар екен. Үлкен темір қақпа тарс жабылған. Жан-жағында жағалай өскен өсімдіктер қурап, қап-қара болып кеткен. Алып қақпаның тауға біткен тұсынан, кішкене саңылаулардан жарық түсіп тұр. Ызғарлы бір леп еседі. Қыз жанында Ақкербез болған соң, қорқынышқа бойын имей, қақпаға қарсы қарап тұрып қалды. Кербез де шарасыз. Бірақ қызды еліне қайтарамын деген үміті оны батылдандыра түсті. Басына сан түрлі амалдар келе бастады. Ақкербез қақпаның алдына келіп, тұяғымен жерді тепкілей бастады.


– Қақпаны ашудың тәсілі ме? деп Айзия жанына жақындай түсті.


– Бұл қақпаның құлыбын жер астына жасырып қояды екен,- деп тұяғымен тепкілеп, мүйізімен топырақты қопарып тастады. Бір кезде мүйіз қатты нәрсеге тиіп, тіреліп қалды.


– Табылды ма? деп Айзия жүгіріп келіп, көмектесе бастады. Қараса жер асты жолының қақпасы шықты. Айзия қақпаны тартып көріп еді, бос екен. Күш салмай-ақ ашылған. Екеуі жер асты жолымен жарық түсіп тұрған жаққа қарай бет алды. Тау ішінен жалғыз жер асты жолынан бастары көрінгені сол еді, бір алып құс төбелерінен қаға-соға өте шықты. Енді екеуі де сақтанып, жан-жақты барлай қарап тұр. Үрейлі мекеннің іші шұрқ тесік шұңқыр екен. Әр тесіктен жылтыраған көздерді көріп, Айзияның зересі кетті. Бұл жаққа кербезмүйіздер мүлдем аяқ басып көрмеген еді. Бірақ Ақкербез Айзия үшін басын қатерге тігіп, сиқырлы мекеннен оны еліне қайтаруды ойлап келген еді.


– Енді не істейміз? -деді Айзия қорыққанын жасыра алмай.


– Бұл – кербездер үшін қауіпті мекен. Біздің жыл сайын бір кербезіміз ізім-ғайым жоқ болып отырады. Ал үлкендер болса, оны Мүйізтауда Айыркөз деген қаһарлы мақұлық басқарып отыр деп айтатын.


– Бұл оқиға қанша жылдан бері жалғасып келеді?


– Ширек ғасырдай уақыт өтті. Әлі күнге шейін біз жоғалған кербезмүйіздерді көрген емеспіз. Бірақ Айыркөздің кербез аулау күндері, қателеспесем, осы уақытқа тура келеді. Жаңа жер асты жолының ашық болып тұрғаны содан болуы керек, – деді Ақкербез топшылай.


– Ол кербездерді қайтпек?


– Мүйіздерінен айырады... Сосын... Ақкербез бен қыз қорқа адымдап, алдыға қарай жүрмекші болды. Таудың қақ ортасында бір жарық нұр шашырап тұр. Қыз батылдана алға қарай жүре берді. – Ақкербез, келші мұнда қара! Жарық шығып тұрған жерге жеткен қыз кербезді шақырды. Ақкербездің барғаны сол еді, алдынан дөңгелек қана ойық шықты. Жарық содан шығып тұр екен. – Қалай ойлайсың? Бұл жаққа түсіп көрсем бе екен?


– Жоқ, сені ол жаққа жібермеймін. Қауіпті. Мүмкін Айыркөз сол көзге көрінбес жарықтың ішіне жасырынған шығар.


– Бірақ...


– Жүр, Айзия кері қайтайық. Бұл жерден қазір мерт боларымыз анық. Ол қаншама біздің бауырларымыздың көзін жойды. Енді бұл жерде бір сәтке қалуға да болмайды. Мен сені үйірге апарып, бір жерге жасыра тұрамын. Сосын сені елге қайтарудың құпиясын өзім іздеп табатын боламын. Ақкербез осы сөздерді айтқан соң, қайтадан жер асты жолына беттеп, жүріп кетті. Бір сәтте Айзияның «Аааааааа» деген даусы ғана естілді. Ақкербез артына бұрылып қарағаны сол еді, қыз көзден ғайып болды. Кербез жүгіріп келіп, Ақкербез жоғалып кеткен ойықты қарады. Орнында ештеңе қалмаған.


МҮЙІЗТАУ ҮҢГІРІНІҢ ҚҰПИЯСЫ


Аппақ әлемге еніп еткен Айзия қайда түсіп кеткенін білер емес. Бар білері Ақкербезден көз жазып қалғандығы. Аппақ әлемнен адам сенгісіз жылдамдықпен, бір жерге топ ете түсті.


Бұл Айыркөздің ширек ғасырдан бері кербездерді сақтап жүрген құпия орны болатын. Қыз ортаға топ етті. Үңгірдің қақ ортасында шам тұр. Шамға қарай жүріп отырды. Үңгірдің сол жақ бұрышынан жылтыраған көздер көрінеді. Айзия шамды алып, жылтыраған көздерге қарай жүрді. Барса үлкен тордың аржағында бір үйір кербезмүйіз тұр екен. Қыз шошып кетті. «Айыркөз бәрін осында жасырған екен ғой» деп таңдана түсті. Кербездердің жанары суалып, жүздері солғын тартқан. Өздерінде әл жоқ. Нұр шашып тұрар мүйіздері де сөнген. Бәрі жәудірей Айзияға қарады. Қыз тезірек тордың кілтін іздеп, үңгірдің маңайын қарап шықты. Кербездердің бірі Айзияның қолын нұсқады. Қыз түсінер емес. Ақыр соңында шамның астына қарағаны сол еді, темір тордың кілті шамның астында жабысып тұр екен. Айзияның қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап сала берді. Кілтті алып, темір тордан кербездердің бәрін босатты. Шұрқырай шыққан кербездердің саны көп болатын. Бәрі тіпті үңгірге сыймайтындай көп еді. Айзия енді Мүйізтауға қалай шығарын білмей, ойланып қалды.


– Сен қайдан келдің?


– Бізді құтқаруға сені кім жіберді?


– Бұнда қалай тап болдың? – деп кербездер оны қоршай, сұрау ала бастады. Жаңа үндемеген себебі қыз жауыздық істей ме деп, ешбірі тіл қатпаған еді. Сонда біреуі ғана үмітпен қызға кілтті нұсқады. Енді міне, өздерінің құтқарушысын тапқандай бәрі жағалай қоршап алды.


– Сендерді ол бұл жерге неге қамап қойған?


– Біздің мүйізімізден күш алу үшін.


– Жыл сайын Айыркөз бір кербездің мүйізі үшін аңшылыққа шығады. Оны үңгірге әкелген соң мүйіздегі бар нұрды жинап, өзіне күш қосады. Оның ұзақ жасап келе жатқаны сондықтан, – дейді бірі.


– Бұл жерден шығу үшін тек қана Айыркөзді күтуіміз керек. Оның бүгін келетін күні...


ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУДІҢ ЖОЛЫ


Айзиядан көз жазып қалған Ақкербез осы сәтте Мүйізтаудың ұшар басына қарай бет алды. Таудың басында бір сандық тұр екен. Ақкербез мүйізімен сандықтың ішін ашты. Ішінен бір құты шықты. Құты жап-жарық сәуле шашады. Ол аузымен құтыны тістеп, таудың төменгі бөлігіне қатты жылдамдықпен дүбірлеп жүгіріп кетті.


Төменге түскенде Айыркөз бір кербезмүйізді мүйізінен құрықтап, дүрс-дүрс етіп келе жатыр екен. Ақкербез алдарынан шықты. Оны көрген дәу тұра ұмтылды. Кербез қолындағы құтыны жерге тастап жіберіп, тұяғымен жарып жіберді. Айналаның бәрін көз шағылыстырар сауледен түк көрінбейді. Уақыт тоқтап қалған тәрізді. Бұл Айыркөздің кербездердің мүйізінен жинаған күші болатын. Ол өз күшін Мүйізтаудың ұшар басындағы құтыда сақтайтын. Құты жарылып, нұр айналаның бәріне шашылғанда Айыркөз әлсіреп, жаны шығуға айналды. Осы сәтте үңгірде тұрған кербездердің мүйізіне жарықтары қайта оралды. Сөйтіп олардың күштері қалпына келді. Бәрі мүйіздерімен үңгірдің қабырғасын тесіп жібергенде, үңгір жарылып, Мүйізтаудың іші көрінді. Мүйізтаудың қақ ортасынан бірнәрсе жарылып шығып, дүние алай-дүлей болды. Осы сәтте Айзияның:


– Ақкербееез! – деген даусы естілді. Өзіне қарай жүгірген Айзия мен оның артынан бір үйір кербезмүйізді көрген Ақкербез өз көзіне сенбей тұрып қалды. Жоғалған кербезмүйіз бауырларын көрген Ақкербез толқып кетті.


ОРАЛҒАН ҮЙІР


Кербезмүйіздер әлемінде Ақкербездің әлгі қызбен ортада жоқ болғаны талқыланып жатқан болатын. Бәрі де не істерін білмей, маңайдың бәрін қарап іздеу салғанымен, олардың ізі көрінбеді. Ақкербезді іздеуге кеткен Бозмүйіз де ортада жоғалғанда, бәрі де шарасыз қайғыға батып қалған-ды.


Осы сәтте қанша жылдан бері орталарынан ізім-ғайым жоғалған кербезмүйіздер дүбірлеп, алдарына келіп тоқтады. Бастаушылары Ақкербез болатын. Кербезмүйіздер бұл оқиғаға сенбей, бәрі аң-таң қалды. Айыркөздің қолында кеткен осынша кербезмүйізді құтқарып келген Ақкербезді ортаға алып, бәрі мақтай жөнелген-ді. Қайта оралған үйір оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Осы кезде Айзияны үйірден қуған айғыр жаны күйзеліп, өз ісіне өкіне түсті. Бәрінің де көкейінде осы сезім тұрған еді. Бір кезде қайта оралған үйір топ-тобымен қақ айырылды. Ең артта Айзия жасқана бәріне көз тастады. Бәрі оны көріп, оған өз алғыстарын білдіріп жатты.


ҚОШТАСАР СӘТ


– Сенің біздің әлемге келгенің тегін емес екен...


– Ал мен осындай қызық оқиғаны өткергеніме шынымен қуаныштымын, – деді Айзия Ақкербезге бұрылып. Олар бір топ кербезмүйіздердің алдында келе жатты. Бағыты – Мүйізтау. Бұл жолы Айыркөз деп ешкім қорықпайды. Өйткені ол бар күші жойылып, үстінен бір үйір кербезмүйіз таптап өткеннен-ақ жан тәслім еткен. Үлкендердің айтуынша, Мүйізтаудың ұшар басында тұрған сандықта қыл бар екен. Сол қылды тұтатса, Айзия еліне кері қайтуы мүмкін. Осы үмітпен бәрі қыздың артынан қоштасуға келе жатыр. Айзия кербезмүйіздерді қимады. Әрине, олар өзі ойлағандай қатал емес еді. Олардың үлкен қайғысы барын білмеді. Енді міне, бәрі оны шығарып салуға келеді. Мүйізтауға келгенде, басқа кербезмүйіздер қақпа алдында қалды. Ақкербез болса Айзияны арқасына отырғызып, таудың ұшар басына аттанды.


ҚАУЫШУ


Айзияның қолында қыл тұр. Әкесі есігін қақты. Әкесін сағынған құлыншақ орнынан атып тұрып мойнына асылды. Енді қайтып босатпастай қысты. Әкесі қызының кенеттен артқан перзенттік сезімін түсінбей қалды. Көтеріп әкеп төсегіне жатқызды да, маңдайынан бір сүйіп, қайырлы түн тіледі. Сөйтіп әкесі бөлмеден шығып кетті. Айзия ойланып тұрып қалды. Қуанышты да, қайғыны да сезініп тұрғандай. Өзінің Ақкербез досы мен кербезмүйіздер әлемін ойлады. Бәрі түс сияқты қас-қағымда орын алды. Айзияның қолында қыл қалып қойыпты. Бірақ оны бұл жолы тұтатпайды...


Зинелова Жібек Құрашқызы– Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында дүниеге келген. Аудармашы, автор. Балаларға арналған «Кәмпитті жеген кім?», «Кербезмүйіз», «Әдептілік қағидалары», «Қиялдағы ғаламшар», «Сұр қоян», т.б кітаптарының авторы.Әңгіме, ертегі, фэнтези жанры бойынша ересектер мен балаларға арналған шығармалар жазады.