«Өмір бір-ақ сәтте тәубеме келтірді»: шымкенттік жігіт өкінішін білдірді

0
4 482

Ол "Уақыт қайта айналып келсе басқаша өмір сүрер едім" дейді өкініп... Ол неге өкінеді? Оқыңыз...


«Өмір бір-ақ сәтте тәубеме келтірді»: шымкенттік жігіт өкінішін білдірді

Бір-ақ сәтте, бір минутта-ақ адам өмірі 180 градусқа бұрылып кетуі мүмкін. Оңға, әлде теріс бағытқа бұрылатыны пенденің сол сәтте айтқан сөзі мен әрекетіне байланысты.

«Өкінбес үшін ашуланып тұрғанда ауызды да, қолды да әрекетсіз қалдырған дұрыс екен», - дейді шымкенттік Асылхан есімді азамат.

Оның алаңсыз өмірі бір-ақ сәтте өзгеріпті. Сол кезде ұстамдылық таныта алмағанына енді өмір бойы өкінетінін айтты ол.


Асылхан сол бір сәтті есіне алып, басқаларға сабақ болсын деген мақсатта ойландырарлық оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Анамның үнемі ешнәрсеге көңілі толмайтын. Оның әпке-сіңлілері қалада тұрады. Солармен өзін салыстырып, «қалаға көшейік» деп әкемнің құлағының құрыш етін жейтін. Әкем бажаларының көмектесуімен қаладан тұрақты жұмыс тапты. Әлі тұрағы да жоқ әкеммен бірге анам да кетем деп киімдерін жинап жатқанда әжем қарсы болды.

Үлкеннің батасын алмай жолға шыққаннан ба, әлде әжем қапа боп анама «қайтып келме» дегенінен бе, сол күйі олар оралмады. Қалай болғаны белгісіз, білетініміз әкемнің жигулиі үлкен жүк көлігімен соқтығысқан. «Жедел жәрдем» жеткенше әкем көз жұмса, ал анам аудандық аурухананың жансақтау белімінде екі күн жатып, ол да әкемнің соңынан кете барды.

Сыныптағы әкесі жоқ бір баланы «әкесі жоқ», «мамасының еркесі» деп мазақтайтын мен бір күннің ішінде ата-анасыз тұл жетімге айналатынымды ойлаппын ба десеңізші.

«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген рас қой, бір айдан соң аяқ астында жүрегінің ауырғанын айтқан әжем де бізді тастап, қайтпас сапарға аттанды. Әпкем екеуміз әкем мен анамның суретіне қарап күні бойы жыласақ, ал түнде әжемнің жастығын құшақтап жылап жатып ұйықтайтынбыз.

Бір күні көрші ауылда тұратын көкеміз бен жеңгеміз келді. Әкемнің туысқан ағасы ғой. Бізді жанашыр ешкіміміздің жоқ екенін біліп, әжемнен қалған үйді иелену үшін әпкем екеумізден құтылуды ойлады. «Ебін тапқан екі асар» демекші, жолын тауып мені қаладағы жетімдер үйіне тапсырды. Ал әпкем 19 жаста болғандықтан, оны жетімдер үйі қабылдамады. Сондықтан да әпкемді әдейі түртпектей беріп, үйден кетіруге әрекеттенген.

Олар дегендеріне жетті. Әпкем қалаға, анамның бір сіңлісінің қолына келді. Маған келген сайын «Алып кетші» деп жылайтынмын. Алдынан жылап шығатын мені қатты аяп, әпкем мен үшін құрбандыққа барарын білмеппін.

Әпкем жетімдер үйінің директорымен сөйлесіп, мені алып кетпек ойын айтқанда, жанұялы болу керек екенін, күйеуінің жұмысы, жалақысы, баспанасы бар және сотталмаған т.б. тиісті анықтамаларды талап етіпті. Талапқа сай отбасылы болу үшін әпкем өзі сүймейтін адамға тұрмысқа шығады. Бұның барлығын кейін әпкемнің өз аузынан естідім ғой. Әпкем табан астында шешім қабылдап, сүймеген адаммен тағдырын қосақтап, оның жары атанып шыға келген.

Фото: nypost.com

Жездемді бұрын көргенмін, ол анамның сіңлісінің қайнысы. Екі рет ажырасқан, әпкемнен әлдеқайда үлкен адам. Әпкем мені жетімдер үйінен алып кету үшін сол еркекке тұрмысқа шыққанын олармен бірге тұрғанымда ғана білдім.

Әпкем мен жездемнің қолында сегіз-тоғыз жылдай уақыт тұрдым. Күйеуін сүймесе де, мен үшін амалсыздан оның дөрекілігіне, жуан жұдырығына шыдаған әпкемді аяйтынмын. Жездем қатты қызғаншақ еді. Бүйректен сирақ шығарып, әпкемді көзсіз қызғанатын. Қызғаныштан ұрып-соғатын. Араша түскен маған жездем жекіріп ұрысқан күндері үйден кетіп қалатынмын. Көшедегі бұзақы балаларға қосылып, бірнеше ай үйге бармай қойған кездерім де болған. Әпкем жылап жүріп, мені үйіне қайтуға көндіретін.

Жездемнің әпкемді қызғанып ұратыны болмаса, обалы не керек, маған қол көтермеген. Үйін паналатып отырғанын немесе ас-ауқатын, әперген киімдерін міндет етпеген. Ішпесе жап-жақсы адам. Салынып та ішпеуші еді. Той-томалақ, отырыстарға әпкеммен бірге барып келгеннен соң, әркімнен бір қызғанып ашуланатын да ішетін. Ішкен соң әпкеме жұдырық жұмсайтын. Ертеңіне есін жинаған соң, әпкемнен де, менен де кешірім сұрап, ішімдікті қайтып ауызға алмауға уәде беретін.

Осылай әпкем мен жездем бірде тату, бірде қату боп, уақыт сырғып өте берді. Әпкем екі баланың анасы атанды. Мен мектепті бітірдім. Оқуым, жұмысым болмаған соң, көп қыдыратын болдым. Жездем мен әпкем маған жұмыс іздестіріп әуре. Ал мен олардың тауып берген жұмысын істегім келмей, жұмыс орнының ұсынған жалақысына көңілім толмай, шығып кете беретінмін. Айналамдағы өзім қатарлы балалардың бақуатты өміріне қызығып, жетімдікпен өткен тағдырыма нала болатынмын.

Қазір ойланып отырсам, әпкем мен жездем маған жетімдік өмірдің кермек дәмін сездірмеуге шамалары келгенше тырысқан екен ғой. Ал мен олардың қамқорлығына ешқашан риза болмаған екенмін. Анамдай болған әпкеме бір рет болса да «рахмет» деп айтпаппын. Мен үшін кез келген қиындыққа басын тігуге әзір болған әпкемді тыңдамай, бұзақы балалармен достасқаныма өкінемін. Достасып қана қойған жоқпын ғой, оларға еріп елітетін шөп те шектім. Ұрлық жасап, қараңғыда оңаша кездескен жастың да, кәрінің де қорқытып ақшасын тартып алып жүрдім. Ойланып отырсам, мұндай жолға тағдырыма налығандықтан, өз өміріме риза болмағандықтан барған екенмін. Әрине, кім адаспайды десеңізші. Дер кезіңде ақылға келіп, қателігімді түзеуге ұмтылуым керек еді.

Түзу жолға салмақ болған әпкем мен жездемді тыңдаудың орнына оларға қарсы шықтым. Соңында не болды? Өз өміріме өзім балта шаптым.

Сол күні елітетін шөп шегіп алған едім. Үлкендік ақылын айтып, тәрбиелемек болған жездеммен ерегістім. Орнынан түрегеле берген жездем мені ұрмақшы деп ойладым да бар күшіммен оны итеріп жібердім. Кафельді жақтауға, яғни асүйдің қырлы қабырғасына басымен соғылған жездем тілге келмей, мерт болды. Көзді ашып-жұмғанша не болып, не қойғанын түсінбей, жездемнің өлгеніне сене алмай, делқұлының күйін кештім.

Әлгінде ғана қарсы алдымда ақылын айтып отырған жездем еденде жатыр. Бірер минут бұрын ғана еліріп тұрған мен сайтанын бақсы қағып алған адамдай үн-түнсіз екі иығым салбырап отырмын...

Бір сәтте-ақ қылмыскер атанып, темір торға қамалдым. Кім ойлаған десеңізші! Иә, егер, әр қадамымды ойланып басып, әр істі, оның соңы не болар екен деп ойланып істесем, жастық шағым түрмеде өтпес еді.

Нағыз жалындап жұмыс істеп, білім алатын шақта көше кезіп, уақытымды босқа өткізім алғаныма өкінемін. Отбасы құрып, жар құшып, бала сүйетін жаста темір торда өткен жылдарымды еске алсам жылаймын.

Қазір жалғызбын. Істі болғанымды естігендер теріс айналып қашады. Әпкем екінші рет тұрмысқа шыққан. Күйеуі жақсы адам. Әпкемнің өміріне зиянымды тигізбес үшін өзімді барынша аулақ ұстап жүрмін.

Уақыт қайта айналып келсе ғой, шіркін! Мен басқаша өмір сүрер едім. Әттең-әттең, бәрі де кеш...»


Асылханның оқиғасы адамның бүкіл ғұмыры бір сәтке байланатын кез болатынын, түрлі эмоциялық жағдайларда ұстамды болған жанның өкініші аз болатынын ұқтыратындай. Ал оқырман, оқиғадан сіз қандай ой түйдіңіз?


Ұқсас оқиғалар:


«Досым көп дегендерге сенбеймін»: алматылық азамат себебін айтты


«Күйеуі жоқтарды көп кемсітетін еді»: алматылық әйел неге астамшылық жасауға болмайтынын айтты