​«Ұлы мен келіні бірдей қаза болды»: тараздық әйел аға-жеңгесін қарғағанына өкінеді

0
3 368

«Тура менің күйеуім қайтыз болған күні еді...»


​«Ұлы мен келіні бірдей қаза болды»: тараздық әйел аға-жеңгесін қарғағанына өкінеді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ағам мен жеңгем үш қыздан кейін әрең көрген жалғыз ұлы мен келінінен бір күнде айырылып қалды. Жастардың артында екі жасар бейкүнә қызы қалды. «Мамам мен папам қайда» деп шырылдап жылағанда осының бәріне өзім кінәлідей қатты қысылам. Менің қарғысым тиді ме деп күмәнданып, іштей өзімді жазғырам», - дейді Гүлбахира есімді тараздық әйел.


Екі баласымен небәрі 28 жасында жесір қалған оқырманымыз әлі ешкімге айтпаған құпиясын ERNUR.KZ тілшісімен бөлісті.


«Күйеуім екеуміздің махаббатымыз ерекше еді. Өмірден ерте кетерін сезді ме, аз ғұмырында мен үшін, екі баласы мен бауырлары үшін қолынан келген жақсылықты аяған жоқ. Күн сайын екі ұлына ойыншықсыз келмейтін, маған де тым құрығанда бір балмұздақ әкеп қуантатын. Әлі күнге дейін біз үшін оның орны ойсырап тұр.


Жолдасым құрылыста істейтін, қара жұмысшы емес, кәдімгі прораб еді. Сол себепті оны құрылыста мертігеді деп үш ұйықтасам да ойламаппын. Оқиға болатын күні ол мені жұмысына шақырған. «Түстен кейін сұранып шығам, сен бері қарай келе бер, базарға барып көйлегіңді әперейін» деді. Алда баратын тойымыз көп-тұғын. Соған мені қуантқысы келіп, базарға апаруды жоспарлап қойған екен.


Айтылған уақытта оның жұмысына қарай құстай ұшып, жетіп бардым. Барсам айналада адам көп, бәрі бір жерге үймелеп қалыпты. Арасында жедел жәрдем көліктері тұр. Мені көрген күйеуімнің досы «Бахи, барма ол жаққа, бері кел» деп айқайлап жіберді. Оны естігесін есі ауысқан адамдай айқайлап, күйеуімнің жанына жүгіріп жеттім. Жан тапсырып үлгеріпті. Алтыншы қабатта тоқылып жатқан арматураны тексермек болып шыққан екен, аяғы тайып кетіп, құлаған...


Күйеуімнің жұмысында болған бұл сұмдықты кейін бірнеше мәрте теледидардан көрсетіп, қауіпсіздік шаралары қарастырылмағаны айтылды. Компанияның басшылары екі бөлмелі пәтер беріп, барынша бізге көмектесті. Бірақ кеткен адамның орны онымен тола ма? Қырық күндік асына дейін құр сүлдерімді сүйретіп, тамағымнан қара су әзер өтіп, жан жүрегіммен аза тұттым.


Негізі күйеуім сол күні базарға барғанда өзіне де костюм-шалбар алғысы келген. «Сенің ағаңның тойына жарқырап барамын» деп қуанып дайындалып жүрген. Расында да ағам жиырмаға енді толған ұлын үйлендірмекші боп, тәтті шай ішіп, той күнін белгілеп қойған еді.


Ағамның тойы мен күйеуімнің қырық күндік асының арасы екі-ақ күн болды. Біз мына жақта қан жылап, күйеуімнің асына дайындалып жатқанда ағам тойханада дүркіретіп той істеп жатты. Алдын мен оған хабарласып, тойларын кейінге шегеруді сұрағам. «Тәте, сізді күйеу балаңыз ерекше сыйлайтын еді, тойыңызға жарқырап бару үшін сол күні базардан киім сатып алмақ болған. Соны көре тұра, біле тұра той істегеніңіз орынсыз ғой. Жекжаттарыңызға хабар беріп, бір айға шегерсеңізші, бәрі түсінеді» деп өтінгем. «Ойбой, оған жеңгең көнбейді, қуанышты күнді кейінге қалдырмаймыз деп тулап отыр. Әйтпесе мен де айттым» деп ағам да әйелінің ығынан шыға алмады.

Өмірімде бірінші рет ағам мен жеңгеме дауыс көтеріп, ренішпен бірталай сөз айттым. «Ынжықсың! Қатыныңның айтқанынан шыға алмайтын адамсың» деп ағама өкпеледім. «Мен тірі тұрғанда бұл той болады» деп жеңгем де маған ерегісіп, тойын өткізді. "Құдай тапсын сендерді. Менің көргенімді сендердің де бастарыңа берсін!" деп қарғап жібердім.

Қайтейін енді, «Құданың мұнысы несі?» деп менің енем, қайынағаларым бетіме басқанда ұяттан өртеніп, күйеуімнің артынан кете салғым келген. Бірақ екі баламды ойлап, беттің арын белге буып, тіршілігімді жасай бердім.


Үш жыл бет көріспей кеткен аға-жеңгеммен Рамазан айында татуластық. Олар да өз қателігін түсінді-ау, мені үйіне шақырып, қонақ етті. Арадағы мұз еріп, тоң жібігендей болған. Тойына бара алмаған інім мен келінімді мен де үйге шақырып, сый-сияпатымды табыстап, көңіл орнына түскен.


Бірақ тұп-тура төрт жыл өткенде інім мен келінім алматыдағы достарының тойына бара жатып апартқа ұшырап, екеуі бірдей жан тапсырды. Дәл менің күйеуім қайтыс болған күн еді, ағам мен жеңгем аһ ұрып, қайғырды да қалды. Арттарында кішкентай қыздары қалды.

Оның жылағанын көрген сайын «осыларға менің қарғысым өтіп кетпеді ме» деп іштей жаман болам. Қазір күні-түні Құдайдан кешірім тілеп, қарғысымның бір ұшы екі балама тиіп кетпесе екен деп қорқып жүрмін. Ауыздан шыққан әр сөзге абай болмасаң қиын екен...»