​«Үйдің артына сүйреп апарып зорлап, тонап кеткен»: алматылық келіншекке өзін қорлаған адам хабарласып жүр

0
3 833

«Түрмеден шығып, кездесуге шақырады»


​«Үйдің артына сүйреп апарып зорлап, тонап кеткен»: алматылық келіншекке өзін қорлаған адам хабарласып жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Осыдан төрт жылға жуық уақыт бұрын Алматыда екі баланың анасы зорлық-зомбылықтың құрбаны боп, бір өлімнен аман қалып еді. Сот қорғансыз әйелге күш көрсетіп, көшеде зорлап кеткен еркекті кінәлі деп тауып, бас бас бостандығынан айырған. Күні кеше ERNUR.KZ редакциясына жәбірленген әйел хабарласып, қазіргі жағдайы туралы айтып берді.


«Мен ол адамды бұрыннан танитынмын. Екеуміз бір мекемеде жұмыс істедік. Өзі жылпостау, қыз-қырқынға қырғидай тиіп, орынды-орынсыз әзілдермен мазаны ала беретін. Менің ажырасып кеткенімді біліп алған соң, тіпті басынып кетті. Жұмыста жөн-жосықсыз қол жүгіртіп, үйге дейін артымнан қалмай аңди бастады. Сол себепті қызметтен кетуге мәжбүр болдым. Ол адам басшымыздың алыс туысы боп келетін, үстінен шағымданғаннан пайда жоқтығын түсіндім.


Көп ұзамай екінші бір мекемеден мамандығыма сай жұмыс табыла кетті. Ол да аңдуын тоқтатқан-тұғын. Мәселенің оңай шешілгеніне қуанып, тіршілігімді жалғастырып жүргем. Бір күні қыздарымның мектепке киетін киім-кешегін түгендейін деп базарға бардым. Өзім түс ауа шыққам, керек заттарды таңдап жүргенімше кеш болып қалыпты. Аялдамадан түссем қас қарайып қалған екен. Көпқабатты үйлердің арасымен жүріп келе жатқам, кенет «Әлия» деген дауысқа кілт тоқтадым. «Не болды, көрінбей кеттің, әлде мені ұмытып кеттің бе?» деп артымнан сол адам аңдып келеді. Сөйлеспегенім дұрыс деп тез-тез жүріп бара жатқам, артымнан қуып жетті де, үйдің артына қолымнан сүйреп апарып, ойына келгенін істеді.


Екі сағаттай тыным берген жоқ. Жалындым, тіпті аяғын сүйіп «Аяй гөр, айтқаныңның бәрін орындаймын, бірақ маған тиіспеші» деп жалбарындым. Бірақ ол оны елеген де жоқ. «Мен ешбір қатыннан отказ алып көрмегем. Мені менсінбей, қашып кеткеннің қандай болатынын көрсетейін» деп ұрып-соғып, зорлады. Ақырында үсті басын реттеп, қалтамдағы ұялы телефонымды, құлағымдағы алтын сырғам мен жүзігімді шешіп алып, ізін суытты.


Ал мен бір сағаттай тұруға шамам болмай суық жерде жатып қалдым. Абырой болғанда бір орыс келіншек итін «тосуға» келген екен. Қарлығып қалған даусыммен әлгі әйелді әрең шақырып алдым. Ол кісі дереу жедел жәрдем мен полиция шақыртып, көрген-білгенін айтып берді.


Өзім астма ауруымен ауырамын, сәл ашулансам, бірдеңеге уайым жесем, ауа жетпей қысылып, тіпті кейде талып қаламын. Бұл жолы да солай болды, қаумалаған адамдар мен форма киген полицейлерді көргенде демікпем ұстап, бір өлімнен қалдым.


Арымды таптаған ол адамның үстінен іс қозғалды. Зорлау және бөтеннің мүлкін тонау баптары бойынша үстінен іс қозғалды. Негізі заң бойынша ұсталған адамның қылмысы дәлелденсе, зорлағаны үшін бес жылға дейін, тонағаны үшін жеті жылға дейін жаза мерзіміне кесілуі тиіс болатын. Бірақ сот мені қорлаған адам аса қиналмады, аз мерзімге қамалды.


Сотқа дейін де талай нәрсені бастан кешірдім. «Балама кешірім бер, үш миллион теңге төлейміз» деп анасы мен бауырлары алдыма келді. Шешесі инвалид екен, «Отбасылы еркек қой, қара басып қалыпты. Балаларынан обал» деп қайта-қайта жылап келе берген соң айтқан сомасын алып, арызды қайтарып алсам ба деп ойлағам. Бірақ уәдені үйіп-төккен шешесі 500 мың теңгені ұстатты да, қарасын батырды. Қалған ақшаны сұрағанымда «Не істейсің, барымыз осы. Соттатып жіберсең мұны да алмайтын едің ғой. Риза бол да, артыңды қыс. Саған бергенше сотты сатып алғанымыз артық» деп өзгеріп шыға келді.


Сотта әлгі оңбаған елдің көзінше маған айқайлап, «Осыдан аман қалайын, сені толпа боп зорлаймыз» деп қорқытты. Бірақ сот оны кінәлі деп танып, екі жыл алты айға түрмеге жапты. Мен бұл Үкіммен келіспедім, себебі маған көрсеткен қорлығының өтеуі одан көп еді. Мал ұрлаған, біреуді балағаттаған адамдар 3-4 жылға қамалып жатқанда, екі сағат бойы көшеде азаптап, артынан тонап кеткен адамға тым жеңіл жаза емес пе? Бірақ қанша шырылдасам да соттың Үкімін өзгерте алмадым, апелляциялық шағымым өзгеріссіз қалдырылды. Бір Құдайға тапсырдым да, екі қызымның бақыты, тыныштығы үшін бұрынғы тіршілігімді жалғастыра бердім.


Міне, енді арада үш жылдан астам уақыт өтті. Болған оқиғаның, өткен күннің жарасы енді жазыла бергенде, сол оңбаған қайта есіме салды. Түрмеден босап шығыпты. Мені қайдан тапқаны белгісіз, бұрынғы пәтерден көшіп кеткем. Телефон соғып, кездесуге шақырып тұр. «Кездесейік, саған айтар әңгімем бар, қорықпа, тиіспеймін» дейді. Ал менің санамнан «сені толпа боп зорлаймыз» деген сөзі кетер емес. «Мен сізді танымаймын, нөмірден қателестіңіз» деп қоя салдым. Енді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым. Тап қазір алдымнан шығып, зорлап кетердей үрейдемін.


Достар, көмектеріңіз керек, ол адамнан құтылудың қандай да бір жолы бар ма? Өмірімді лайлаған адамнан қашанғы қорқып, қашып өмір сүремін, шаршап кеттім...»