Отбасындағы ДҰРЫС қарым-қатынастың басты ЕРЕЖЕСІ

0
3 984

​Осы ереже орындалса, ажырасу да болмайды.


Отбасындағы ДҰРЫС қарым-қатынастың басты ЕРЕЖЕСІ

фото: i.pinimg.com

Ақын атамыз Қадыр Мырза Әли «Байқамайды екенбіз,
Бақыт деген – екеуміз» деп, адам жұптасып өмір сүргенде ғана нағыз бақытты болатынын меңзеген. Ал жұптасып өмір сүрудің басты ережесі – екеуі бірлесіп құрған отбасыға қатысты жұмысты, міндетті, табысты, мәселені, қуанышты, қайғыны, қиындықты бөлісу.

Психологтар осы нәрселер екіге бөлінбесе, бір адамға көтеру ауыр болатынын, соның салдарынан ұрыс-керіс, реніш, ашу көбейіп, жарасымдылық жойылатынын айтады.

Бөлісудің маңыздылығын дана халқымыз «Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды» деп бір ауыз сөзбен-ақ түсіндірген.



АЛТЫН ЕРЕЖЕ

Ерлі-зайыптыны «екі жарты – бір бүтін» дегенімен, екеуі бөлек-бөлек жеке тұлға. Екеуі тең. Осы теңдік балансы барлық жағынан бұзылмауына көңіл бөліңіз.

Әйелдердің ең басты қателігі – тұрмысқа шыққаннан соң өзін екінші орынға қоюы немесе өзін-өзі ұмытуы. Сол отбасыға қызмет етуді негізгі міндеті, миссиясы санау.

Ер-азамытыңызбен қарым-қатынасты негізгі міндетіңізге айналдырып алмаңыз. Яғни, ол отырса төсек, жатса жастық боп, барлық уақытыңызды соны ойлауға, соған қызмет етуге арнамаңыз.

Байқасаңыз, көп қарт ата-ана «Бар өмірімді балаларыма арнадым. Солар тоқ болсын, солар кисін деп, өзіме жаңа нәрсе алмадым» деп отырады. Ертең сіз де қартайған шақта «Бүкіл ғұмырымды күйеуіме арнадым» демес үшін, өзіңізді де ұмытпаңыз. Әрине, еріңізді патшам деп сыйлаңыз, бірақ оның құлы болмаңыз.

Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы бір-бірін сыйлаумен, қолдаумен, мәселе мен үй шаруасын, тіпті қуаныш пен қайғыны бөлісумен, көмектесумен өрілуі керек. Сонда ғана арада энергия алмасу болады. Ал энергияны екінші жартыңызға берумен бірге ала білгенде ғана ол дұрыс айналымда болады.

Мысалы: Гүлнұрдың күйеуі жұмысынан айырылғанына 3-4 жыл боп қалған. Ол бұрын мемлекеттік қызметте істеп, кейін адам соғып кетіп, істі болған. Содан кейін мемлекеттік жұмыста істеуден шеттетілген. Ол бастапқыда әр түрлі жұмыстарды істеп жүрді. Кейін мүлде жұмыс істемей қойды.

Гүлнұр негізгі жұмысынан бөлек қосымша табыс көзін іздеді. Тапты. Ол қазір мектептегі жұмысынан кейін жекеменшік оқу орталығында балаларға курс өтеді. Одан бөлек демалыс күндері әпкесінің тойханасында ыдыс жуады. Төрт кішкентай баласын, күйеуін асырау үшін ол осылай үш жерде жұмыс істеуге мәжбүр.

Жұмыстан шаршап, шалдығып үйіне келгенде жуылмаған ыдыстарды, жиналмаған көрпелерді көріп ашуы келеді. Іштей «Тамақ істеу соншалықты қиын емес қой, кешкі асты дайындап қойса маған үлкен көмек болар еді», «Үй жинау, шаңсорғышпен тазалау – тек әйелдің міндеті деп қай жерге жазып қойыпты? Тым болмаса ішкен ыдысын жумай ма?» дейді. Бірақ бұны айта алмайды. Сөйтеді де үй тірлігін істеуге кіріседі. Оның өмірі осылай өтіп жатыр.

Есте ұстаңыз: Мұндай қарым-қатынас әйел энергиясын тауысады, көңіл күйін түсіреді, шаршатады. Сонымен бірге отбасындағы адамдарға, әсіресе күйеуіне деген ренішті арттырады. Бірте-бірте арадағы жарасым, жылық, үйлесімділік жоғалады.

Кеңес: Гүлнұр сияқты бәрін өзіңіз істей бермеңіз. О бастан ер-азаматтың міндеті – ақша табу, отбасын асырау, ал әйел үйді таза ұстап, дәмді ас дайындап, үйде жылылық, демалыс, әдемі көңіл күй орнату.

Күйеуіңіз отағасы деген атқа лайықты боп, отбасын асырап жатқан жоқ па, ендеше сіз үлгермеген үй шаруасын орындасын. Ас дайындауға, тазалауға, қоқыс төгуге, балаға қарауға көмектессін. Осылай жағдайға байланысты бұл екі рөлді алмастыруға да болады.

«Өзі түсінер», «Алғыс айтар», «Қадірімді кейін білер», «Жаман болса да аман болсыншы» деп, өзіңізді өзіңіз алдамаңыз. Бұл күйеуіңізбен қарым-қатынаста, отбасында бақытты сезінуіңізге кедергі болады. Сондай-ақ айтылмаған реніш, ашу күйеуіңіздің жолын жабады дейді психологтар.

Жалпы, отбасының бақыты саналатын – баланы да бір адам таба алмайды ғой. Бұл орайда екі адам бірлесіп әрекет жасайды, еңбектенеді. Дәл сол сияқты бақытты болу үшін отбасыға қатыстының бәрін екеуі бірге орындауы керек.

Міне, отбасындағы жарасымды қарым-қатынастың қарапайым ережесі осы!

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

2023 жылдан бастап МЫНА ҮШЕУІНЕН бас тартқан адамның ӨМІРІ ЖЕҢІЛДЕЙДІ

Орта жасқа дейін ОСЫ үшеуін орындап үлгер!