Бір уыс мақта. Ыбырай Алтынсарин

0
1 274

Манағы мақтаның қиқымын бір торғай алып кетті, оны неғылады?


Бір уыс мақта. Ыбырай Алтынсарин

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Бір кішкентай қыз әкесінің шапанын жамап отыр екен, шешесі қасына отырып, ақыл айтты:


- Балам, дүниедегі жаратылған жәндік-жансыздардың ешқайсысының да керексіз болып, жерде қалатыны болмайды,- деп. Сол сөзді айтып отырғанда, қыз бала киімін жамап болып, жердегі мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:


- Әже, осы қиқымның ешнәрсеге керегі бола қалмас,- деп.


Шешесі:


- Балам, сол да жерде қалмайды,- деді.


Осылайша сөйлесіп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтеріп ұшырды, мұны бір торғай көріп қуып барып, мақтаны тұмсығына тістеп қана алып, ұшып кетті. Қыз әжесінен:


- Манағы мақтаның қиқымын бір торғай алып кетті, оны неғылады? - деп сұрады.


Әжесі айтты:


- Көрдің бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздің келгенін. Ол кішкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етеді,- деді.


Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды.