«Үйді өртей салам»: шымкенттік келіншек күйеуінің үш баласы бар әйелмен қалай байланысқанын айтты

0
1 683

«Өз қызынан қашып, біреудің балаларын бағып отыр. Тәп-тәуір жұмысынан шығып кетіпті»


«Үйді өртей салам»: шымкенттік келіншек күйеуінің үш баласы бар әйелмен қалай байланысқанын айтты

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Дуа, сиқыр дегенге сенгіміз келмесе де, өмірде қара магияның күшімен отбасынан, денсаулығынан, тіпті бар байлығынан айырылып қалған жандар турады жиі естиміз. Шымкенттік Айжан есімді келіншектің тәп-тәуір күйеуі қазір ата-анасын, жан жарын, жаңа туған қызын тастап, үш балалы әйелдің үйіне кіріп алыпты.


Отбасындағы ауыр жағдайды Айжан ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Өзім Қызылорданың қызымын. Былтыр осындай уақытта Нұрсұлтан екеуміз үйлендік. Екеуміз достарымыздың тойында танысқанбыз. Танысқанымызға бір жыл толған күні беташарымыз болды. Бір айдан кейін ата-енем дүркіретіп тұрып тойымызды өткізіп берді. Содан біз еншімізді алып, қалаға келіп тұрдық. Мен әлі студент едім, төртінші курсқа енді өткен кезім, сабақтан тыс уақытта компьютерлік орталықта жұмыс істеймін. Күйеуім оқуын бітіріп, бір басқармада қызметтік көлік жүргізетін.


Тұрмысқа шыққан соң үш айдан кейін аяғым ауыр екенін білдім. Сол кезде күйеуім қатты қуанған. Айтқанымның бәрін орындап, бар еркелігімді көтеріп, күнде кешкісін болашаққа жоспар құрып, әлі дүниеге келмеген баламызға ат таңдап, алдағы өмірін елестетіп отыратын. Өзі негізі көп сөйлемейтін, мінезі ауыр жігіт. Бірақ балалы болатынын білгенде ерекше сөзшең, әзілқой боп кетті. Бұрын отырыс, жиын дегендерге көп бара бермейтін, у-шуды жақтырмайтын. «Жүр, қыдырып қайтайық» деп мені танымайтын достарының ортасына ертіп баратын. Жүктілігім мазалап, тамаққа тәбетім тартпай, көбіне үйде қалғанды құп көретінмін. «Өзің бара берші, бүгін басым ауырып тұр» деп еш күдіктенбестен күйеуімді достарына жалғыз жібере беруші едім. Сөйтсем апта сайынғы қыдырудың соңы өкінішпен аяқталды.


Айым-күнім жетіп, дүниеге қыз әкелдім. Босанар сәтте Нұрсұлтан жанымда болмады. Бастығымен бірге іссапарға кеттім деген. Перзентханаға бір-ақ мәрте келді. Бұрынғыдай өбектеп, сағат сайын телефон соғу жоқ, кілт өзгеріп сала берді. «Бізді бүгін шығарады, келіп әкетесің бе?» деп қайта-қайта айтып жүріп, әрең шақыртып алдым.

«Қызым маған ұқсамапты» деп ернін сылп еткізді де, үн-түнсіз үйге әкеп тастады. Сол күні үйге қонған жоқ. «Жұмысым көп, күтпеңдер» деді. Жас босанғаным, әлі бала қарай алмайтыным бар, күйеуімнің бірден өзгеріп кеткені де жүйкеме әсер етіп, күні-түні жылай беретінмін. Енем келіп қарасады, бірақ ол кісі баласына шаң жуытпайды, «сендерді асыраймын деп жүр ғой, мазасын алма» деген сөзді жаттап алған.


Бір күні Нұрсұлтан үйге ішіп келді де, «Мен сендермен тұрмаймын. Ешқайсысың керек емессіңдер» деп төбемізге жай түсірді. «Есің дұрыс па, не айтып тұрсың, балам, ақылға кел, не проблемаң бар, бізге айт, бірлесіп шешейік» деп енем сөзге араласып еді, «мені балам демеңіз, мен сіздерге бала емеспін, артымнан іздеп шықпаңыздар» деді де, киімдерін асығыс жинап, шығып кетті. Оның бұл сөзіне енем жылап, мен үнсіз егіліп қала бердік. «Ішкен адам не демейді, ертең келер өзі» деп енем мені баспақшы болған. Шыдай алмай ауылдағы қайынатама телефон соқтым. Ол кісі дереу қалаға келіп, інісінің балаларын араға салып, Нұрсұлтанның жүрген жерін тауып алыпты. Тәп-тәуір жұмысынан екі апта бұрын өз еркімен шығып кеткен екен. «Сайрам жақта тұрып жатырмын» депті.


Ата-енем, қайынағам күйеуімді іздеп, артынан барса, күйеуім бөтен біреудің үш баласына қарап, түк болмағандай теледидар көріп отырыпты. «Иттің баласы, өз балаңнан жерініп, бөтен біреудің баласын бағып отырсың ба, мен саған көрсетейін» деп атам қуып жүріп сабапты. Сосын қол-аяғын байлап, қызым екеумізді қосып, бәрімізді ауылға алып кетті.


Ауылға келгенде көргенім, баяғы Нұрсұлтан жоқ, жайнап тұрған көздері сөніп қалған. Бір нүктеге қадалып отыра береді. Бір уақта өзінен өзі әңгіме айтып, «Қашанғы қамап ұстайсыңдар мені? Осыдан жібермесеңдер, мына үйді өртей салам. Мен бәрібір бұл үйде қалмаймын» деп айқайлап күледі.


Бұл жағдайды көрген соң енем аудандағы Кәмила деген емшіні үйге шақыртты. Ол кісі күйеуімнің жағдайын көрді де, «Мына баланы босатып, еркіне жібере салыңдар. Дуа өтіп кеткен, көзіне әлгі әйелден басқа ешкім көрінбей тұр. Миы уланып қалған. Соған бару үшін біреуіңді жарақаттап, майып қылуы мүмкін» деп кетіп қалды.


Одан кейін шақырмаған тәуіп, балшы қалған жоқ. Бәрі «Дуаланған, қайтарамыз» деп бірдеңе істеп кетеді, бірақ одан пайда болмады. Ақырында «біздің күшіміз жетпейді екен» деп ешқайсысы жоламай қойды. Тамақ ішпей, күндіз-түні жылай берген соң әке-шешесі Нұрсұлтанды еркіне қоя берді.


Міне, оның кеткеніне 4-5 ай болды. Звондасаң телефонын алмайды не қызын келіп көрмейді, бізді ұмытты. Бәрі жақсы боп кетер деп бұл жағдайды төркініме айтпағам. Енді күні кеше «Ертең құжаттарыңды алып, сотқа кел, ажырасуға арыз тастаймыз» деп звондап тұр. Күйеуімнің басын дуалап алған әйелмен сөйлестім, «күйеуімде нең бар, кішкентай қыздан обал, қайтаршы, саған ақша керек болса бүкіл алтынымды берейін, кредит әперейін» деп жалындым. «Мен ештеңе білмеймін, дуалаған жоқпын, біздікі махаббат» деп бет бақтырар емес.


Болмағасын ажырасуға арыз бердік. Күйеуім ішімдікке салынып кеткен сияқты, азып-тозып кеткен. Бір жыл бұрын мен сүйген, маған ессіз ғашық болған күйеуім жоқ. Ажырасуға арыз тастаған соң амалсыз төркініме хабарладым. Әке-шешем ауылға келіп, айтысып-тартысып жүріп мені өздерімен бірге әкетіп қалды. Қазір Шымкенттемін, көктемге дейін әпкемнің үйінде тұрып, дипломымды алуым керек. Одан кейін қайда барарымды, кімнен көмек сұрарымды білмеймін. Кішкентай қызыммен аяқтан тұрып кетуім де қиын сияқты. Сенген адамдарым сатып кеткесін бұл өмірдің мәні де қалмайды екен. Бір күні есін жиып, алдыма қайтып келер деген үмітпен күнім өтіп жатыр...»