Оразада ОЙды ТАЗАЛАУдың 3 әдісі

0
5 243

​Егер Рамазан айында ауыз бекітетін болсаңыз, онда бұл әдістердің нәтижесі керемет болады.


Оразада ОЙды ТАЗАЛАУдың 3 әдісі

«Әр нәрсені ойлай беріп басым ауырып кетті», «Миым ашып қалған ғой», «Нені қайда қойғанымды ұмытып қала беретін болыппын» деген сөздерді жиі айтасыз ба? Әңгіме айтып отырғанда біреу сөзіңізді бөлсе, «Не туралы айтып отыр едім?» деп, ойланып қаласыз ба?

Бұл басыңыздағы ой шелегінің толып қалғанын білдіреді. «Толып қалғанның» тағы бір белгісі – есте сақтау қабілеті нашарлайды екен.



НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Тазалау қажет. Ағзаның жұмысын жақсарту үшін адам диета ұстайды, ішіп-жеуді уақытша тоқтатады және ішекті тазалайды. Психолог мамандары бастағы «ой шелегін» тазалау үшін де осы әдістерді ұсынады. Бұл тәсілдерді орындауға отыз күн ораза уақытысы өте ыңғайлы.



1-ӘДІС: Ойды тазалауды бір ай жалғастырасыз. Алғашқы он күнде ойды қоқыстан тазалайсыз. Ол үшін күнде таңертең ұйқыдан тұрған соң 30 минутыңызды жазуға арнайсыз. Тісіңізді тазалап, шай ішіп алған соң жазуға кірісіңіз.

Бұл жерде не туралы екені, сөйлемдердің құрылымы, грамматикалық сауаттылық маңызды емес. Пунктуациялық, марфологиялық қателеріне де көңіл бөлмеңіз.

А4 форматтағы бірнеше парақ немесе торкөзді дәптер мен қаламсап болса жетеді. Ойыңызға не келеді, жаза беріңіз. Мүмкін бөлек-бөлек сөздер жазарсыз, сөз тіркесі немесе кешегі күннің оқиғасын, я болмаса әлдекімге деген ренішіңізді жазғыңыз келер. Қолыңызға рұқсат беріңіз, ол ойыңыздағы қажетсіз «қоқыстарды» өзі сыртқа шығарады. Жазғаныңызды жөндемеңіз, түземеңіз.

Бұл әдістің авторы – бірнеше бестселлерімен көпке есімі таныс жазушы әрі сценарист Джулия Кэмерон. Джулия 30 минут арнау қатып қалған ереже емес дейді. Күнде таңертең тұра салысымен А4 форматтағы үш парақты жазулармен толтырсаңыз да болатынын айтады. Таңғы жазуды бір ай бойы жалғастырасыз.

Есте ұстайтын ереже: Жазу барысында телефоныңызды шұқылап, смс-хаттарды оқып назарыңызды басқа жаққа бұрмаңыз. Жазғаныңызды оқымаңыз. Үш парақты толтырғанша үзіліс жасамаңыз. Сонда ғана нәтиже болады.



2-ӘДІС: Ой диетасын ұстайсыз. Бір ай бойы телевизорға, ютуб каналына жоламайсыз. Яғни фильм, видео көруге тыйым салынады. Жаңалықтарды оқымай-ақ қойғаныңыз дұрыс. Кітап, газет-журналдарды да уақытша шетке ысыра тұрыңыз.

Туған-туыс, дос-құрбымен де бұрынғыдай сағаттап сөйлесуді тоқтатыңыз. Уақытты өткізе алмай жатсаңыз, саябаққа барыңыз. Табиғат аясында серуендеңіз.



3-ӘДІС: Бір ай бойы көп сөйлемейсіз. Жұмыста, құрбылар ортасында ешкімді жамандамайсыз. Өсек-аяңды лажы барынша тыңдамауға тырысыңыз.

Біреудің мінін теруді, тағдырын талқылауды отыз күн доғарған жөн. Сонымен қатар отбасыңызда да балаларға айқайламайсыз, ұрыспайсыз.

Ашуланудан, ұрыс-керістен қашу үшін тағы да саябаққа барыңыз, таза ауада оңаша жаяу жүріп қайтыңыз.



НӘТИЖЕСІ

Бір айдан соң ойыңыз анық болады. Бұрынғыға қарағанда жылдам ойлап, мәселелеріңізден шығатын жолды оңай табатын боласыз. Тіпті өмір сүруге, жаңа бір нәрсені бастауға байлау боп жүрген қорқыныштар жоғалады. Өмір сүру салтыңыз, айналаңызға көзқарасыңыз өзгереді.

Есте ұстаңыз, кептеліп толып қалған ішек бір апталық диетадан тазарып қалмайды. Сол сияқты ой шелегі де тазаруы үшін бір ай уақыт керек. Бір-ақ ай ғой. Ақыры ораза ұстағанда ішіп-жеуден, ғайбаттаудан тыйыласыз ғой. Осы уақытта ой тазалаудың үш әдісін жасайтын болсаңыз, нәтижесі қуантады.

Егер қиындық тудырып жатса, үш әдістің біреуін немесе екеуін ғана орындасаңыз да болады. Бірақ үшеуін бірдей жасайтын болсаңыз, нәтижесіне таң қаласыз, бір айдағы өзгерісіңізбен айналаңыздағыларды таң қалдырасыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ОСЫЛАЙ жасаған адамдар АУЫРМАЙДЫ

Бұл 5 нәрсені еркекке істемеңіз (әйелдерге кеңес)