​«Үйлену үшін үйді банкке қоймақшы»: Баласының несиеден көз ашпайтынын айтқан әжей жылап қалды

0
2 267

"Телефон, киіміне дейін кредитке алады..."


​«Үйлену үшін үйді банкке қоймақшы»: Баласының несиеден көз ашпайтынын айтқан әжей жылап қалды

Несие деген бүгінде көпшілік отбасының тұрмысына дендеп кіріп алғаны жасырын емес. Бар шаруасын несиемен тындырып, банктің берген қарызынсыз қадам баспайтындар саны күн сайын артпаса кеміп жатқан жоқ. Оның үстіне несиенің жарнамасы да озып тұр.

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда несие алушылардың саны да, банкке қарызы да жылдан жылға артып келеді екен. Берешегі көбейген шаңырағының берекесі кетіп, қарызбен күн кешіп жүрген бала-шағасының жағдайын Түркістан облысының тұрғыны, қарт әже ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берген болатын.

- Кредит деген бәлені білмеуші едік. Әрі кетсе, қарыз алып, ертерек құтылуға асығатынбыз. Қазіргі үйдің берекесін кетірген мына несиелерді ойласам түнімей ұйықтай алмай шығамын. Тірі болған соң, көзің көріп, құлағың естіп отырған соң қалай білмейсің? «Мән бермеңіз, өзіміз шешеміз» дейді де, төлей алмай қарызға батады. Ондайда зейнетақыңды бересің. Қалай шыдап қарап отырасың?, - деген 76 жастағы әжей ауыр күрсініп алды.


Алты перзентті дүниеге әкеліп, 41 жасынан бері оларды жалғыз бағып-қағып жеткізген ол бүгінде несиеге тәуелді боп қалған ұлы мен келініне көңілі толмай отыр.

- Қолдағы балам қазір кредит алып әбден үйреніп қалған. Бәрін несиеге алған. Ай сайын несие төлейтін күндері келгенде келін екеуі ұрысып алады сол үшін. Әйтпесе, екеуі де жұмыс істейді, азды-көпті жалақысы бар. Бала-шағасын бағуына жетеді ғой. Есік алдында малы бар, бөлек табысы және бар. Үйде несиеге алынған зат толы. Ең ақыры, келін барып киімге дейін қарызға алатын болды осы күні.

Елдің аузында осындай қарызын төлей алмай үйінен айырылыпты, өзіне қол жұмсапты дегенді естиміз. Сондай жағдай бола ма деп зәрем ұшып отыратын болыппын қазір, - деген әжей енді немересі үшін де алаңдаулы.


Айтуынша, немересінің тұңғышы үйленгелі отырған көрінеді. Оған дайындығы жоқ баласы мен келіні үйлерін кепілге қойып, қомақты сомада банктен несие алмақ екен.

- Әкесі өлерінің алдында даңғарадай етіп қызыл кірпіштен биік те кең үй салып беріп кеткен. Енді немеремді үйлендіру үшін сол үйді кепілге қойып 5 миллиондай несие алмақшы. Қалыңмалы, тойын бірге жасамақ боп жоспарлап қойыпты. Шалымнан қалған үйді өлсем де банкке бермеймін деп мен келіспей отырмын.

Онсыз да бастарында мың сан кредит, төлей алмағанда менің азын-аулақ зейнетақымды сұрайды. Қарап отырып қалай бермей отырамын? Қолымдағы барын ұстатып жіберемін де, өлген-жіткенге барарда қиналып қаламын. Дәрі-дәрмегім онда бар. Өздері жеткізе алмай отырғанда қалай ақша сұрайсың балаңнан?

Меншігіндегі жердің бәрін сатып түгесті. Енді келіп қалғаны жалғыз үй еді, әкесінен. Одан айырылып қалса бес баласымен далада қалады ғой?!

Соған енді бала да, келін де, немереме дейін өкпелі маған. Келін мүлде сөйлеспей жүр. Немерем «менің бақытты болғанымды қаламайсыз ба?» дейді. «Несиеге қатын алып бақытты болмассың» дедім.

Ол да табыс тауып, бір малын екі қылудың орнына оқудан бос кезінде телефонға қарап жатады да қояды. Бала болып әкесіне көмектесіп жатса бір сәрі. Әлі оқуын да бітірмеген. Алатын қалыңдығы оқуға енді түсіпті, онысы ақылы екен. Сөйтіп жатып үйленсе, қалай асырайды отбасын? Несие ала ма ол да? Онсыз да қолындағы қымбат телефонын әкесі несиеге әперген, - дегенді күйіне айтты әжей.

"Отбасымыздан береке кеткен, дастарханның басында да сол кредиттен құтылу немесе кередит алу болады әңгіме" деген әжей ұлының бұрын да біраз қарызға батқанын айтады.

- Қайбір жылы осылай кредит алып төлей алмай қалып әбден әуре-сарсаңға салған. Ол кезде де осы үйді кепілге қоймақ болғанда әйтеуір әупіріммен қалдырып едім. Әпкелерінен көмек жинап, қарызынан құтылғанбыз. ОНысын қайтарған да жоқ, керісінше қазір тағы несиеге батып отыр.

Балам да, келін де сол несиенің кесірінен жүйкелері жұқарған. Бала-шағасының қажетінен бұрын несиені ойлап түн ұйқылары қашатынын да сеземін. Тапқандарын банкке құйып саусақтарын сорып отырады.

Әу, одан да алған несиеңнен құтыл да, сосын тек тапқаныңды жаратпайсың ба? «Тарта жесең тай, қоя жесең қой қалады» деген бар. Біршама қанағат қылса, банкке мұқтаж болмас еді деймін де..., - деп күрсінген әжей жасаураған жанарын жаулығының ұшымен сүртіп алды.


"Өлсем, сол үйді де несие алып құрта ма деген уайым жеп барады" деген әжей уайымнан денсаулығы да кері кетіп бара жатқанын айтады...

иллюстрациялық суреттер ашық дереккөзден алынды


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қайтыс болған қайынатам қарызға батырып кетті»: жамбылдық келіншек жанайқайын айтты


«Өлсем де әскерге жібермеймін»: Алматылық азамат қиын жағдайдан қалай шығарын білмей отыр