​«Шаршадым, жиіркенемін...»: қызылордалық әйел көрші тұратын әжейдің мүшкіл халде жатқанын айтады

0
2 977

«Немере келіні әжені адам ғұрлы көрмейді»


​«Шаршадым, жиіркенемін...»: қызылордалық әйел көрші тұратын әжейдің мүшкіл халде жатқанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құрметті ERNUR.KZ ұжымы! Сіздердің сайттан өмірден алынған, көңілге түрлі ой салатын оқиғаларыңызды оқып отыратын тұрақты оқырманмын. Мен де көрші үйдегі жағдайды баяндап, көпшіліктен кеңес сұрағым келді. Халықтан асқан дана жоқ, жұрттың ақылын тыңдап, ойын білсем деген ниетпен жазып отырмын. Көршінің сырын жария етті деп аса сөкпеңіздер».


ERNUR.KZ редакциясына уатсап арқылы осындай хат келді. Қызылорда облысынан Айнагүл деген оқырманымыз жазыпты...


«Көрші үйдегі Мінайым әжені сондай жақсы көремін. Сексен алтыға келді, кешегі күнге дейін таяққа сүйеніп, үйге өзі кіріп-шығатын. Ковидпен ауырды да, буындары істемей, қазір төсекке таңылып қалды. Өзім әжемнің тәрбиесінде өскен, қарттарды ерекше жақсы көретін адаммын. Әжем қайтқанда «енді сізді әже дейінші» деп осы кісінің қойнында өксіп-өксіп жылап алғам. Содан бері бұл кісі де маған жақсы қарайды. Күніне бір мәрте үйден бір тостақ ауқатымды, тәттілерімді апарып, жегізіп қайтамын. Кейде «Айналайын, келдің бе, дәрет қыстап жатыр ем, көмектесші» деп жылап жібереді.


Мінайым әже отыз екісінде бес баламен жесір қалған. Үш қызы, екі баласы бар. Үлкен қызының өзі қазір жетпіске таяп қалған, Астанада, немерелерінің қолында тұрады. Екінші қызы Шымкент жаққа тұрмысқа шыққан. Кіші қызы аптасына бір мәрте келіп, шешесінің халін біліп кетеді. Ал келіндерінен қайран жоқ. Бұрын бұл үйде үлкен келіні тұрған. Қан қысымы бірден көтеріліп, қайтыс боп кетті. Кемпірі қайтқан соң еркек оңа ма, екі жылдан соң қалалық бір әйелге үйленді де, үйді үлкен ұлына тастап кете барды. Яғни әжеге қазір немере келіні қарап отыр. Қарап отыр дегенім аты ғана, әжені адам ғұрлы көрмейді.


Көрші келіншек мектепте мұғалім боп істейді. Өте салақ, өз балаларына қарауға ерінеді, байғұс балалар бірде аш, бірде тоқ. Ондай адамның кемпірге жаны аши ма? «Осы-ақ не өлмейді, не қоймайды» деп жамандайды да отырады.

«Айналайын, Мақпал, қария деген қазына ғой, сол кісінің жасын берсін, батасын алсайшы, бір уақ қайнатпа сорпа істеп бер, шекесі жіпсіп ішіп алсын» деп талай мәрте айттым. «Өз балаларына керек болмаған, маған керек дейсіз бе? Бәрі маған ысырып қоя салды. Қыздары, келіні үйіне апарып бақса болады ғой» деп шамданады.

Негізінде әжені Шымкенттегі қызы әкетем деп талай мәрте келген. «Өлсем сүйегім осы үйден шығады. Күйеу баланың қолына қараған күнім құрысын. Тағдырдың басқа салғанын көрем де» деп бармай қойды.


Өткен жұмада жеті шелпегімді пісіріп, үшеуін пакетке салып, әженің үйіне бардым. Барсам жылап жатыр екен. «Келін астымды тазаламай кетті. «Әже, мен шаршадым, жиіркенемін. Иісіңізден ұшынып өлетін болдым, қазір Марат келіп, өзі тазалап алады, сабаққа кешігіп жатырмын» деп кетіп қалды. Оны да түсінуге болады, жас қой әлі. Бүйтіп біреудің қолына қарағанша өлгенім артық еді. Немере балама әуретімді қайтіп көрсетем. Айнагүл, осы мені қарттар үйіне алмас па екен, сенің көзің ашық қой, сөйлесіп көрші» деп үмітпен жәутеңдеп қарап қалыпты. «Әже, қарттар үйін қайтесіз, сізге өзім қараймын. Соғұрлым баламмен үйде отырмын» деп жұбатып, астын тазалап бердім.


Бірде шай үстінде көрші әже «Жарықтық атам жақсы адам еді. Мені ерекше жақсы көрді. Әр шайдан кейін «көп жаса, келін» деп бата беруші еді» деп қалды. Мұны естіген немересі «Атамыздың тілегі қатты қабыл болған екен да» деп қарқылдай күлді. Үйде әженің Қызылордада тұратын қызы да отырған. «Айтпа, аузы дуалы екен» деп қосыла күлді. Бірақ өз басым мұны әжені кемсіту деп түсіндім. Шешесінің ұзақ жасағанын мазақтағандай, астарында «ұзақ жасап кеттің» деген мысқыл тұрғандай көрінді.


Күйеуіме «көрші әжені қолымызға алайықшы» дегем. «Алайық, балалары келісе ме екен» деп сұрап жатыр. Осы күні әжені үйіме әкеп, шомылдырып, кірлеп кеткен киімдерін жуып, үтіктеп, жылы-жұмсағын алдына тоссам деп қиялдап кетемін. Аптасына бір жуындырмайды, үстінен жағымсыз иіс шығады. Бұрын өте таза жүретін, төсекке таңылғалы бейшара күйге түсті. Бір кемпір бес баланы тірнектеп жүріп жеткізіп еді, енді бес баласы мен немерелері бір кемпірді дұрыстап баға алмай отыр. Бірі кем дүние-ай...»